Жаңалықтар

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен жеңілдіктер

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен жеңілдіктер
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.11.2023 15:35 46458

Мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін биыл орта есеппен 501,5 мың отбасы алып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар "көпбалалы" саналады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасылардың табысын есепке алмай, мемлекеттік жәрдемақы беріле бастады. 

Ал 6 және одан көп баланы дүниеге әкелген әйелдер көпбалалы аналарға жатады. Алты баласы барлар "Күміс алқа", ал 7 не одан көп баласы барлар "Алтын алқа" алқасымен марапатталады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем мерзімі бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайын республикалық бюджеттен жәрдемақы алатын, жұмыс істемейтін әйелдер саны орташа есеппен 92 879 мың болды, оларға 7,9 млрд теңге төленді. Осы жәрдемақының мөлшері баланың кезектілігіне байланысты, бүгінгі күні жәрдемақы 5,76 АЕК-тен (2023 жылы – 19 872 теңге) 8,90 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 30 705 теңге) соманы құрайды.

Балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы

Сәби туғанда үйде отырған және жұмыс істейтін аналарға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді:

бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 2023 жылы – 131 100 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.

Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы аударылады.

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша тағайындалатын жәрдемақының мөлшері:

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.

Декретке дейін жұмыс істеген аналардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы

Жәрдемақы бала санына қарай есептеледі:

4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге.

Көпбалалы аналар зейнетке ерте шығады

Заңға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шығады.

Көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктер

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспананы бірінші кезекте алуға құқылы.

Сонымен қатар "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық пен баждан босатылған:

көлік салығы ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – бір автокөлік бойынша);

тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық ("Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар);

үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;

жеке тұлға мүлкіне салық ("Батыр ана" атағы бар, "Алтын алқамен" наградталған көпбалалы аналар АЕК мөлшерінің 1000 еселенген шегінде);

нотариалдық қызмет кезіндегі мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – барлық нотариаттық әрекет бойынша);

зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде төленетін мемлекеттік баж ("Батыр Ана" атағы бар, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар).

Бұдан бөлек, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. 2023 жылы көпбалалы аналар үшін сақтандыру қорына 4 505,6 теңге аударылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға