Жаңалықтар

Конституциялық құқықты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет – Мағжан Ендібай

Студенттік бастамалар бөлімінің басшысы Конституция күніне орай пікірін білдірді
Конституциялық құқықты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет – Мағжан Ендібай
Фото: azh.kz 29.08.2022 10:25 2900

Ата Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты Мағжан Ендібай өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz.

«Конституция – еліміздің ең негізгі құжаты. Бұл датаны атап өту үшін мәдени-бұқаралық сипаттағы шараларды ұйымдастырып қана қоймай, ел азаматтарына конституциялық құқығын түсіндіру жұмыстарын да жүргізу қажет деп ойлаймын. Бұл жұмысқа тек мемлекеттік орган ғана емес, азаматтық қоғам да белсенді болуы керек. Мәселен, жеке тұлғалардың құқықтық білімін қалыптастыру мақсатында кәсіби мамандардың өңірлерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуіне, жастар арасында Ата заңды меңгеру бойынша арнайы жүлдесі (мотивация үшін) бар байқаулар өткізуіне болады», – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Студенттік бастамалар бөлімінің басшысы.

Сонымен қатар Мағжан Әділбекұлы атаулы күннің халық үшін қандай маңызы бар екенін де тоқтала кетті.

«Қазақстандықтар үшін Конституцияның маңыздылығы 5 маусымдағы референдумда көрінді. Бұл референдумда аталған құжаттың мәтіндеріне белгілі бір түзету мен өзгертулер енгізу ұсынылды. Нәтижесінде сайлау учаскелеріне барған халықтың 78 пайызы құжатты өзгертуге дайын екенін көрсетті. Бұл азаматтық қоғамның қалыптасқанын білдіреді. Сондай-ақ дәл осы құжатқа жұртшылық бей-жай қарамайтындығы байқалады», – деп айтты Мағжан Ендібай.

Алайда отандастарымыздың арасында конституцияға сенімсіздікпен қарайтындардың жоқ емес екені жайлы да Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Студенттік бастамалар бөлімінің басшысы айтып жеткізді.

«Дегенмен Конституцияның маңыздылығын ел арасында арттыра беру керек. Өйткені конституцияға сенімсіздікпен қарайтын азаматтар да бар. Сондықтан мемлекеттік органдар өздеріне жеке тұлғадан түсетін конституциялық құқықтарына байланысты өтініштерге баса назар аударып, тиісінше солардың шешілу институтын дамыту қажет деп білемін. Осылайша дәл осы құжаттың халық арасында орнын айшықтап, маңыздылығын арттыра түсеміз. Осы орайда, Мемлекет басшысының Конституциялық соттың қайта құрылуын ұсынғаны да Ата заңның күшін айшықтай түседі деп сенемін», – деді Мағжан Ендібай.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға