Жаңалықтар

Қош, чемпиондар лигасы...

«Астана» 3-кезеңнен өте алмады
Қош, чемпиондар лигасы...
16.08.2018 09:37 3377

«Динамо» (Загреб, Хорватия) – «Астана» (Қазақстан) – 1:0 (0:0)

Гол салған: Гавранович, 74.

«Динамо»: Загорац, Стоянович, Теофил-Катрен, Дилавер, Леовац, Адеми, Хайрович, Гояк (Шуньич, 70), Ольмо, Оршич (Перич, 83), Будимир (Гавранович, 56).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Малый, Шомко, Маевский, Алмейда (Мұжықов, 78), Томасов, Кляйнхайслер (Щеткин, 78), Педро Энрике, Янга (Кабананга, 78).

Ненад Бьелица Астанада өткен ойында шығарған 11 сарбазына бұл жолы да толықтай сенім артты. Қазақстанда барлық тапсырмасын сәтті орындаған футболшыларды ауыстырудың шынында да жөні жоқ еді. Астанада хорваттар жақсы қорғана жүріп, өткір қарымта шабуылға шығып, өздеріне қажетті нәтижені алып кетті. Загребте өтетін матчқа олар анық фоварит ретінде шықты. Қоржында қонақта салынған қос гол бар. Ал Роман Григорчук бірінші ойында жарақат алған қорғаушы Аничичтің орнына Малыйды шығарды, Мұжықов пен Кабананганы Ричард Алмейда мен Рангело Янга алмастырды. Сол сияқты ойын схемасы 4-1-4-1 болып өзгерді. Хорваттар тек шабуылда ғана емес, тәртіп бұзуда да астаналықтардан алда болды. Алғашқы минуттарда Будимир Кляйнхайслерден допты тартып алып, ауттан Оршичке доп берген. Соңғысын өз кезегінде Ласло дұрыс емес тәсілмен тоқтатқан еді. Оршич өзіне қарсы қауіпті ойнаса да, араға уақыт салып, стандарттан соққы жасауға ұмтылған. Оның алдын қорғаушы орап кетті. «Астана» он минуттан соң ғана алға ұмтылып, қарсыластың қақпасына қарай ойыса бастады. Шомко өз қапталында Хаировичті допсыз қалдырып, Педро Энрикеге жеткізді. Бразилиялықтың тепкен добы Загорац қорғаған қақпаның жанынан өте шықты. Динамолықтар да қарап жатпай, бірден жаңа шабуылдың шетін шығарды. Будимир допты қазақстандық команданың айып алаңына дейін жеткізіп, Шомкомен таласта спорттық снарядын жоғалтқандай болған. Көмекке келген Ольмо Хаировичке пас жеткізді. Ал Изеттің соқысын Эрич жібере қойған жоқ. Бұрыштаадан ұшқан доп та қауіпті көрінген, десе де елордалықтардың қорғанысы бұл жолы да сауатты жұмыс атқара алды. Егер 1:0 есебі ойын басында тіркелсе, бұл матчтың сәні кетер еді. Матч басынан астаналықтар допқа көбірек иелік ете бастады, бірақ бұл басымдықты гол салуға дейін жеткізе алмағандары өкінішті.

Роман Григорчуктың шәкірттеріне өткір шабуылдар жетпей жатқаны көзге анық көрініп тұрды. Алда жүрген Рангело Янга допқа таласып, өз әріптестеріне жеткізіп, алға ұмтылып, командаластарынан жақсы пас күтіп жүргенімен, одан жақсы нәтиже бола қоймады. Себебі, оған ешкім тура пас жеткізе алмады. Томасов тағы да жүйесіз ойынымен жүйкені жұқартты. Хорваттың орта дистанциядан жасаған соққысы қорғаушылардан қайтты. Астаналықтардың бірінші таймдағы жалғыз бұрыштамасы да ойдағыдай шыққан жоқ. Малыйдың баспен ұрған добы айдалаға кетті. Әйтеуір, Кляйнхайслердің таласа-тармаса қарсыластар айып алаңына жеткізген добына үлгерген Янга «Динамоның» қос орталық қорғаушысын қапы қалдырып, қиыс тепті. Одан басқа уақыттары Дилавер мен Теофил-Катрен астаналық форвардтың әр қадамын аңдып отырды. Динамолықтар бірінші кездесудегідей допты қарсыластарына оңай беріп қойды. Олардың басты мақсаты, барлық аймақты өз бақылауында ұстап, жылдам қарымта шабуылға шығу. Және бұл жоспарларының дұрыс болғандығына көз жеткізуге болады. Стоянович өз қапталынан дриблинг жасап, Гоякты іске араластырды. Ал ол қорғаушылармен таласа, соққы жасағанмен, маңдайшадан биік кетті. Хорваттардың келесі қауіпті шабуылы кездесудің басталғанына шамамен бір сағат өткен соң орын алды. Педро Энрике қарсыластардың айып алаңында доптан айырылған соң, Гояк бірден алға қарай құстай ұшты. Оның пасын Дани Ольмо керегіне жарата алмады. Тіпті, Эрич қақпасына тура бағыттауға жартылай қорғаушының шамасы келмеді. Бұл біз үшін өкініштен гөрі, зор қуаныш! Одан сәл ертерек Дилавер баспен ұрып, допты қақпадан биік жіберген. Астаналықтардың гол салуға деген құлшынысының жақсы деңгейде болмағаны да, бұл ойында көзге түсуге мүмкіндік бермегендей. Екінші таймның екінші бөлігі басталғанда Янга алға қарай ұмтылған Педро Энрикеге жақсы пас жеткізген, оның соққысы Загорацтан өткен жоқ. Алаң иелерінің қақпашысы қонақтардың бұрыштамасына да арласуына тура келді. Алмейдадан келген доп Миланның қолынан табылды. Алғашқы кездесуде қос голдың да соғылуына кінәлі деп табылған Маевский бұл жолы кінәсін жуып-шаю мақсатында бар өнерін ортаға салды. Оның алғашқы соққысын тәжірибелі Загорац маңдайшадан әріге жіберді. Одан кейін беларус допты баспен ұрып, кипердің алдын орауға тырысқанымен, тағы да қисық.

Алаң иелері қарап жатпай, қарымта шабуыл жасап, алға суырылып шығып жүрді. Олардың жылдамдығына ілісе алмаған астаналықтар кейде тәртіп бұзып, тоқтатып жатты. Сондай стандарттың бірінде Хаировичтың жойқын соққысы көздеген жерге жетпеді. Осыдан кейін алаңға Будимирдің орнына Марио Гавранович шықты. Бойы 175 см футболшының негізгі «қаруы» – техника мен жылдамдық. Алайда, бүгінгі ойында шабуылшы баспен гол салып, бәрін таң-тамаша етті. Сол қапталдан шабуылға араласқан Леовацтың пасы жол-жөнекей Постниковке тиіп бағытын күрт өзгертіп, Гаврановичке жетті. Оның соққысы жерге тиіп, тоғыздыққа қарай топ ете қалды. Ал Эрич қанша ұмтылса да, доптың жолына бөгет бола алмады. Осылайша, «Астана» түбегейлі Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өту мүмкіндігінен айырылды. Әрине, 70 минут бойы бір гол сала алмаған команда, қалған уақытта 3 доп тоғытады дегенге сену қиын. Ойынның аяқталуына 15 минут қалған кезде Роман Григорчук үш бірдей ойыншыны алмастыруды жөн санады: Мұжықов алда жүрген Щеткин мен Кабанангаға доп жеткізумен айналысса, ірі денелі қос форвардқа жергілікті қорғаушыларды қапы қалдыру жұмысы жүктелді. Мұжықов ойынға жақсы кірісіп кетті, ал Щеткин Томасов офсайдқа кіріп кеткен соң, гол да салған (хорваттың тағы да сәтсіз қимылы), Кабананга болса, ойынға қосылған қосымша уақытта  30 метр жерден маңдайшаны көздеді.

«Астана» чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жете алған жоқ, бірақ Еуропа лигасында ойнауға құқылы. Ал ол турнирдегі қарсыласы дәл осы «Динамодан» оңбай ұтылған израильдік «Хапоэль» Беэр-Шева немесе ескі қарсылас «АПОЭЛЬ» болуы ықтимал. Ең болмағанда, елордалық команда Еуропа лигасында өткен жылғы жетістігін қайталайды деп сенеміз. Ол үшін Роман Григорчук осы қос жеңілістен сабақ алады деп ойлаймыз. Хорваттар үш голды да қорғаныстағы үлкен қателіктен кейін соқты. Ол үшін Эричті айыптаудың реті жоқ. Жанкүйерлерде «неге Григорчук үш ойыншыны гол соғылған соң ауыстырды?» деген сұрақ туындағаны анық. «Динамо» елордалық клубты алдыңғы қарсыласы секілді басып-жаншып өтпегені мәлім. Тек қарымта шабуылға иек артқан хорваттардың жолы болды. Загребте де дәл осы оқиға желісі қайталанды. Ал «Астана» бар болғаны үш рет қақпаға тура соққы бағыттапты. Гол болмаған жерде жеңіс те болмайтыны анық. «Астананың» биылғы қауқарын 23-тамыз күні ілгерідегі қос команданың біріне қарсы өткізетін кездесуде байқайтын боламыз.

Ойын соңынан соң, Ненад Бьелица кездесу жайында өз ойын айтты:

- Өз командамды Чемпиондар лигасының плей-оффтық кезеңіне өтуімен құттықтаймын. Енді, осымен тоқтап қалмай, әрі қарай да еңбекетене бермекпіз. Бүгін жанкүйерлеріміздің қолдауы ерекше болды. «Янг Бойз» өте мықты команда, бірақ мен өз шәкірттеріме толық сенім артамын. Қорғаныстағы беріктік, жинақы ойын өз нәтижесін берді. «Астанаға» ешқандай мүмкіндік бермей, керісінше өзіміз есеп аштық. Бұл маусымда Еуропадағы жорығымызды жалғастыруға жолдама ұтып алғанымыз жақсы-ақ, алайда  біздің мақсат – чемпиондар лигасы. Бұл психологиялық тұрғыдан өте қиын кездесу болды. Себебі, қолыңда бірнәрсе бар сияқты, бірақ жоқ. Дегенмен, біз өз жұмысымызды керемет атқардық.

«Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук: – Бүгінгі жеңіліске, бүгінгі ойынға көңілім толмай отыр. Қарсыласты келесі кезеңге өтуімен құттықтаймын – деп қысқа қайырды.

Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға