Жаңалықтар

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 19.04.2024 18:30 2732

Балет – тек әсемдікті, әдемі мүсінді ғана емес, еңбекқорлықты, шыдамдылықты талап ететін, қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер. Көрермен сүйіп көретін сахнадағы әрбір көріністің артында артистердің қаншама күндік дайындығы, үлкен еңбегі жатыр.

Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Астана Операға» барып, мұнда театр солисі, балет әртісі болып қызмет етіп жүрген Серік Нақыспековпен балет өнері аясында әңгіме өрбітіп қайтты. Кейіпкеріміз балет өнеріне қалай келгені, ерлердің балет биімен айналысуына қатысты стереотип жайлы айтып берді.

Серіктің балет әлеміне келуі туралы

Балет солисі Жетісу облысына қарасты Сарқан қаласында дүниеге келген. Жасы – 32-де. Ол өмірінің басым көпшілігін Алматы қаласында өткізген. Бүгінде балетпен кәсіби түрде айналысатын Серік о, баста балет жайында ештеңе білмеген. Бала кезінен ойы бокс, күресте болған.

Шынымды айтсам, балетке менен бөлек, отбасым да аса қызыға қоймайтын. Бала кезімде суретті жақсы салатынмын. Әкем мені бос жүрмесін деп өнерге жақын балалар білім алатын бір мектепте оқытқысы келді. Тіпті емтихан тапсыруға келісіп қойған едік. Сөйтіп, әкем бір күні теледидардан Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің жарнамасын көріп қалады. Онда балаларды ұлттық би билеуге үйрететіні, жататын, тамақтанатын орын бар екені жайлы айтылады. Әкем оған қызығып қалады. Сурет салатын мектепке бара жатқанда жолда сол хореография училищесіне кіре салайық деп болмайды, - деді ол.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Басында Серік анасы екеуі бірге училищеге барғысы келмеген. Оған әкесі қоймай қойған соң оқу орнына кіріп шығатын болып шешеді. Сөйтсе, қаладан келгендердің емтихан тапсыру уақыты бітіп қалған екен. Сонда да әкесі райынан қайтпай, ұлын қарап көруді ұсынады. Осылайша Серік емтихандардан өтіп, Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне оқуға түсіп, 8 жыл бойы білім алды.

Одан кейін Санкт-Петербург қаласында Агриппина Ваганова атындағы орыс балет академиясында бір жыл оқиды. Сосын ол Қазақстанға қайтып келіп, Алматыдағы театрда бір жыл қызмет етеді.

Ол театрда әртістердің барлығы 80 мың теңге айлық алғанда, мен сынақ мерзімінде жүргендіктен 36 мың теңгеге бір жыл жұмыс істедім. Буфеттен қарызға тамақ ала беретінмін. Жалақымның 15 мың теңгесі тамаққа кетсе, 20 мың теңгесін ата-анама беріп отырдым. Осылайша өзім түксіз қалатынмын. Сондықтан ресторанға барып қосымша жұмыс істейтінмін, - деді кейіпкеріміз.

Алматыдағы театрда бір жыл қызмет еткен соң Серік Нақыспеков шетелде жұмыс істеп келеді.

Екатеринбургте 2-3 айдай жұмыс істедім. Сөйтіп, әке-шешем елге қайт деді. Өзім де қайтқым келді. Содан Астанаға келу туралы шешім қабылдадым. 2013 жылы «Астана опера» театры ашылған соң солист ретінде қызметке орналастым. Сол кезден бері осы жерде жұмыс істеп келемін, - деді ол.  

«11 жыл ішінде айлығымыз 20 мың теңгеге ғана көтерілді»

Балет әртісінің айтуынша, бүгінде өнер иелерінің айлығына қатысты мәселе әлі де өзекті болып отыр.

«Астана опера» театрында жұмыс істеп жатқаныма 11 жыл болды. Сол уақыт ішінде айлығымыз бар болғаны 20 мың теңгеге ғана көтерілді. Атап айтқанда, 2013 жылы жалақымыз сол кездегі бағаммен 1600 доллар болды. Ал қазіргі айлығымыз шамамен 600 долларға теңеседі, - деді ол.

Серік Нақыспеков кейде театрға қарап, жүрегім ауырады дейді.

Өнер адамдарының назары тек өнерде болуы тиіс. Алайда қазір көбі театрдағы жұмысым тез аяқталса екен, одан кейін такси болып ақша табу керек еді деген оймен жүреді. Олардың арасында тек таксиде ғана емес, бірнеше жерде жұмыс істейтіндері де бар, - деді балет солисі.

«Денеміздің өзі жаттығуға тартылып тұрады»

Серік Нақыспековтың сөзінше, балет әртістері бір-екі күн дайындалмай қалса, өздерін біртүрлі сезінеді екен.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Біз денемізді шынықтырмай қалсақ, бір қызық сезімде боламыз. Денеміздің өзі жаттығуға тартылып тұрады. Кейде мансабын тоқтатқан балет әртістерімен әңгімелесеміз ғой. Сол кезде олар «қойылымды тамашалауға келгенде сахнаға өзіміз шығып кеткіміз келіп тұрады» деп айтады, - деді балет артисі.

Балет солисі әрбір жұмысқа үйреніп кетуге болатынын айтады. Дегенмен ол компьютердің алдында күні бойы отырып істейтін жұмыс өзіне келмейді деп есептейді.

Өмір жұмыс істетемін десе, істетеді ғой. Бірақ менің бір орында ұзақ отыруға шыдамым жетпейді. Біз қозғалысқа әбден үйреніп қалғанбыз, - дейді ол.

Шетелде қазақ балетіне деген көзқарас қандай?

Серік Нақыспеков халықаралық жарыстарға барғанда шетелдіктердің қазақ балетін мақтайтынын айтады.

Біз биік деңгейдеміз. Әсіресе ерлер жарыстан міндетті түрде I-III орын алып қайтады. Конкурсқа қатысуға қазақтар келе жатыр десе кейбіреуінің көңіл-күйі түсетін. Дегенмен еліміздегі балет әртістерінің классика жағынан биі мықты болғанымен, заманауи биі әлі жетіле қоймаған. Еуропа, Корей, Қытай сынды басқа елдерді алып қарайтын болсақ, олардың заманауи балет биі жоғары деңгейде дамыған, - деді ол.

Балет әртісі еліміздегі заманауи балет биін дамыту үшін кәсіби ұстаздардың қатарын көбейтіп, жиі шеберлік сағатын өткізіп, көбірек спектакльдерді қойып, түрлі тәжірибе жасап көру керек деген ойда.

Шетелде жарысқа барғанда біз бірінші орынға келе жатамыз да заманауи биге жеткенде ұтылып қаламыз. Содан әртістеріміз II-III орын алып қалады. Қазылар алқасы заманауи биге нашарлау баға беретін. Сөйтіп, бір күні нашар болса да өзім би нөмірін қойып көрейінші деп шештім. Ол биді конкурстарға барып қойған кезде қазылар алқасының барлығы жақсы бағалайтын. Осы уақытқа дейін өзіме екі-үш нөмір қойғанмын. Әртістерге де мүмкін болашақта қоя жатармын. Әзірге бар назарымды өзіме бұрдым, - деді балет солисі.

 Балет әртісінің сүйікті қойылымы

Балет солисі әр спектакльдегі әрбір рөлін жүрегіне жақын деп санайды.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Өзім қатты ұнататын қойылымдардың бірі – «Спартак». Өйткені оның музыкасы, көрінісі сондай керемет. «Спартак» – нағыз ерлердің балеті. Оны билей алсаң, мансабыңды аяқтай салсаң да болады. Одан кейінгі сүйікті спектаклім – «Собор Парижской Богоматери». Қойылымда Фроллоның, Квазимодоның рөлін сомдағанмын. Екі рөл де ұнайды, - деді Серік.

Кейіпкеріміз оқу оқып жүрген кезінде романтикалық билерді билегісі келген екен. Бірақ театрға келгелі бері жағымсыз кейіпкерлерді сомдайды.

Басында неге жағымсыз кейіпкерлерді бере береді деп ренжитінмін. Алайда уақыт өте келе олардың биі қызығырақ екенін түсіндім. Ал романтикалық рөлдерді сомдағанда күліп, жай әдемі билеп жүре беруің керек. Сондықтан қазір маған бір ханзаданың рөлін ұсынса, мен ойланып қаламын, - дейді балет әртісі.

Балет артистері сымбатты денесін сақтау үшін диета ұстай ма?

Серік Нақыспеков өз мүсінін сақтау үшін ешқандай да диета ұстанбайтығын айтты.

Ел арасында бізді диета ұстайды деген стереотип қалыптасып қалған. Шетелде де болып келдім, ондағы әртістер де аса бір қатты диета сақтамайды. Өз басым қалаған тамағымнан бас тартпаймын. Ет көп жеймін. Тәтті жегім келсе, тәттіні де жей беремін. Газдалған сусынды да ішіп тұрамын. Қонаққа барған кезде «саған не жеуге болады?» деп сұрайды. Мен «маған барлығы болады. Майонез қосылған салаттарды да жей беремін» деп айтамын. Өйткені шыныққаннан кейін бір сағаттан соң бәрі қорытылып кетеді, - деді балет солисі.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Балет әртісі қойылымға дейін бірнеше күн бар болатын болса, денелерін шынықтыруға 1,5 сағат қана уақыт бөлінеді дейді. Ол кезде әртістер көп тамақтанса, толып кетуі мүмкін екен.

Біз алдын ала қойылымның қай кезде болатынын, қандай киім киетінімізді білеміз ғой. Сол себепті өнер көрсететін уақыт жақындағанда шамадан тыс ащы, тәтті жемеуге тырысамыз, - деді ол.

Ерлердің балет биін билеуіне қатысты стереотип жайлы  

Егерде Серік Нақыспеков балетке келмегенде өзі де балет биі ерлерге арналмаған деген ойда болуы мүмкін еді.

Басында балетке оқуға түскенде колготки киген жігіттерді көріп, «қызтеке болып кетемін бе» деп ойлағанмын. Шамамен 4-5 жылдай үйге интернаттан сенбі-жексенбіге келгенде аулада бірге ойнауға шыққан балаларға мамандығың қандай десе өтірік айтатынмын. Балет әртісімін деп айтуға ұялатынмын. Себебі бір-екі ұлға айтқанымда «мә, сен сонда колготки киесің бе?» деді, - деді ол.

Балет артисі өзінің биін көрсеткенде «мені де балетке ала ма?» деп қызығатындардың да болғанын айтады.

«Колготки киіп, би билеу ерлерге арналмаған» деп айтқандардың барлығына  билеген видеомды көрсететін едім. Сол кезде бір-ақ олар балеттің қандай өнер екенін біле бастайды, - деді ол.

Ол бүгінде балеттегі ер адамдарға қатысты стереотип азайды деген пікірде.

Қазір ғаламтор деген жақсы болды ғой. Көптеген білімді адамдарды кездестіресің. Балеттің тарихын айтып беретіндері де бар. Оларға қарап таңғалып, бір жағынан тамсанасың, - дейді Серік.

Балет солисі шетелде қай қалаларда өнер көрсеткен?

Балет әртісі осы уақытқа дейін халықаралық жарыстарға көп барған. 14 рет орын алып келген.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Мәскеу, Нью-Йорк, Сеул, Ресейдің 4-5 қаласындағы, Қазақстандағы жарыстарға барып қатысқанбыз. Қай жерде нақты нешінші орын алғаным есімде жоқ. Жалпы спектаклімізді көрсетуге көптеген елдерге шығып жүрміз. Украинаның астанасы Киев қаласында, Ресейдегі Жаңасібір, Қазан қаласында өнер көрсеттік. Бір айға Испанияға, Италияға барған кезіміз болды. Бізді кейде турларға да шақырып отырады. Желтоқсан айының ортасынан ақпан айына дейін Испания, Португалияда болып, 24 қойылым қойып келдім. Испанияның 15 қаласын, Португалияның 3 қаласын аралап шықтым, - деді ол.

Серік турларға шығуға ұсыныс түссе, мүмкіндігінше шетелге барып, өнерін көрсетіп келуге тырысады екен.

«Тарихта өз атымды қалдырғым келеді»

Серіктің алдағы уақытта әлі мансабын жалғыстыру туралы ойы бар.

Кейде балетті тастап, мүлде басқа бір салаға кетсем бе әлде мұғалім болсам ба екен деген ой келеді. Спектаклден шаршап шыққанда «не қылам мынаның бәрін? Денем ауырып, таңертең тұра алмаймын» деймін. Өзімді бір күні отырып балетсіз не істейтінімді елестетіп көрдім. Бірақ мен әлі де жоқ дегенде 5 жылдай билегім келеді. Деңгейім жоғары болып тұрған кезде билеп алуым керек. Тарихта өз атымды қалдырғым келеді. Балеттен деңгейімді төменге түсірмей кетемін деп ойлаймын, - деді балет солисі.

Балет әртісі өзінің балеттегі мансабын аяқтаған соң басқа саламен қосып балетті қатар алып жүргісі келеді.

Болашақта концерттерді ұйымдастырып қалармын. Балет әртістерін оңалту жұмысымен айналысуым мүмкін. Театрдан ұсыныс түсіп жатса, оның мұғалімі, басшысы болуыма болады. Балеттен толық кетпеймін, - деді ол.

Балет әртістерінің отбасын құруы туралы

Балет солисі балет әртістерінің қандай қыздарға үйленгісі келетінін айтып берді.

Конкурсқа қазақ артистері келе жатыр десе, шетелдіктердің көңіл күйі түседі – балет солисі

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Театрда балеринаға да үйленген, балетке қатысы жоқ қызға да үйленген балет артистері бар. Ол адамның қалауына байланысты. Кейбір ерлер балеринаға үйленгісі келмейді. Оның күні бойы театрда жүргенін емес, үйде отырғанын қалауы мүмкін. Ал басқа ер азаматтар балет саласында қызмет ететін қыздарды алғысы келеді. Себебі шетте жүрген қыздар бұл өнерді түсіне қоймауы мүмкін, - деді Серік.

Кейіпкеріміз де болашақта отбасын құруға ниетті.

Менде болашақ жарым балет саласынан немесе басқа саладан болуы керек деген талап жоқ. Балеттің қыздары өте әдемі болып келеді ғой. Жүрек кімді қаласа, соған үйленемін, - деп пікірін білдірді балет әртісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға