Жаңалықтар

«Көзбояушылықтың шынайы көрінісі». Ерлан Саиров су тасқынынан соң қалай әрекет ету керегін айтты

«Көзбояушылықтың шынайы көрінісі». Ерлан Саиров су тасқынынан соң қалай әрекет ету керегін айтты
Фото: parlam.kz 17.04.2024 14:35 538

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап,  облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет беру туралы бастама көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ағайын, апат айтып келмейді. Дәл қазір еліміз – ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Сондықтан, бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды, - дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін, дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Ең кемі, олардың дербес иелегінде коммуналдық техника мен шаруашылыққа бағытталған арнайы өз тікелей бюджеті болуы тиіс. Инфрақұрылым, тазалық, жергілікті жолдарды салу-жөндеу, кішігірім плотина, тоғам, ирригация жүйелерін салып, жөндеу мәселелері бойынша әкімдіктерге қосымша құзырет беру маңызды.

Қазір, аудандық әкімдер шешім қабылдаудан қорқады. Өйткені, табжылып кетсе, ертеңінде прокуратура, компетентті органдар келеді. Соның салдарынан, бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр. Сондықтан, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, Мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет. Құзыретті бере отырып, бюджеттік бағдарламаларды да беру қажет. Қазір кей кездері  құзырет болса да, аймақтарда бюджеттік бағдардама жоқ болғандықтан, қаржы министрлігі тиісінше қаржы бермейді, - дейді Ерлан Саиров.

Оған қоса, жергілікті мәселеге аудан немесе ауыл әкімі тікелей жауапты. Бірақ, ең шалғай ауылдағы бөгеттер мен тоғамдар «ҚазСуШар»-дың балансында.

Қазақстанның басым көпшілігінің облыс, аудан, алыс ауылдардағы кішкентай тоғам, бөгет, гидроузелдердің барлығы солардың меншігіне өткен. Ал «ҚазСуШардың» аудандық деңгейде шаруашылықты дөңгелетіп әкетуге мұршасы жетпейді. Техникасы да, адамдары да жоқ. Су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу керек, - дейді депутат.

Сондай-ақ жергілікті ауданадық коммуналдық кәсіпорын жергілікті маңызы бар тоғам, бөгет, гидроузелдерді өз балансына алуы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджеттік бағдарламалар ашылуы маңызды екенін айтты. Оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамассыз етіп, жергілікті гидро-құрылымдарды дамытуға күш салу қажет. «Казводхоз» республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға