Жаңалықтар

Қорабай - қоңыр әннің иесі

Қазақ гитарашыларының атасы  Қорабай Есенов 70 жаста
Қорабай - қоңыр әннің иесі
30.10.2018 12:01 15415

Қорабай Есенов... Бұл есімді естіген кезде менің көз алдымнан тұтас бір дәуір сырғып өтеді. Осыдан қырық жыл бұрын, тіпті, одан әріректе қазақ ән өнерінде бір жұлдыз «жарқ» ете қалған болатын. Бұл жұлдыз  – бүгін туып, ертеңіне ағып түсетін жұлдыз емес еді. Сол дәуірдегі қолына гитара ұстаған жандардың жол көрсетер темірқазығы осы ағамыз болатын. Тұтас бір дәуір деуімнің де себебі бар. Ол кісінің әндерін жас жігіттер мен қыздар да, орта буын ағалар мен жеңгелер, тіпті, ақ сақалды  аталар мен ақ жаулықты әжелер де жатқа айтатын. Той-томалақта Қорабай ағамыздың «Жас қалам», «Қоштасу», «Жылжиды аққу», «Досыңның көзін ұғарсың» сынды әндерін бастасаңыз, әке буынның барлығы қосыла кететіні де осы сөзіміздің айғағы.

Міне, соңынан тұтас бір мектеп қалыптастырған Қорабай Есенов ағамыз бұл күндері мерейлі 70 жасқа толып отыр. Әншінің шығармашылық кеші Қарағанды қаласында, өзі туған, осы күнге дейін мекен етіп келе жатқан Жаңаарқасында, Жезқазғанда дүркіреп атап өтілді. Жаңаарқа халқының атынан сүйікті әншілеріне темір көлік те табыс етілді. Сонымен, қоңыр әннің иесі Қорабайдың ән өнеріндегі жолы қалай басталып еді? Осыған тоқтала кетсек...

Қорабай ағамыздың әкесі Әбікен домбыра шертіп, ән салатын, күй тартатын кісі болған. Бір бойында ақындығы мен әншілігі бар Әбекең нағыз  жеті өнерді меңгерген жігіт болатын. Бірақ, ол кісі еш уақытта өнер жолын қумаған. Қарапайым теміржолшы, паровоз машинисі қызметін атқарған жан. «Әке көрген оқ жонар» демекші Қорабай да бала кезінен домбыра тартып өсті. Өмірін ауылмен байланыстырған жас жігіт сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түседі. Ол кездерде студенттерді ауылшаруашылық практикаларына жіберу деген болатын. Бірінші курста оқып жүрген кезінде Қорабай ағамыз осындай практика барысында Николай Литовченко деген украин жігітімен танысады. Николай әскерден кейін кешеуілдеп оқуға түскен, тіс қаққан жігіт екен. Жатақханада кешкі мезгілде серілік құрып, гитарасын сабалап, айқайлап әскери тақырыптағы әндер және  махаббат жайлы әндерді айтқанды ұнатады екен.  Бәрібір ұйықтап жарытпайтынын білген Қорабай осы Коляға қолқа салып, гитара тартуды үйрене бастайды. Бас-аяғы 2-3 күн ішінде гитараны Колядан кем тартпайтын дәрежеге жетеді. Онысын ағамыздың өзі «Домбыра тарта білетін адамға гитара үйрену деген түк емес екен» деп түсіндіреді. Шәкіртінің гитараның құлағында тез ойнап кеткеніне Николай да қатты таңданса керек. Осы сәттен бастап Қорабай ағамыз «гитара» деген ауруға шалдығады. Ақыры сол жылы күзде арман болған гитарасын сатып алып тыншыған екен.

Қорабай Есенов ағамыздың алғашқы әні - «Жас қалам» Бұл ән туған шақта  Қорабай Есенов небары 17 жастағы бозбала екен. Бұл әнді 1966 жылы Жаңа жыл қарсаңында жазған. Жанында жүрген достарының бірі осы әннің сөзін әкеліп берген екен. Қызға ғашық болу, алғашқы махаббат, алғырт сезімді енді кеше бастаған осынау жаста:

Кездессең ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сен үшін мен де бар бір тілек – деген сөздер жас жігітке қатты әсер етсе керек. Көп ұзамай ән де туады. Бұл ән төңірегінде дау көп. Біреулер «Қорабай бұл әнді ұрлаған. Он жеті жасар боқмұрын бала осындай ән жазады ма?» деген сөздерді алға тартады. Осының мәнісін сұраған жандарға ағамыз «Бұл әннің сөзіне таласпаймын. Жанымдағы жолдастарымның әкеп көрсеткен сөзі болатын. Ал, ән менікі» деп жауап береді.

Осы әнді қолы қалт еткенде орындап, институт ішіндегі кештерде орындап ағамыздың аты шыға бастайды. Екінші курста оқып жүрген кезінде КВН ойынында Қорабай ағамыз орысша ән шырқайды. Осы ойынды тамашалауға келген облыстық телеарнада қызмет ететін Иса Ғалиасқаров деген кісі жас жігіттің өнеріне тамсанып, оны  өзіне шақырып «Таяу күндері Алматыда Целиноградтың он күндігі өтеді. Біз сені соған апарайық. 2-3 ән дайында» дейді. Бірер ай дайындалып, облыстық телестудияда үш ән жаздырады. Оның бірі Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әні болса, «Жас қалам», «Қошатсу» деп аталатын қалған екі әннің авторы өзі еді. Бұл әндердің сәтті жазылғаны сонша, Қорабайдың орындауындағы әндер облыстық радиодан ғана емес, бірден «Қазақ радиосынан» беріле бастайды. Міне, осы сәттен бастап Қорабайдың ел арасына танылу сәті басталады. Ол кезде қазіргідей интернет деген жоқ. Араға он-он бес күн салып деканатқа хаттар ағыла бастайды. Біреулер әннің сөзін сұрап жазса, біреулер жай ғана танысқысы келеді екен. Оның барлығына жауап жаза беру мүмкін емес болатын. Тіпті, кейбір қуақы жігіттер «Мен Қорабаймын. Танысайық» деп қыздарға өз суретін жіберген кездері де болыпты. Осындай жарқын сәттерінің бірін ағамыз былай еске алады.

- Бір күні менің атыма посылка келіпті. Ішін ашып қарасам, екінің бірінің басынан табыла бермейтін  қымбат құлақшын. Мұның мәнісін кейін білдім. Бір құрдасым «Целиноградтың суғында басым тоңып жүр» деп хат жазған екен. Соған жауап ретінде келген құлақшын болып тұр ғой. Сөйтіп, ол құлақшынды жаураған бас иесінің өзіне бергенім бар, – дейді ағамыз. - Осылайша танымалдыққа ие болып шыға келдім. Біреулер «тойымызда ән салып берші» деп шақыра бастады. Ондайларға бөлмедегі достарымды ертіп жетіп барамын. Аздаған тиын-тебендерін де беріп тұрды. Ол заманның түсінігі басқа еді ғой. Бүгінгі заман ағымы мүлдем басқа.  Қазір тойда ән салып, күнін көретіндер қаптап кетті. Мен өзім әнімді саудалағанды ұнатпаймын. Ол кезде қайнаған өнер ортасы Алматыда болатын. Ағамызды деканат арқылы Нұрғиса Тілендиевтің өзі шақыртқан екен. Бірақ, әкесімен кеңескен Қорабай бұл ұсыныстан бас тартады. Әкесі баласының «Қазақ радиосынан» ән шырқағанын естіп қаты разы болған екен. «Ұлым менің атымды көкке көтерді. Осы да жеткілікті» дейді екен. Алматы жайлы ұсынысты естіген қария «Нар баласы бақырмас болар» деп бір ауыз сөзбен ғана тоқтатқан. Не де болса баласының түпклікті өнер жолына баруына қарсы болған. Қорабай да дала тәрбиесін көрген, әке сөзін аяқ асты ететін жігіт емес. Әке шешіміне көнеді.Қорабай ағамыз қайда жүрсе де қолынан гитарасын тастамады. Өмірін ауылшаруашылық арнасына арнағанымен өнерін қатар алып жүрді. Жаңаарқа ауданына жолдамамен келген жас мамандардың басын қосып «Сарыарқа» атты вокалды-аспапты ансамбль құрады. Ол ансамбль екі жылдай халық алдында өз өнерін көрсеткен. Кейін жастардың басқа қалаларға жұмыс ауыстыруына байланысты ыдырап кеткен.

Ағамыз өзін композитор санатына жатқызбайды. «Бар жоғы екі әнім бар. Қалайша өзімді композитормын деп айта аламын. Мен, ән орындаушымын» деп өзі талай жерде айтып жүр. Сөз басында айтып өттік қой. Ағамыз «Қазақ гитарашыларының атасы» ретінде мойындалған адам. Қорабай ағамыздан дәріс алу мақсатында, жәй ғана әңгімелесіп, сырласу мақсатында болса да еліміздің түкпір-түкпірінен өнер адамдары іздеп келіп тұрады. Атап айтар болсақ, марқұм Табылды Досымов 2005 жылы сонау Атыраудан арнайы іздеп келіп, ағасының жанында аунап-қуанп қайтқан екен. Ержан Белғозиев ағамызда Қорабай Есеновтың үйіне бірнеше мәрте келген екен.  Сейіл Аяғанов болса ағамыздың төл шәкірті. Ол кісінің ағасының жайын басқалардан көбірек білетіндігі де осыдан болса керек-ті.

Бір сұхбатында Табыл Досымов «Мен сонау Жаңаарқада жатқан Қорабай Есенов ағам секілді халыққа аңыз болып қалғым келеді. Қорабай ағам халық жүрегіне жеті-ақ өлеңмен жеткен адам. Мен сол кісіге еліктеп өстім» деген екен.

Жалпы, ағамыздың жеті әнмен елге танылғаны рас. Бірақ, Камал Смаилов ағамыздың заманында «Қазақ радиосына» он бес ән жаздырып, отыз жылға келісімшарт жасасқан екен. Ол келісімшарттың күшін жойғанына да 4-5 жылдың жүзі өтіпті. Өнерде «шығармашылық одақ» деген түсінік бар. Ақын Кәкімбек Салықов, композитор Жағыпар Әлімжанов және әнші Қорабай Есенов құраған одақ тыңдарман жүрегіне жететін бірнеше әнді дүниеге әкелді. Бұндай одақтар нағыз саф өнер иелерінен құралып, дүниеге өлмес туындылар әкеледі.

Жалпы, ағамыз атақ-даңқа құмар адам емес. Бұл кісі халық жүрегінің төрінен орын алған санаулы әншілердің бірі. Сірә, өнер адамы үшін  осыдан үлкен бақыт жоқ шығар? Ағамыздың бойынан қарапайымдылық пен  сырбаздық қатар есіп тұрады. Сахнаға былтыр шығып, биыл жұртты танымай кететін жастарға үлгі етіп көрсететін адам нақ осы -  Қорабай Есенов. 

Мінекей, тұтас бір дәуірдің әншісі болған Қорабай ағамыз да жетпіс жасқа толған екен. Қоңыр гитарасына қосылып, қоңыр дауысты әндерімен жұрт жүрегінен орын алған ағамызды қоңыр күзде біз де туған күнімен құттықтаймыз. Ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Қорабай ағамыздың суреті алынған сайт

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға