Жаңалықтар

Костанай өңіріне кеңінен танымал ақын-прозашы Александра Суслованың шығармашылық кеші өтті

Костанай өңіріне кеңінен танымал ақын-прозашы Александра Суслованың шығармашылық кеші өтті
27.12.2018 05:51 2443

Костанай өңіріне кеңінен танымал ақын-прозашы Александра Суслованың «Өз елімді сүйемін…» - атты шығармашылық кеші Достық үйінде жоғары деңгейде өтті.

Александра Ильинична Суслова – қостанайлық ақын-прозашы, оқытушы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы.

Қостанай өңірінің тұрғындары Александра Ильиничнаның шығармашылығымен  жақын таныс.

Іс-шара барысында қалам иесі жетістіктері, марапаттары, қызығушылықтары, өміріндегі жайттармен бөлісіп, орамды ойға өрілген өрелі өлеңдерін оқып,  тыңдармандардың қошеметіне бөленді.  Іңкәрлік пен сырлы сезімге толы аруларға арналған өлеңін паш етті.

Соғыс тақырыбына арналған өлеңдері  тыңдармандарды ерекше әсерге бөледі. Автор майдандағы жан түршігерлік жағдайлар туралы ата-анасынан естіген естеліктерімен бөлісті.

Александра Суслова Ресейдің елді мекендеріне көп саяхат жасайды. Ресейдегі бір мектептің білім алушылары өзін қалай қарсы алғандығын еске алды.

- «Бір жеңілтек бала орнынан ұшып тұрып, қолын көтеріп: «Сіз қазақсыз ба?» деп сұрақ қойды. «Жоқ, менің ұлтым орыс, бірақ Қазақстанда тұрамын» деп жауап бердім. Біраздан соң жаңағы бала тағы қолын көтеріп: «Ал, Сіз Қазақстан Республикасының әнұранын білесіз бе, орындап беріңізші?», - деді. Мен зор мақтанышпен Туған еліміздің әнұранын айтып бердім. Мен Ресейде тудым, сәби шағымда Қазақстанға қоныс аудардым. Қазақ елін өзімнің Отаным деп санаймын», - деді А. Суслова.

Қаламгердің өлеңдер қорында Отанға арналған туындылар да біршама.

Ақын өзінің мысқыл өлеңдерімен тыңдармандарды күлкіге батырды. Автор күнделікті өмірдегі жайттарға айрықша назар аударады, сол себепті өлеңдері адамдардың жанына жақын, түсінікті.

Александра Суслова балаларға арнап шығармалар да жазады. Ол көптеген ертегілер мен балалар өлеңдерінің авторы. Талант иесі балаларға арналған өлеңдерін көрермендерге нақышына келтіре оқып берді.

Іс-шара соңында Александра Ильинична оқырмандарымен қосыла әсем ән шырқады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға