Жаңалықтар

Көңілді босататын 6 фильм

Катарсиске әкелетін кинокартиналар топтамасы
Көңілді босататын 6 фильм
22.01.2019 20:22 10246

  

Терабитияға апаратын көпір  (Мост в Терабитию/Bridge to Therabitia), 2006

Бұл армандауды үйрететін фильм дер едім. Он жасар балалар Джесс Ааронс пен Лесли Берктің басынан кешкендері бастапқыда тым аңғал болып көрінуі мүмкін. Екі бала Терабития ертегі әлемін жасап алады. Ертегі әлемі деген ормандағы ескі үйшік пе әлде шынымен ертегі әлемі болды ма, маңызды емес. Фильмнің ортасына қарай оқиға сіз ойлағаннан басқа бағытта өрбиді. Фильм сценарисі Дэвид Патерсон Кэтрин Патерсонның ұлы және оқиға оның балалық шағындағы оқиғаларға негізделген. Фильм 2007 жылы прокатқа шығып, көрермендердің оң бағасына ие болды. Сол жылы Truly Moving Picture Award (ауд. «Шын мәнсінде көңіл босататын картина») премиясын алды.    

 

 Ояну (Пробуждение /Awakenings), 1990

 Фильм өмірде болған оқиғалар желісінде түсірілген. Медик-ғалым доктор Сэйер (Робин Уильямс) ерекше пациенттерге тап болады. Бұл 1917-1928 жылдары болған летаргиялық энцевалит эпидемиясынан тірі қалғандар. Олар бірнеше он жылдықтар бойы «ұйқыға кеткен» адамдар. Доктор Сэйер зерттеуінің нәтижесінде пациенттер дертінің емін табады. Эксперимент үшін алдымен Леонардты (Роберт де Ниро) таңдайды. Ғажайып! Дәрі көмектесіп, 30 жыл ұйқыға кеткен Леонард оянады! Сөйтіп Доктор Сэйердің өзге пациенттері де өмірге қайта оралады. Бірақ бұл фильмнің соңы емес. Тек шарықтау шыңы ғана. Бұл өмірдің әр сәтін бағалауды үйрететін фильм. Өмір сүргеніңді білмей, сезбей өмір сүру қиын ба? Ал оянып, өмірдің бар бояуын сезініп, қайта ұйқыға кететініңді білу ше?     

 

Кішкентай әйелдер (Маленькие женщины/Little Women), 1994

Фильм Луиза Мей Олкотт романы бойынша түсірілген. Азаматтық соғыс кезінде өмір сүрген Марч  отбасы. Дәлірек айтқанда әпкелі-сіңлілер (Вайнона Райдер, Кристиан Бейл, Кирстен Данст, Клэр Дэйнс). Бір отбасы, бірақ түрлі мінездер мен тағдырлар. Актерлер:  Вайнона Райдер, Кристиан Бейл, Кирстен Данст, Клэр Дэйнс өз кейіпкерлерін тамаша сомдады. Фильмде әр кейіпкердің балалық шағынан, есейген кезіне дейінгі өмірі көрсетіледі. Фильм соңына дейін олардың өмірлері ғана емес, мінез-құлық, көзқарастары да өзгеріп отырады.  Жан жылуы, позитив көңіл-күй қажет болған кезде осы фильмді қарауға кеңес беремін.

 

Полианна (Pollyanna), 2003

Шынымды айтсам алдымен фильмді емес, кітабын оқыдым. Бірде бір мақала оқып отырғанда осы шығармаға арқау болған кітаптағы кейіпкер туралы пікірді көрдім. Дәл не деп жазылғаны есімде жоқ, бірақ «бұл кім өзі?» деген сұрақпен кітапты бір шолмақ болдым. Сөйтіп кездейсоқ жүктелген кітапты екі күн бас алмай оқыдым. Соңғы жағын жұмыста пырс-пырс етіп жылап отырып оқып шықтым. Бұл кітапты міндетті түрде балаларым оқысын деген едім. Бірақ олар ынта білдіре қоймады. Осылайша фильмін іздедім. Иә, кинокартина бар екен. Әсері де кітапқа жетеғабыл. Бір адам өз өмірін ғана емес, тұтас ауылдың өмірін, өмірге деген көзқарасын қалай өзгерткені туралы. Тағдыры ауыр қаршадай қыз өмірдің қиындықтарына мойымайды. Шешесінен, әкесінен айырылған қыз ересектер өмірде қуана білу қасиетін сақтап қалады. Бұл қасиетті басқаларға да таратады. Бірақ қайсар қыздың болмысына ғана шығарма құрыла ма? Фильм сізге әсер етпей қоймайды. Бәлкім түбегейлі өзгеріп кетпессіз, бірақ бір рет көз жасыңыз бетіңізді жуатыны анық. Иә, балаларыңызбен бірге отырып көру ұсынылатын фильм. 

      

Менің дүнием (Мой Мир/Benim Dünyam), 2013

Эла екі жасында көру, есту қабілетінен толық айрылады. Оның ауқатты ата-анасы қызы үшін барлық жағдайды жасауға тырысады. Алайда деннің саулығын ешбір ақша толтыра алмайды емес пе? Әлем қара түнекке айналған қызбен тіл табысу, қол ұшын беру кейде әке-шешенің де қолынан келмейді. Осы кезде олар  Анкарадан Махир мырзаны табады. Махир ұстаз кішкентай Эланы бұл әлеммен табыстырады, оған жазу-сызуды, өмірге бейімделуді үйретеді. Басқа сезім мүшелері арқылы ол әлемді таниды. Оның танып-білуге деген құлшынысы ерекше еді. Ол тіпті жоғарғы оқу орнын бітіріп, қатарластарынан оза бастайды. Фильм кейіпкерімен (басты рөлді сомдаған Берет Саат) бірге қуана бастағанда Ұстазы шәкіртінен бас тартып, сабаққа келмей қалады. Бұл дүниені ашқан Ұстазын қыз ұзақ жылдар күтеді. Ұстазы енді Эланың көмегіне мұқтаж екенін ол білмеп еді...   

 

Филадельфия (Philadelphia) 1993

Фильмнің екі бас кейіпкері бір біріне мүлдем ұқсамайды. Терісінің түсі, қоғамдағы жағдайы, жыныстық қалауы, денсаулығы. Алайда екеуіне де заңға деген құрмет, әділетсіздікке деген өшпенділік  ортақ. Эндрою Бэкет (Том Хенкс) жыныстық қалауы өзгеше, әріптестері ортасында құрметті жас адвокат. Ол өзінің СПИДпен ауыратынын, ана дүниеге санаулы қадам қалғанын біледі. Дәрігерлердің суық хабарынан соң оны сүйікті қызметінен шығарып жібереді. Мұндай әділетсіздікке ашынған Эндрю өз бастығын сотқа бермек болады. Алайда оның ісімен айналысқысы келетін авдокаттар табыла қоймайды. Осы кезде ол өзінің бұрынғы оппоненті Джо Миллерге (Дэнзел Вашингтон) консультацияға келеді. Джо – өте кірпияз адам, оның үстіне гомофоб. Миллер Эндрюдің ісін бірден ала қоймайды. Бірақ әділетсіздікке жаны қас адам емес пе, көп күттірмей ол іске кіріседі. Фильм ештеңені насихаттамады. Алайда әр пенде жақсы өмірге лайық дегенді жұқалап жүрекке жететіндей айтады. Айтпақшы, фильмге түскен 53 гомосексуалдың  43-і бір жыл ішінде СПИД дертінен қайтыс болыпты.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға