Жаңалықтар

Костенко шахтасындағы апат: 106 томдық қылмыстық іс сотқа жіберілді

Костенко шахтасындағы апат: 106 томдық қылмыстық іс сотқа жіберілді
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 18.02.2025 09:50 359

Костенко шахтасындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратура мәліметінше, Қарағанды облысының прокуратурасы Костенко шахтасында кеншілердің қаза табуына қатысты 106 томдық қылмыстық істі сотқа жіберді.

Сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен жүргізді.

Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс, шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңының жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды.

Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - делінген мәліметте.

Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды.

Материалдар негізі бойынша қарау үшін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілді.

Естеріңізде болса, Костонко атындағы шахта қайғылы жайт 2023 жылғы 28 қазанда болды. Жарылыс кезінде кеніште 252 адам болған, соның ішінде 206 кенші жер бетіне шығып үлгерген, ал қалғандары қаза тапты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға