Жаңалықтар

Көпжылдық ауа температурасының өзгерістері: ғылыми мәні мен географиялық маңызы

Көпжылдық ауа температурасының өзгерістері: ғылыми мәні мен географиялық маңызы
Фото: El.kz 23.04.2025 05:27 244

Ауа температурасының көпжылдық ауытқуларын зерттеу – қазіргі география ғылымының өзекті салаларының бірі. Зерттеулердің маңыздылығы географиялық қабықтың маңызды компоненті саналатын климат пен ландшафтардың қалыптасуына тікелей байланысты. Әсіресе, жаһандық жылыну мен климаттық өзгерістер мәселесі соңғы онжылдықта әлемдік ғылыми қауымдастықта кеңінен талқыланып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Орта Азия өңірі, соның ішінде Қазақстан аймақтары да бұл үдерістен тыс қалмағанын байқаймыз. Көпжылдық температуралық серпіндердің себептері – тек табиғи факторлармен ғана емес, адамның шаруашылық әрекетінің ықпалымен де тікелей байланысты. Атмосфераның жылулық және химиялық ластануы, жылу балансының бұзылуына әкелетін парниктік эффект – осының айқын дәлелі. Бұл факторлардың қосындысы табиғи климаттық циклдармен қабаттаса отырып, температуралық режимнің өзгеруіне себеп болады.

Солтүстік Қазақстандағы Петропавл, Қостанай, Астана, Павлодар, Көкшетау және Атбасар станцияларында жүргізілген зерттеулер ауа температурасының 1963-2014 жылдар аралығындағы жаз мезгіліндегі климаттық ерекшеліктерін саралайды. Жұмыстың басты мақсаты – осы уақыт аралығындағы температураның жалпы жүрісін сипаттап, оның ауытқу себептерін анықтау. Түрлі факторларға байланысты болған бұл өзгерістерді тереңірек түсіну – болашақта табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен ауа райын болжаудың дәлдігін арттыруға жол ашады.

Температураның тәуліктік өзгерісі – атмосфера мен жердің өзара әрекеттесуінен туындайтын күрделі құбылыс. Құрлық пен теңіздердің бетіндегі температура ауытқулары, ауа массаларының қозғалысы мен күн радиациясының таралуы – бұл үдерістің басты қозғаушы күштері. Әсіресе, тропиктік аймақтарда амплитуда жыл мезгілінен тәуелсіз 20–22 °C-қа жетсе, қоңыржай белдеуде жаз мезгілінде 8–9 °C, поляр маңында 1–2 °C аралығында болады. Қазақстан жағдайында да бұл ауытқулар әр жыл мезгіліне, географиялық орнына, жер бедеріне және ауа массаларының әсеріне қарай әртүрлі сипат алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға