Жаңалықтар

Кожа Ахмет Ясауи

Кожа Ахмет Ясауи туралы
06.09.2014 11:08 5248

Қожа Ахмет Ясауи өлерінен бұрын өзінің маңайында жүрген ғұламалар мен шәкірттерін жинап, өзінің бұл дүниеден кетер уағы таянғанын айтады. Сонда біреуі тұрып: «Сізді кім жаназаласын» деп сұрапты. Сонда Ясауи: «Менің жаназамды шығарып, мәңгілік жайыма жайғастыратын адам, өзімнен бір де кем емес, тақуалығы елден асқан, қайырымдылығы, жүрегінің ақтығы мол жанға бұйырады. Ол күннің батысынан келеді» деген көрінеді. Айтқанындай, Қожа Ахмет бұл дүниемен қош айтысқан күні оның шәкірттері мен маңайындағы тақуа, сопылар «Ясауиды жаназалауға күннің батысынан қара бура мінген адам келеді» деп жолға қарап, сарылып күткен. Айтқанындай күннің батыс жақ бетінен қара бурасымен жер-дүниенің шаңын бората шауып біреу келеді. Оны келген бетте ел таниды. Ол Қожа Ахметтің бірге оқыған досы, бірге жүрген серігі Ақтан сопы болған.  

Ясауиды жаназалайтын адам ерекше таза, дін жолындағы тақуа болуы қажет қой. Ақтан сопының тазалығы да сондай құрметке лайық болған. Осылайша, Ясауидің өсиетін Ақтан сопы орындаған.

Т. Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» атты кітабында: «Тама Қарабура әулие (батыр) өте әруақты, әулие және батыр кісі болған дейді. Оны мына аңыз әңгімеден байқауға болады: Қожа Ахмет Ясауи өзі өлер алдында Қарабура батырға өзінің өлетінін кереметімен білдіріп, мәйітін өзі қалаған бір жерге (Түркістанға) апарып жерлеуді оған аманат етіп тапсырыпты дейді. Бұл жағдай туралы Қожа Ахмет Ясауи өзінің туыс-отбасына:

 - Мен көз жұмып, бұл фәниден кеткен соң денем суымай тұрғанда қара бураға мінген бір диуана-шейх адам келіп мені алып кетеді де апарып, тазалап жуып, кебін кигізіп жерлейді. Ал сендер оның қолын қақпаңдар және онымен тілдесіп ештеңе сұрамаңдар, - деп тапсырыпты дейді.

Айтқанындай Қожа Ахмет өлген соң Қарабура түр-түсін өзгертіп бураға мініп келіп мәйітті алып кетіпті. Оның кім екенін ешкім танымайды, онымен ешкім тілдеспейді. Сол кеткеннен мәйітті апарып қазіргі ғимарат тұрған орынға ақ жуып арулап қойыпты да, үстіне қам кесектен сыпа салыпты. Сөйтіп өзі ешкімге көрінбей қайтып кетіпті. Халық кейін оны жасап жүрген Қарабура екенін біліп, «Қарабура Әзі» деп атапты да, «Қарабура» ұранға айналып кетіпті» деп жазады.

Қожа Ахмет Ясауи мен Қарабураның Меккедегі жұма намазға бірге қатар, бірі ақ түйемен, екіншісі қара бурамен аттанатындығы туралы да аңыздар бар. Ясауи 1094 жылы қазіргі Өзбекстан аумағындағы Нұрата өңіріндегі Қызылша деген жерде дүниеге келген. Қарабура одан он жыл кейін, жобамен 1104 жылы Әбді тама деген Нұрата мешітінде білім алған, орта дәулетті, мешіт ашып, бала оқытқан, ислам дінін насихаттаушы жанның отбасында дүниеге келген деген әңгіме де бар.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға