Жаңалықтар

Қоңыр әулие үңгірі

Аңыз бен құпияға толы киелі мекендер
Қоңыр әулие үңгірі
08.09.2017 20:19 17216

Семейден Жидебайға қарай шыққан жолда қаладан 100 шақырым ұзай бере Күшікбай асуы кездеседі. Жол бойына тоқтап, жотаның етегіндегі салқын бастаудан сусындап, бір дамылдап алған соң алда күтіп тұрған әр кезеңнің бір тарихы, ерекше аңызы бар. Асуды қақ жарып жатқан күре жол Бөрілі, Орда, Шыңғыстауды айнала отырып Ақтас тауына әкеледі. Қоңыр әулие үңгірі де сол таудың етегінде, Шаған өзені иіріліп өтер тұсында орналасқан.

Қоңыр әулие үңгіріне жетпес бұрын Күшікбайдан бастап барлық аңызға сусындап барған жөн. Сонда ғана бұл өлкенің қаншалықты киелі екеніне көз жеткізуге болады. Ауыздан ауызға жеткен аңыз-шыны аралас әңгімелерге сенсек Күшікбай зор тұлғалы, ержүрек батыр болған. Ойрат, жоңғардан келетін қауіптің бетін қайтарып, еліне қорған, халқына пана болған батыр осы асудың етегін жайлаған екен. Бір күні батырдың қартайғанын, сырқаттанып жатқанын естіген жаулары ауылды шаппақ болып ұрланып келеді. Ауылдың шетіне келген жауды көтерген батыр төсек тартып жатса да соңғы күшін бойына жиып жалаң көйлекпен қолына қылышын ұстап ұмтылған деседі. Аяқ астынан шапқан жауды қайтарғанмен Күшікбайдың өзі ұрыс алаңында көз жұмады. Асудың басына жерленген батырдың моласы тұсынан шыққан бұлақ қазір қасиетті саналып, әрі-бері өткен жолаушы тоқтамай өтпейді. Асу қысы-жазы жел тұратын, бораны-шашыны тоқтамайтын тұс. Жергілікті тұрғындар да боран сырғи бастағанда «Күшікбай ашуына мінді» деп жатады.

Жолыңызды ары қарай жалғастырсаңыз Мұхтар Әуезов өмір сүрген Бөрілі қорық мұражайынан, Ералы баба, Еңілік-Кебек мавзолейлерінен өтесіз де Абай мен Шәкәрмім, Ұлжан мен Зере жатқан қорымға барасыз. Осы жерде Шыңғыстаудың жоталары таусылып ары қарай Шаған өзенінің жазығы басталады.  Өзеннің Ақтас тауынан өтетін иірімі Қоңыр әулие үңгіріне алып келеді.

Үңгірдің Қоңыр әулие аталуы аңыз бойынша сонау Нұқ пайғамдардың заманына кетеді. Жерді топан су басады деп Нұқ үлкен кеме салғанда үш әулие солай қарай аттанған екен. Бірақ белгісіз себептермен кешігіп келген олар жеткенде кемеде бос орын болмай шығады. Әулиелер енді бірнеше бөренені қосып байлап сал жасайды. Топан су басқанда ұзақ уақыт жүзіп жүрген олар тасқа соғылып үшеуі үш жаққа кеткен екен. Судың арыны басылғанда Қоңыр әулие мінген бөрене осы үңгірге келіп тоқтапты-мыс. Осы жерді мекен етіп қалған әулие қайта қоныстана бастаған халықты емдеп, ізгілікке шақырып, кейіннен үңгір Қоңыр әулие үңгірі атанып кеткен екен.

Бұрындары кіре берісінде әйел адамның ескерткіші тұрған екен, қазір жоқ. Ол кімге арналған, кім орнатқан, қандай да бір наным, сенімге байланысы бар ма, ол  туралы еш ақпарат сақталмаған.  Тіпті кейбір аңыздар бойынша Дарабоз батыр Қабанбайдың сүйегі осында жатыр екен-мыс. Ал одан ары қазбалағандар тіпті қызықты аңыздар айтады. Тіпті әлемді тітіреткен Шыңғысханның өзі осы араға жерленген дейді олар. Дәлел ретінде келесі айғақтарды (мүмкін долбар деп айтсақ та болар, бірақ жергілікті халықты бұл сөз ренжітіп алуы да мүмкін) ұсынады. Оған негіз жоқ та емес. Қоңыр әулиені қоршай жатқан тау сілемдері Шыңғыстау деп аталады. «Шыңғыстау» атауы көне моңғол тілінен аударғанда «Шыңғыс» және «Тай» тілінен шыққан. «Шыңғыс» деп ұлы ханның есіміне байланысты қойылса, «Тай» сөзі «тайшы – басшы, хан» деген мағынаны білдіреді. Кейін уақыт өте келе «Тай» қазаққа түсінікті «тау» деп өзгеріске ұшырап, Шыңғыстау атауы содан шыққан. Ал осы Шыңғыстаудың ең биік жотасы Орда деп аталады. Мүмкін бұл бәрімізге таныс «Алтын Орда» шығар? Бұл гипотезаға тағы дәлел: Жидебайға барсаңыз Еуразия кіндігін белгілеген үшбұрыш тас көресіз. Бұл расымен қос континеттің бар тарапына тең орналасқан нүкте және Шыңғысхан соны білген. Өлерінің алдында балаларына өзін жер кіндігіне жерлеуді тапсырыпты-мыс деген де аңыз бар. Ал егер сүйегін іздесеңіз Қоңыр әулие үңгірінің ішіндегі көлдің астында басқа бір үңгірге шығатын жол бар екен дейді, соның ішінде әлемді тітіреткен хан өзінің соңғы мекенін тауыпты. ШҚО, Абай аудандық мұражайының қызметкері, өлкетанушы Нұрасыл Карибаев жерасты көлін жүзіп өткенде арғы басынан жылқылардың сүйегін көргенін айтады. Шыңғысхан аңызына сенушілер бұл ханның арғы дүниеде мінедтін пырақтары деп қатар жерленген жылқылар болуы мүмкін деген болжам айтады. Бірақ әлі күнге дейін бұл аңызды зерттеген, оның оң немесе теріс екенін дәлелдеген адам жоқ...

Қоңыр әулие үңгірі орналасқан Ақтас тауы атына заты сай, әк тектес жартастардан тұрады. Негізі Қазақстанда үш Қоңыр әулие үңгірі бар. Аңызда айтылған үш әулие бөлініп кеткен соң әрқайсының тоқтаған жері жеке киелі мекендерге айналса керек. Ал Ақтастағы үңгір жайлы ежелден бері халық арасында кеңінен таралып келе жатса да алғаш рет 20 ғасырдың басында ғана зерттеле бастады. Үңгір жайында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында сипатталған.

Семей қалалық мұрағатында  1902 жылы баспалан шыққан «Императорлық Орыс жағрапиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында» шенеунік Брюханов көл мен үңгірді «Шыңғыстауды солтүстік-батыстан айналып өтіп Ақтасқа шыққанда Шаған өзенінің жағасынан Қоңыр әулие үңгірін көруге болады. Оның кіреберіс аузы өте үлкен және әппақ тастардың арасында алыстан мен мұндалап көрінеді»  деп сипаттайды.

Қазір үңгірдің аузы өте тар, дәл қасына келмесең көру мүмкін емес. Адам тек қырындап кіре алады. Биікітігі де екі метрден сәл асады. Бір, бір жарым метр тар ауыздан өткен соң ары қарай кең бөлмеге тап боласыз. Табаны үшкір, тайғақ қоңыр-қара тастарға толы. Ақтастың сырты қандай әппақ болса, іші сондай  көзге түртсе көргісіз қараңғы. Үңгір төбесінен ғасырлар бойы  тамшылаған судан пайда болған сүңгілер де бұл жердің сұстылығын арттырып тұрғандай болады. Ішке қарай үңгір төмен құлдилайды. Табанына шашылып жатқан үлкен тастардың арасында әйел бейнесіндегі балбалтас та бар. Оны жергілікті тұрғындар «қалмақ» деп атайды. Бұл атау қайдан шыққанны да беймәлім.

Ары қарай үңгір екіге бөлінеді. Сол жақ тармағы бірінші кішкене көлге алып барады. Оны жалдап өтуге болады. Ал арғы жағында үлкен жерасты көлі бар. Оң жақ тармағында негізі бөлме бар. Оның ұзындығы 120-150 метрге дейін барады. Аяқ астына шашылған тайғақ тастардан ақырын басып екінші басына жеткенде дөңгелек шағын көлге тап боласыз. Бұл Қоңыр әулиенің киелі көлі. Суының түсі мөлдірден көрі көгілдір түске келеді, дәмі кермек татиды. Көлдің ені шамамен 12-15, ал ұзындығы 18-20 метрге созылады. Ең терең жері 5 метрге дейін барады екен. Түскен жарықтан мың құбылып, сәуле шашатын көлдің бір құдыретті күшке ие екенін тұла бойыңмен сезесің. Көлдің суы шомылуға суық, шамамен 4 градус, сондықтан суға түсуге болмайды. Жалпы үңгірдің ішінде қысы—жазы бір температура +7 градус сақталып тұрады.

Көлден ары қарай 50 метрдей жүргенде үңгір күрт төменге кетеді, жоғары қалған көлдің суы қалайша төмен ағып кетпегеніне таң қаласың. Ары қарай жол екіге, одан үлкендеу залдардан өткен соң тағы бірнеше тармаққа таралып кетеді. Негізгі зерттеулер де осы тұстан тоқтаған екен және қауіпсіздік шарасы ретінде баруға да тиым салынған. Міне, жоғарыда айтылған аңыз бойынша осы тар жолдардың бірі жерасты көліне апарып, Ақтастың басты қазынасы – Шыңғысханның моласын да сол жерден табуға болады екен-мыс. Жалпы Қоңыр әулие үңгірі мен ішіндегі жерасты көлі жайлы аңыз өте көп. Біреулер үңгірдің өз қорғаушысы –әруақ бар дейді. Тіпті дәлел ретінде ақ сәуле бейнеленген суретті де ұсынады, бірақ ол шынымен әруақ па, әлде көлге шағылған фотаппарат сәулесі ме, ешкім дәлелін іздеп көрмеген. Ал екіншілер көлде төрт ақ жыланның бар екенін айтады. Келушілердің ниеті таза болмаса олар көлден су алғызбай қояды екен. Және жылан алтын бар жерге үйір болатынын ескертіп, байлыққа толы Шыңғысханның моласы осында жатқаны туралы тағы бір айғақ ретінде ұсынады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша үңгірдің аузы бұрындары ашық, үлкен болған. Өткен ғасырда барған зерттеушілер «үңгір аузы құмдауық, кіріп-шығуға ыңғайлы» деп жазады. Ал қазір басып қалған жартастар жақын маңда болған ядролық қаруларды сынау жарылыстарының әсерінен тарылып қалған. Ақтастан 70 шақырым жерде жерасты жарылыстарының негізгі ошақтары болған Дегелең ауылы бар. Жиі болған жасанды жер сілкіністерінің әсерінен үңгірдің төбесінен салбырап тұрған әктастар опырылып түсіп, аузын басып қалған. Кейбіреулері әлі күнге дейін құлап түсердей болып әрең ілініп тұр.

Осыған байланысты мына бір оқиғаны да еске ала кетсек болар. Өткен ғасырдың 50 жылдарының соңында Семейлік бір топ студент ұстаздарымен Қоңыр әулиеге саяхаттап келеді. Үңгірге кірген бойда олар қараңғыға қарай ұша жөнелген үкіні байқайды. Бұл не екен деп артынан қарағанша жарылыстан қатты дүмпу болып балалар кірген үңгір тармағын тас басып қалады. Басында қорқып кеткен олар мұғалімнің ақылымен  үкінің артынан ереді де, бірнеше сағат өткен соң басқа бір саңылау тауып шығады. Сол жерде күтіп алған әскерилер режимдегі аумаққа қалай кіргендерін ұзақ тергеп, тіпті сотқа беріп, оқудан шығармақ та болған. 1990 жылы 29 тамызда Елбасының арнайы жарлығымен Семей полигоны жабылғанға дейін бұл аймақ жабық нысан болып саналған.

Қазір үңгір адамдар тәу ететін орынға айналды. Дизель мотор орнатылып, электр жарығы тартылған. Бұрындары батырлар шайқастан соң жараларын осы көлдің суына жуып емдеген екен. Суының емге шипа екені жайлы бүгінде де аңызға толы әңгімелер өте көп. Тарихтан белгілі болғандай бұл өңірде жоңғарлармен қақтығыс алғаш рет 1643 жылы болған. 150 жылға созылған соғыстың ең үлкені 1723 жылы Ақтасқа жақын Қара Сиыр маңайында борын алады. Сол шайқастан жараланып шыққан сарбаздар Қоңырт әулиенің басына келіп құлан таза айығып кетіпті, ал үңгір маңайындағы тас қорымдар да сол заманнан қалған белгі деседі.

Бүгінде келушілерге бірнеше шарт қойылады. Біріншіден дене тазалағын сақтауы міндет. Тек тазалық қана адамға шипа бермек. Екіншіден табиғат тазалығын сақтауы тиіс. Бұл адамның саналы екенін білдіретін әрекет. Үшіншіден алкоголь сынды адам санасын улайтын заттар әкелінбеуі керек. Жалпы тәртіптің барлығы адам мен табиғаттың үндестігіне, тазалық пен адамгершілікке шақырады.

Үңгір ішінде суға құйынып, қонған адамдардың тән жарасы ғана емес, алкоголизм мен нашақорлықтан да сауығып шығатын көрінеді. Бала көтере алмай жүрген әйелдер де аналық бақытқа ие болады. Бұл наным ба, әлде үңгірдің ерекше энергетикасы бар ма, ол жағы ғылымға беймәлім. Дәрігерлер бұл жерде суық суға түскендегі адам ағзасында болатын  тіріткену рефлексі кезіндегі психологиялық өзгерістерге де байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады. Себебі наным бойынша жаныңа дауа табу үшін көлдің суық суын жеті рет бастан аяқ құйынуың қажет. 

Үңгір мен су температурасы өзгермейтін болса да келушілердің алатын әсері әртүрлі. Біреулер сүйегіне дейін тоңғанын айтса, екіншілер бір ыстық суға салып алғандай күйіп кете жаздадық дейді. Бірақ қалай болғанда да көл суы адам ағзасына тек оң әсер беретіні белгілі. Тым болмағанда өз сенімі арқылы көңілі жайланып, жаны тынышталатыны анық.

 Ақтастың етегінде тәу етушілерге арналған үйлер бар. Олар бұл жерде тазалану рәсімін өтіп, қонуға да қалып жатады. Әсем табиғат пен көңілдегі сенім адам жанына түсінбейтін рахат сыйлап, тазаруға мүмкіндік береді. Дәл іргеде ағып жатқан Шаған өзені де табиғаттың үндестігіне өз бояуын қосып тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға