Жаңалықтар

Конституциялық Сотқа 350-ге жуық азаматтан өтініш түсті

Бұл туралы ОКҚ алаңында айтылды
Конституциялық Сотқа 350-ге жуық азаматтан өтініш түсті
Фото: unansea.com 19.01.2023 13:41 1088

Конституциялық Сот өз қызметін бастағалы бері 350-ге жуық азаматтан өтініш келіп түсті. Бұл туралы Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, бұл өтініштерде көтерілген мәселелер түрлі салаларға қатысты. Азаматтардың басым көпшілігі жалпы юрисдикциялы соттардың шешімдерімен келіспейді. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер бойынша, сондай-ақ бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған азаматтардың өтініштері көп. Олар үкіммен, қолданылған жазаның түрімен, оның мөлшерімен келіспейді, мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан соттардың шешімдерін даулайды. Тағы да қайталап айтқым келеді, Конституциялық Сот, сот жүйесіне кірмегендіктен соттардың шешімдеріне баға бермейді және оларды қайта қарамайды. Сондықтан өтініштерге сол мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Бақыт Нұрмұханов.

Азаматтардың Конституциялық Сотқа өтініш жасауы бойынша бірқатар рәсімдер мен ережелер бекітілген.

"Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары «Конституциялық Сот туралы» Заңның 45-бабында нақты көрсетілген. Оған сәйкес, Конституциялық Соттың қарайтын негізгі мәселесі – ол заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституция талаптарына сәйкестігі. Оның шарттары мынадай: Дауланып отырған заң және басқа да нормативтік акті адамның Конституцияда көзделген құқықтарын тікелей қозғауы қажет; Заңды қолдана отырып, сотпен нақты бір шешім қабылдануы тиіс; Сот шешімі күшіне енуі керек; Соңғы шарты – сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл өтпей Конституциялық Сотқа жолдануы тиіс, - дейді спикер.

Оның айтуынша, қазіргі келіп түскен шағымдарда азаматтар бірінші, екінші, үшінші сатыдағы сот шешімдерінің қайта қаралуын, олардың заңдылығына баға беріп, қолданылған қылмыстық жазаның мөлшерін азайтуды және басқа да шешім қабылдауды сұрайды.

"Бұндай мәселелерді шешу Конституциялық Соттың құзырына кірмейді. Конституциялық Сот сот шешімдерін қабылдау кезінде қолданылған заңнын дұрыстығын қарайды. Сондықтан азаматтың шағымында көрсетілген келіспеушіліктері тікелей заңға қатысты болуы керек. Егер заңның конституциялық талаптарға сәйкес келмейтіндігін Конституциялық Сот анықтайтын болса, кейіннен сол заңнын негізінде қабылданған сот шешімдері белгіленген тәртіппен қайта қаралатын болады. Ол қайта қарауды жалпы юрисдикциялы соттар жүзеге асырады", - дейді Бақыт Нұрмұханов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға