Жаңалықтар

Көруге тұрарлық көрме! (ФОТО-ВИДЕО)

Германия павильоны
Көруге тұрарлық көрме! (ФОТО-ВИДЕО)
Фото: Рустем ӘЛПИ 15.06.2017 18:37 10689

Германия әлем бойынша жасыл энергияны пайдалануда көш бастап тұр. Осы себептен болар, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде неміс ұлтының павильоны ең үлкен павильондардың қатарында. Біз бүгін ЭКСПО көрмесіне Германия павильонын көруге арнайы келдік.

Көрмеге келушілерді үлкен қонақжайлылықпен қарсы алған қызметкерлер барлық келушілерге smartstick құрылғысын берді. Әр экспонаттың жанында осы смарт батареяларды қоятын арнайы орын бар. Осы арқылы көрмеге келушілердің қайсысы мейлінше көп ақпарат алғанын анықтайды.


Германия павильоны 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін жұмыс жасайды. Павильон ақпарат берумен қатар, ойын-сауық бағдарламаларымен тартымды.

Көрмеге кіреберісте Германияның 16 федералды жерлерінің презентациясын ұсынылған. Тақталарда қалпына келтірілетін энергия жобалары және туристік көрікті жерлер туралы ақпарат беретін панельдер мен бейне клиптері бар 16 тақта қойылған. Осылайша, келушілер павильонға кірмей тұрып, Германия туралы кейбір негізгі деректермен таныса алады.

Бірінші көрме алаңында «Болашақ картасы» деп аталатын әлемнің үлкейтілген картасы ұсынылған. Келушілер қалпына келетін энергия әлеуетін көре алады.

Қазақстанда Германияның көмегімен салынған тұңғыш Ерейментау І жел электр станциясы секілді нақты ортақ жобаларды көрсету арқылы неміс халқы болашақтың энергиясы тақырыбына шындап кіріскенін дәлелдегендей.

Болашақта қалалардың келбеті қандай болады? Қандай көлік түрлерін пайдаланамыз, қандай ғимараттарда тұратын боламыз? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты Астана EXPO-2017 көрмесіндегі Германия павильонынан таба аласыз.

Керегелердің арасына балдыр өсіру технологиясы жайлы естігеніңіз бар ма? Балдырды ағынды сулармен қамтамасыз етіп, оны фотосинтез арқылы өсуінен бастап жылу энергиясын пайдалануға және балдыр көбігін жинау немістер үшін жаңалық емес. Бүгінде олар бұл сапасы жоғары биомассаны тамақ және косметика өндірісінде және тағы басқа салаларда пайдалануда.

Германия десе ең бірінші көз алдыңызға не елестейді? Әрине ол неміс машиналары. Астанадағы көрмеге немістер төрт түрлі көлік алып келді.

BMW I8 көлігін неміс павильонының ханшайымы деуге болады. Келушілердің ең көп кідіретін экпонаты да осы. Тіпті мынау әжемізге де машина ұнаған секілді.

Иә, BMW I8 күні-кеше ғана шыққан жаңа модель емес. Екі моторлы бұл автокөлік өзінің әдемі дизайнымен қатар, спорттық көрсеткіштері үшін 2016 жылдың ең үздік автокөліктерінің қатарынан көрінді.

Мұнымен қоса электрлі скутер мен электрлі велосипед көрменің көркін қыздырып тұр.

Электрлі машиналардың басты кемшілігі — ауыр батареялары. Бұл проблеманы неміс ғалымдары былайша шешкен екен.

Немістер кәдімгі дөңгелектердің ішін ауамен емес дәл осы батареялармен толтырған.

Көрмеге келушілерді тосын сый күтіп тұр. Барлық құпияны ашып қоймас үшін бір ғана суретпен  шектелейін.

Германия көрмесі расымен ең қызықты әрі ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің тақырыбына толығымен сай келетін павильондардың қатарында. Көруге тұрарлық көрме!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға