Жаңалықтар

Корей компаниялары Маңғыстау облысында мұнай-химия кешенін салуды жоспарлап отыр

Корей компаниялары Маңғыстау облысында мұнай-химия кешенін салуды жоспарлап отыр
Фото: invest.gov.kz 27.02.2024 22:51 534

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ алаңында ұлттық компанияның басшылығы «Nexstar Engineering Co. Ltd.» компанияның директоры Сунг Чу Енмен және «KSTN Co., Ltd.» компанияның басшысы Ги Ли Буммен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Кездесу барысында тараптар Маңғыстау облысында жаңа мұнай-химия кешенін салу мүмкіндіктерін талқылады. Жобаны іске асыру шеңберінде корей тарапының инвестициялар сомасы 10 млрд еуродан асуы мүмкін.

«KAZAKH INVEST» өкілдері әлеуетті әріптестеріне ұлттық компанияның қызметі, Қазақстандағы жұмыстың артықшылықтары, елдің қолайлы іскерлік ахуалы және инвестициялық жобаларды іске асыруда мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. Қазақстандық тарап мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен қажетті келіссөздерді ұйымдастыруды қоса алғанда, Қазақстандағы жобаға толық қолдау көрсетуге ниетті.

Өз кезегінде Сунг Чу Ен мен Ги Ли Бум Қазақстанда мұнай-химия кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Олардың жоспарларына сәйкес мұнай-химия өнімдерін өндіру экспортқа да, елдің ішкі нарығына да бағытталатын болады. Корей инвесторлары сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Еуропа елдеріне дайын өнімді экспорттау үшін 5000 тонналық танкерлер өндірісін ұйымдастыру үшін кеме жасау зауытын салуға ниет білдірді.

«Nexstar Engineering Co., Ltd.» инновациялық шешімдер мен қызметтерді ұсынатын ірі кореялық мұнай-химия компаниясы болып табылады. «KAZAKH INVEST» және «Nexstar Engineering Co., Ltd.» инвестициялық-экономикалық әріптестікті нығайтуға және перспективалы жобаларды іске асыруда ынтымақтасуға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға