Жаңалықтар

«Көзбояушылық көп». Бектенов пандустарға қатысты сын айтты

«Көзбояушылық көп». Бектенов пандустарға қатысты сын айтты
Фото: t.me/KZgovernment 06.11.2024 10:49 352

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам тіркелген. Үкімет аталған санаттағы азаматтарды қолдау шаралары кешенін іске асырып келеді. Осыған орай, Әлеуметтік кодекс қабылданды, Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұдан басқа, мүгедектікті ресімдеу тәртібі жеңілдеп, проактивті форматқа ауыстырылды, қазір сырттай тағайындалады. Әлеуметтік қызметтер көрсету порталының арқасында бүгінде мүгедектігі бар адамдар қажетті техникалық құралдар мен оҢалту қызметтерін таңдау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Өңірлерде Оңалту орталықтары ашылуда. Өткен жылы Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында оңалту орталықтары ашылды. Батыс Қазақстан облысындағы Орталық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ақтөбе облысы әкімдігіне Оңалту орталығының құрылысын аяқтау үшін жұмыс қарқынын күшейту тапсырылды. Осындай орталықтарды Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар жандарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Осы санаттағы азаматтарды мемлекет тарапынан қолдау жүйесін тұрақты түрде жетілдіріп келеміз, — деді Олжас Бектенов.

Әлеуметтік қызметкерлер даярлау және оңалтуға арналған техникалық құралдар, инватакси: Олжас Бектенов мүгедектігі бар жандарды қолдау бойынша оң тәжірибені кеңінен таратуды тапсырды 

Үкімет отырысы барысында премьер-министр бірқатар өңірдің инклюзивті қалалық орта қалыптастыру және мүгедектігі бар адамдар қажеттіліктерін қанағаттандыратын түрлі қызметтер ұсынудағы тәжірибесіне назар аударды.  

Еліміздің 14 университетінде әлеуметтік қызметкерлер даярланады. Павлодар, Қызылорда, Абай облыстарында және Шымкент қаласында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту үшін инновациялық техникалық құралдарды іріктеу жүргізілуде. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде де қолдану керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Премьер-министр әкімдіктерге инватакси қызметін қолдап, азаматтар кезек күтпеу үшін осындай автокөлік паркін көбейтуге көмектесуді тапсырды. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар жандарды тасымалдауға арналған 150-ге жуық инватакси қызметі жұмыс істейді.

Премьер-министр кедергісіз орта құру туралы: Қолданыстағы құрылыс стандарттарын қайта қарау, нормалардың сақталуын бақылау қажет  

Бүгінде елімізде инфрақұрылымның 45%-ы мүгедектігі бар жандар қажеттіліктеріне бейімделген.

Премьер-министр нақты нәтижеге қол жеткізу үшін осы бағытта сапалы жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.

Кейбір пандустар мен ауыспа жолдардан өтер кезде бесік арбамен жүрген ата-аналар да әлекке түсіп жатады. Арнайы лифтілер мен көтергіштер жұмыс істемейді. Биік бордюрлер жолды кесіп өтуге кедергі келтіреді. Яғни, қолайлы орта қалыптастыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарда көзбояушылық көп. Нысандарды мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл, әсіресе әлеуметтік объектілерге, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет, — деді Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға