Жаңалықтар

Конституция күніне орай Лондонда «болашақтықтар» арасында футболдан жарыс өтті

Конституция күніне орай Лондонда «болашақтықтар» арасында футболдан жарыс өтті
09.02.2015 04:22 4138

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік Қоғамының Ұлыбританиядағы өкілдігі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиаттарының арасында футболдан Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған турнир өткізді. 

Конституция күніне орай Лондонда «болашақтықтар» арасында футболдан жарыс өтті

«Жастар арасында спорттық іс-шара, оның ішінде «болашақтықтар» арасында футболдан турнир өткізу белсенді және ұтқыр әлеуметтік топ – студент жастардың салауатты өмір салтын дәріптеу және оны дамытуға бағытталған», - деді Акционерлік Қоғамының Ұлыбританиядағы өкілі.

Сонымен қатар бағдарламада «Осыдан он жеті жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заң Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге негізделген құжат. Оның басты көздейтін нысаны – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституция осы жылдар ішінде жас мемлекеттің, билік пен басқару жүйесін жан-жақты нығайтып қана қоймай, ел экономикасын түбегейлі реформалауға, сыртқы және ішкі саясаттың оң нәтижелі жүзеге асуына ықпал жасады. Қоғамда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын орнатты. Бір сөзбен айтқанда, Ата заң – қоғам дамуының түпқазығына айналды. Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді қарқынды дамытып, әлемнің маңдай алды мемлекеттерінің қатарына қосу — біздің қастерлі де қасиетті борышымыз.  Сондықтан жастардың дамуына айрықша назар бөлінуде» деп қосты.


Футболдан жарысқа Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер ұйымының көшбасшылары мен белсенділері, London, Reading, Colchester, Norwich, Southampton, Bath және Newcastle университеттерінің «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары қатысты. Турнирге бес футбол командасы қатысты. Оларды қолдауға Ұлыбританияның түрлі қалаларынан жанкүйерлер келді, арасында бокстан олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев та бар

Футбол турнирінің жеңімпазы Brunel университетінің «болашақтықтары» болды. Екінші орынға Colchester университетінің стипендиаттары шықса, үшінші орында – Reading университеті.

Бұған қоса, жарыс шеңберінде үздік қақпашы, үздік шабуылшы және үздік қорғаушы номинациялары бойынша үздіктер анықталды.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті И.Мамашева қатысушыларға белсенділіктері үшін алғыс білдіріп, қатысушыларды грамоталармен және кубокпен марапаттады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға