Жаңалықтар

Қостанай облысының жеңімпаздары

Қостанай облысының жеңімпаздары
19.08.2019 11:07 15064

Қостанай облысы: Кішкентаевтар әулеті

Отағасы – Ерболат Кішкентаев

1968 жылы 16 ақпанда Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Үкіатқан ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Қостанайдағы механика-технологиялық техникумына оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын 1989  жылы Ленин ауданының Федоров селосындағы мәдениет үйінде директорлықтан бастайды. Ал 1991-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебінде білім  алады. Мұны аяқтаған соң, 2013 жылға дейін ішкі істер қызметінде жұмыс атқарған. 45 жасында зейнеткерлікке шыққаннан бастап, жылқы шаруашылығымен айналысып келеді.

Отанасы – Айтжан Кішкентаева

1973 жылы 8 қаңтар күні Ресей Федерациясының Курган облысы Белозерский районының Межевое кентінде дүниеге келген.  1990 жылы мектепті бітірген соң, Курган мемлекеттік педагогикалық институтының «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығына оқуға түскен. Алайда екінші курстан кейін ата-анасының шешімімен Қазақстанға көшіп келген. Қазіргі кезде Нұржан Наушабаев атындағы Затобол  мектеп-гимназиясында өзін-өзі тану пәнінен оқушыларға сабақ береді.

Ұлы – Ербағыт Ерболатұлы

1993 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепті бітірген соң, бұрынғы Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің «Құқықтану» мамандығына  оқуға түседі. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясында қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарады.

Ұлы – Нұрбақыт Ерболатұлы

2000 жылы 9  шілде күні Қостанай облысы Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Жеті жасында Ұзынкөл ауданындағы №2 орта мектебінің бірінші сыныбына барған. Ал 2011 жылдан бастап Нұржан Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясына ауысқан. 2016 жылы мектепті бітірген соң, Қостанай ауылшаруашылық колледжінің ветеринария бөліміне оқуға түсті. Бос уақытында колледждің спорттық жарыстарына белсенді түрде қатысып тұрады.

Ұлы – Ернұр Ерболатұлы

2009 жылы 20 желтоқсанда Қостанай облысында Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Биыл Нұржан Наушабаев атындағы Затобол  мектеп-гимназиясының үшінші сыныбын тәмамдаған.  

Қызы – Мирра Азаматқызы

2012 жылы 19 қазанда дүниеге келген. Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеде және  Нұржан Наушабаев атындағы  мектеп-гимназиясының мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушісі. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының отбасы күніне арналған спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталған. 

Ұлы – Мансұр Азаматұлы

2014 жылы 12 маусымда дүниеге келген. Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеде әрі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының шағын орталығының тәрбиеленушісі.

Қызы – Анжелика Азаматқызы

2015 жылы 28 қарашада дүниеге келген. Қазіргі кезде патронаттық тәрбиеде әрі Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназиясының шағын орталығының тәрбиеленушісі.

 

Қостанай облысы: Баймағанбетовтер әулеті

Отағасы – Мәлік Баймағанбетов

1950 жылы 5 желтоқсанда Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай селосында дүниеге келген.   1968 жылы он жылдық сыныпты аяқтаған соң, Украинаның Харьков қаласында екі жыл әскери борышын өтейді. Отыз жылдан аса дене тәрбиесі мұғалімі болып,  2014 жылы зейнеткерлікке шыққан.  Содан бері пауэрлифтинг спортына қызығушылық танытқан жастарға тәлім тәрбие берумен айналысады.

Отанасы –  Ақлима Баймағанбетова

1953 жылы 8 қазанда Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Диевка ауылында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын Павлодар қаласындағы бала-бақшалардың бірінде тәрбиеші-мейірбике болып бастаған.  Кейін тұрмысқа шыққан соң бала тәрбиесі және үй шаруашылығымен айналысқан. 

Қызы – Алхагүл Мәлікқызы

1975 жылы Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. 11 жылдық  мектепті тәмамдаған соң, тігіншілікпен  және үй шаруашылығымен айналысқан. 2002 жылы Естай Жақашұлына тұрмысқа шығып, ортақ некеден екі бала дүниеге келген.

Қызы – Эльмира Мәлікқызы

1976 жылы 7 қыркүйек күні  Павлодар қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан тігін тігуге бейім болып өскен. Содан мектеп бітірген соң қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысты. Қазіргі кезде заман талабына сай өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол 1994 жылы Жасұлан Құлмағанбетовке тұрмысқа шығып,  қазіргі кезде алты баланы тәрбиелеп отыр.

Ұлы – Ерлік Мәлікұлы

1978 жылы 11 қарашада Қостанай облысы Жангелді ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қостанай облысына қарасты Арқалық кооперативтік техникумын аяқтап, әскерге кеткен.  2002-2010 жылдары төтенше жағдайлар департаментінде құтқарушы болып қызмет етті.  Қазіргі кезде жеке фирмада электромонтер болып жұмыс істейді әрі сүйген жары Шарапат Баймағанбетовамен екі перзент сүйіп отыр.

Ұлы – Бақытбек Мәлікұлы

1983 жылы 4 наурызда Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. Бос уақытында шығармашылықпен, сурет салумен және гір тасын көтерумен айналысады. Қазіргі таңда жұбайы Айнұр Баймағанбетова екеуінің төрт баласы бар. Үйдің үлкені Жаңагүл 5-сыныпқа, Гүлназ 4-сыныпқа көшті. Ал Жанерке 2 сыныпқа ауысса, кенжесі Нұрсаят биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайды.

Қызы – Маржан Мәлікқызы

1987 жылы 1 маусымда  Қостанай облысы Жангелді ауданы Көкалат ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін бітірді. Қазіргі кезде Қостанай облысына қарасты бұрынғы Таран қазіргі Бейімбет Майлин ауданы Юбилейный ауылындағы «Юбилейный» орта мектебінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Әрі жолдасы Аслан Жәлелов  екеуі қос баланы өсіріп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға