Жаңалықтар

Көрерменге әсер де, сөз де, сезім де керек – жас режиссер

Көрерменге әсер де, сөз де, сезім де керек – жас режиссер
Фото: Жеке мұрағаттан 02.06.2023 16:15 1504

Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Кешкі 7» қойылымын сахналады. El.kz ақпараттық агенттігі жаңа қойылымның режиссеры Бәзіл Сұлтанғазымен жақынырақ танысып, шығармашылығы туралы сұхбаттасқан еді.

El.kz: Қазіргі заманғы режиссура өзінің даму эволюциясына ұшырап, жаңа бағыттағы жас режиссерлердің  заманауи-композициялық  қойылымдарына қадам басқандай. Соңғы жылдары «интерпретациялық» қойылымдардың мүлдем жаңа түрінің пайда болуын көріп отырмыз, бұл өткен ғасырдан бері көзіміз үйреніп қалған қойылымдардан өзгеше. Режиссер тек бір оймен шектелмей, сюжетті еркін өзгерте отырып, түбегейлі жаңа «көркемдік шындық» жасауда. Мұндай жаңашылдықтың  жарқын мысалы ретінде Сіздің  «Кешкі 7»  қойылымыңызды атағым келіп тұр. Осы қойылымды жасауға не түрткі болды?

Бәзіл Сұлтанғазы: «Барокко болмыс» кітабының авторы, Салтанат Қайырбек деген шығармашылықты жақсы көретін ақын қыз, «Ұйқым келмейді»  қойылымына келіп, кітабымен таныстырды. Сосын, Салтанаттың поэзиясымен танысып, онымен бірігіп жұмыс істеймін деп шештім. Бір жылдай дайындалып, актерларды жинап, қойылымды сахналауға кірістік. Алғашында осы қойылым пьеса, әңгіме, манифест ретінде жазылды. Осының барлығы ойымыздан шықпағандай болды. Кейін оның өлеңдерінен композиция жасайтын болдық. Ол бөлек әңгіме.

Сонымен қатар әріптерстерім гримеркаларында авторлық әндерін  шығара бастады. Соны көре отырып, Салтанат Қайырбектің поэзиясы мен біздің жігіттердің әндерін біріктірдік. Кейін әрқайсысының жеке манифесстері шықты. Соңында осының барлығын жинақтағаннан кейін «Кешкі 7» қойылымының премьерасы өтті.

El.kz: Дайындыққа бір жылдай уақыт кетті дедіңіз. Сонда қойылымды көрерменге ұсынуға қанша уақыт кетті?  

Бәзіл Сұлтанғазы: Жалпы, қойылымды 2 айда қойдық.

El.kz: Театр сахнасында екі қойылымды сахналадыңыз. Режиссураға келетін ойыңыз бар ма?

Бәзіл Сұлтанғазы: Жоқ. Режиссураға келетін ойым жоқ, актер болып қаламын. «Кешкі 7» Каллеки театрындағы соңғы қойылымым деп айта аламын.

El.kz: Қойылымдарды қойғанда қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?  «Кешкі 7-ің»  драматургиясын құру қиын болды ма?

Бәзіл Сұлтанғазы: Мамандығым режиссер болмағандықтан қиындықтар көп болды. Мысалы, «Ұйқым келмейді» қойылымына келетін болсақ, нақты автормен бірге жұмыс істедік. Көпшілікке ұсынылатындықтан оған үлкен талғаммен келдік. Арнайы автормен жұмыс істегендіктен драматургиялық желісі, кейіпкердің жолы, кездесетін кедергілерін, қойылымның басты мәселелесін біліп отырдым, оқыдым. Менің басты міндетім - жасалған дүниені көрерменге дұрыс жеткізу болды.

Ал, «Кешкі 7» - мүлдем басқа формат. Бұл - манифесттер. Алты актер-кейіпкер өзінің басынан өткерген оқиғаларымен бөліседі. Бір-біріне қабыспайтын оқиғалар болғандықтан, менің режиссер ретінде мақсатым оқиғаларды жүйелі түрде біріктіру болды. Оның үстіне  авторлық қойылымды үлкен сахнада қойдық.

El.kz: Мақсатымыз деп айттыңыз. Сонда ол қандай мақсаттар?

Бәзіл Сұлтанғазы: «Кешкі 7» қойлымы - акция. Сахнаға әр шыққаныңда әртүрлі сезімде боласың. Әрбір қосылған импровизация ретінде естілетін тексттердің барлығы ойланып қойылған мәтіндер. Тірі қойылым десек те болады. Манифесттерді оқыған кезде өмірдегідей  әсер беруі керек деген мақсат қойдық. Осындай әсер болуы үшін айтылған оқиғалар бізді әрқашан қозғауы керек.

Режиссер ретіндегі мақсатым - жеткізгіміз келген ойларды подтекстсіз, тура жеткізу.

Ал актерлық мақсатымыз - ішіміздегі ой, шабыт, не мазалап жүр, ұстанған бағытымыз дұрыс па деген сияты сұрақтарды жеткізу. Актер ретіндегі мақсатымды орындай алдым ба, жоқ па оны әр қойылым аяқталғаннан кейін ғана айтуға болады.

El.kz: Сонда театр режиссері қандай қасиеттерге ие болуы керек?

Бәзіл Сұлтанғазы: Біздің режиссерлерде қабілет деген жетерлік. Ол қабілеттерді дұрыс пайдалану үшін, ең негізгісі, білім қажет.

El.kz: Заманауи театр режиссурасына қалай қарайсыз?

Бәзіл Сұлтанғазы: Керемет қараймын! Заманауи дегенмізді киіммен, музыкамен, спецэффекттермен өлшеуге, баламалауға болмайды. Замануи театр - ол замануи, жаңаша оймен ойлайтын актер. Шекспирді, Әуезовті, Мүсіреповті ойнаса да заманауи бағытта ойнауға болады.

El.kz: Сахналанып жүрген қойылымдар да,  көрермендердің талғамдары да өзгерді.  Қазіргі көрерменге не қажет?

Бәзіл Сұлтанғазы: Мысалы, қойылымға 600 адам келсе бір жанрдағы қойылымдар ұнамай, әсер етпеуі мүмкін. Өйткені, әрқайсысының қабылдауы, ой-өрісі әртүрлі. Сондақтан, режиссерлікке бет бұрамын деп шешсем, қойылымдарым көбінесе адамның бойындағы сезімдер туралы  болатын шығар.

Көрерменге замануи эффекттер де, сөз де, сезімдер де керек.

El.kz: Заманауи театр өнеріне не жетіспейді?

Бәзіл Сұлтанғазы: Жалпы, заманауи театр өнеріне білім қажет. Актердың кез келген рөліндегі «сезім», «сезіну» тұрғысынан жеткізу тәсілі, әдісі болуы керек. Ал, осылардың барлығы Станиславскийден бастап ғылыми тұрғыда жазылып кеткен.  Фудамент  бар. Бізде, қазақ театрларында білім жеткіліксіз, фундамент жоқ. Театрға Құдайдан келген ғажайып сый ретінде қарамау керек. Мүсіншілер сияқты әр актер өзінің рөлдерін жетілдіріп, өзіне сыни көзбен қарай алу керек.

Кез келген маман иелерінің алдына қойылатын мақсат пен міндет бар. Мысалы, сахнада эмоцияларды шығаратын әрекеттер болады. Қажет эмоцияларды шығару үшін әрекеттер болуы тиіс. Айтылып отырған білім осы мағынада. 

El.kz: Өнердің қай түрін алсаңыз да жаңа кейіпкерлер шығуда. Алайда қазіргі қоғам жаңа кейіпкерлерді қабылдауға дайын ба деген сұрақтар да койылуда. Сіздің ойыңызша «қаһарман» керек пе?

Бәзіл Сұлтанғазы: Әрине керек. Олар жеткілікті де. Бірақ, қазіргі қазақ қоғамы қаһармандарға сенбейді. Оларды батыр, адам қатарына да қоспайды. «Қаһарман» деген абстрактілі, толық жетілмеген ұғым.

Қазақ қоғамының ол туралы ойлануға шамасы да,  қажеттілігі де болмай тұр. Сол себепті де біздің қоғам «қаһарманға» дайын ба деген сұрақ туындауы заңдылық.

El.kz: Сонда  кәсіби маман ретінде қалыптасуыңызға  әсер еткен қаһарман кім?

Бәзіл Сұлтанғазы: Менің қазіргі қаһарманым - театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері Болат Атабаев. Адами қасиеттер мен болмыс жағынан да, маман ретінде де.  Жалпы, мен құрметтейтін азаматтар көп. 

El.kz: Бәзіл, сұхбатымызды қорытындылай келе қазақ қоғамы жайлы ойыңызды білгіміз келеді. Қазіргі зайырлы қоғам туралы ойыңызбен бөліссеңіз?

Бәзіл Сұлтанғазы: Қазақ қоғамына рационалды тұрғыда қарауға білімім де, өмірлік тәжірбием де жеткіліксіз. Ал, эмоционалды тұрғыда айтсам болады. Жастардың арасында мықтылардың көп екендігін көріп, еліміздің болашағына сенімім артады. Кейде, сол жастарды басқа қырынан көргенде «біткен жеріміз осы ма?» деген ой да пайда болады. Сол себепті әр кезде әртүрлі қабылдайтыным рас.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға