Көрісу күні еліміздің батысында ғана тойлана ма?
Еліміздің батыс өңірлері Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарында Көрісу күнін атап өту салты сақталған. Бүгінде «Амал» атауымен көпшілікке таныс мереке туралы El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі зерттеп, тақырыпқа қатысты білікті мамандарымен тілдесіп қайтты.
Көрісу күнінде кіші буын өкілдері үлкендердің алдынан өтіп, қол алысып, есен-саулығын білуді мақсат етеді. Ал олар өз кезегінде қонақтарын ілтипатпен қарсы алып, мол дастарқан жайып, бар тәттілерін алдына қоюға тырысады. Осылайша, құдайы қонақ ретінде төрінен орын береді. «Амал» мерекесінде қарт кісілері бар отбасылар ұйқыдан ерте оянып, қонақ қарсы алуға дайындалады. Қазақы нақыштағы сәнді киімдерін киіп, жарқырап, жайнап жүреді. Маңыздысы, таң сәріден жайылған дастарқан қас қарайғанша жиылмай, соңғы қонақ келгенше дәмге толып тұрады. Көрісуге кешқұрым уақытқа емес, мүмкіндігінше ерте барған дұрыс. Алайда қонағы кештетіп келсе де қабақ шытпай, жайдары көңіл-күйде қарсы алған абзал.
Бұл - мерекенің қазіргі сипаты.
Ертеректе «Амал» мерекесінің пайда болуына аймақтың климаттық ерекшелігі әсер етті деседі. Яғни, еліміздің батысында қаңтардың екінші жартысынан наурыз айының басына дейін қытымыр қыс болады.
Қалың қар жауып, үскірік аяз, ақтүтік боран басталғанда ауыл арасындағы қатынас үзілетін. Ол кезде бүгінгідей ұялы байланыс құрылғылары жоқ-тын. Көлік, пойыз, ұшақ қатынамайды.
Азық-түлік қоры, малдардың жемі, жанармай таусылғанда, тіпті қасқыр малға шауып, індет келсе де ауылдағылар көрші аймақтағылардың хал-жағдайынан бейхабар болады. Көктем келіп, қар ери бастағанда ғана ауылдағылар көрші ауылға аттанып, хал сұрасуға барады. Қыстан аман шыққанына көз жеткізіп, шат-шадыман көңіл-күйде мереке ұйымдастырылады. «Бір жасыңмен! Жасың құтты болсын!» дей отыра, төс түйістіріп, қол алысады. Кейін күнтізбе пайда болып, бұл атаулы дата мереке болып бекітіледі. Көпшілік «Амал» мерекесін 14-наурызда тойласа, бұрынғы Бөкей хандығында 15-наурызда атап өтілген.
Ұлт жанашыры Жамали Диханұлы осы тақырып төңірегінде ойын ортаға салып, «Амал» мерекесінің тойлануын құп көретінін жасырмайды.
Бөкей және Ноғай ордалары батыста орналасқан. Оларда біраз дәстүр сақталды. Көрісу күні еліміздің шығысында да тойланған. Шығыстағы қазақтар да наурыз кезінде «Қыстан қысылмай аман шықтыңдар ма? Мал, жан аман ба? Ел іргесі бүтін бе?» деп бір-бірімен көрісіп, хал-жағдай сұрасқан. Бұл кезді қазақ «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі» дейді. Көрісудің екі мағынасы бар. Адам о дүниелік болғанда қазақтар көріседі. Қимас адам дүниеден өткенде, әйелдер қауымы жоқтау айтады. Оны бет көрісу дейді. Ал наурыздың 14-індегі көрісуді «Амал» мерекесі деп атап кеткен. Көрісу күні - көнеден келе жатқан салт. Бүгінде оны жаңғыртып жатырмыз. Еліміздің батыс өңірінде болғанда, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, бауырмашылығы, шынайылығы мені тәнті етті. Олардың қос қолмен қол алысып, денсаулықтарын сұрасуы - жастарға үлгі-өнеге. Көрісу - Самарқанның көк тасы еритін, сарының әбден сүрленген кезі, мал, жан амандығын білу үшін амалын тауып кездесетін күн,-деді танымал этнограф.
Көрісу күні туралы ойымен бөліскен тарих ғылымдарының докторы, профессор, антрополог Жамбыл Артықбаев та, мерекенің шығу тарихына зер салып өтті.
Көрісу арнайы - мереке емес. Наурыз циклына кіретін дәстүр десек де болады. Ал «Хамал» деген дәстүр емес, айдың аты. Араб күнтізбесіндегі бірінші ай «Хамал» айы деп аталады. Біз «Хамал» деген сөзді «Амал» деп қолданамыз. Яғни, көктемнің алғашқы айын «Наурыз айы» десек, олар «Хамал айы» деп атайды,-деп нақтылайды ол.
Көрісу - наурыз айында ғана емес, жалпы қазақ тіршілігінде күнделікті болып жататын дәстүр.
Бұл күні бір-бірін жақсы көретін, сағынған адамдар көрісіп, кездеседі. Көріскен кезде де, жылап көріседі. Айта кету керек, бұл мереке еліміздің батысында ғана емес, шығыс өңірлерде де тойланады. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың мықты тарихшысы Құрманғали Халид өзінің «Тауарих-и Хамса Шарқи» (1910) кітабында «Қазақтың бір жақсы дәстүрі – көрісу» деген екен. Бүгінде Көрісу күнін қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Алайда жаңғыртылса да, мерекенің сипаты бұрынғыдай болмайды. Өйткені адам өзгерді, оның өмір сүру сапасы өзгерді, тарихи және этнографиялық орта өзгеріп кетті,-деп қорытындылады Жамбыл Артықбаев.
Көрісу — адамдардың бір-бірімен амандасып, жақсылық тілеп, қауышатын мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді.