Жаңалықтар

Конституциялық Соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы сот тәртібінен ерекше болады

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі Қанат Мусин айтты
Конституциялық Соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы сот тәртібінен ерекше болады
Фото: egemen.kz 07.09.2022 12:04 901

Конституциялық Соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы сот тәртібінен ерекше болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды EL.kz.

«Конституциялық заң жобасының екінші бөлімі конституциялық іс жүргізуді жүзеге асырудың ерекшеліктеріне арналған. Бірінші кезекте, конституциялық іс жүргізудің жалпы шарттары мен қағидаттары бекітілді. Конституциялық Сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалады. Өз кезегінде, Конституциялық заң жобасының 46-бабына ерекше назар аударғым келеді. Онда азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібін белгілеу ұсынылады. Жалпы, азамат даулап отырған нормативтік құқықтық акт оның қатысуымен жалпы юрисдикция сотында қолданылуы керек деген талапты белгілеу ұсынылады. Бұл норманы белгілеу, ең алдымен, Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша тек олардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілерді тексеретіні туралы Конституция нормасын іске асыру үшін қажет», - деді Қ. Мусин тиісті заң жобасын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, Конституциялық Соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді.

«Жоба барлық процедуралық және ұйымдастырушылық рәсімдерді барынша жеңілдету қажеттілігін ескере отырып әзірленді. Конституциялық Соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұратын болады. Біріншіден, Конституциялық Сот аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы. Екіншіден, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау. Үшіншіден, Конституциялық Сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындау. Төртіншіден, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу. Ал соңғы кезең – өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау. Сондай-ақ, жобаға Конституциялық Соттың шешімдерін орындау тетіктері енгізілген», - деді министр.

Конституциялық заң жобасын қабылдау Конституциялық Соттың қызметі, оған Конституциямен жүктелген өкілеттіктерді іске асыру үшін құқықтық негіз жасайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға