Жаңалықтар

Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты - Әлихан Смайылов

Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты - Әлихан Смайылов
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 31.08.2023 12:18 42587

Ертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жариялады. Соның алдында бүгін Үкімет басшысының есебін тыңдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әлихан Смайылов берген ақпаратқа сәйкес, заң жүзінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі артып, қылмыстық процесте тараптардың сайыскерлігі және теңдігі қамтамасыз етілді.

Алғаш рет мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне арналған бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институты енгізілді. Оның аясында 1576 ауыл әкімі сайланды. Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізу арқылы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге түпкілікті тыйым салынды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Үкімет «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірледі. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін арттырады, - деді ол.

Үкімет басшысы «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатына тоқталды.  

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары іске асырылуда. Осы қағидаға сәйкес біз ауылдардағы, моно және шағын қалалардағы инфрақұрылым деңгейін базалық стандарттарға жеткізетін боламыз. Аралас сайлау жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Қазақстанда адам құқықтарын қорғау саласында өлім жазасы біржола жойылды, - деді ол.

Смайылов жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарына тоқталды.

Бұл тек осы өңірлердің ғана емес, жалпы еліміздің дамуына үлкен серпін береді. Агломерацияларды дамыту мақсатында биыл жергілікті билік органдарының агломерацияларды дамыту саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған заң қабылданды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру бойынша жаңа әкімшілік реформа аясында жұмыс жүргізілуде. Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді және жергілікті атқарушы органдарың өкілеттіктері кеңейтілді. Мемлекеттік қызметшілер саны 15%-ке қысқартылды. Осы жұмыс – мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадамы. Бұл министрлер мен әкімдердің өздері басқарып отырған салаларды дамытуға деген жауапкершілігін арттырады, - деді ол.

Ол сондай-ақ Президенттің жолдауларын іске асыру шеңберінде әлеуметтік салада жүйелі шаралар қабылданғанын айтты.

Жаңа Әлеуметтік кодекс еңгізілді.Ол азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді. Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан астам ана алады. 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4-сыныптағы балалары тегін тамақтандырумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылы әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді, - деді ол.

Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ке артқанын айтты.

2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысын саралап арттыру жүргізілді. Бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстар 3 трлн. теңгеден асады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бектілді. Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 миллиард теңгеден астам қосымша соманы құрайды. Ағымдағы жылы азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығы берілді. Салымшылар зейнетақы жинақтары сомасының 50%-ін өздері таңдаған жеке басқарушы компанияларға бере алады. Бұдан басқа, 1 миллионнан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдаланды. Биылғы жылдың басынан бастап Үкімет отбасының цифрлық картасын енгізді. 500 мыңнан астам қазақстандыққа проактивті әлеуметтік қолдау көрсетілді, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға