Жаңалықтар

Көнеден жеткен көмей үн

Жетіген жайында сіз білмейтін деректер
Көнеден жеткен көмей үн
14.08.2019 10:26 10062

El.kz интернет-жобасы халық жадынан өшіп, байырғы үнінен ажырап қалған көне музыкалық аспаптар жайында жиі жазып, тың деректерді назарларыңызға ұсынып келеді. Бұл жолы көне жетіген аспабына тоқталуды жөн санадық. Осы ретте, сан жылдар сахнада көрінбей, кейінгі жылдары ғана қайта жаңғыра бастаған аспаптың жұртшылық арасында кеңінен танылуына үлесін қосып жүрген жас өнерпаз Жадыра Мүсіреповамен сұқбаттастық едік. Бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры» грантының иегері көне аспаптың өткені мен бүгіні жайында оймақтай ойларымен бөлісті.

(Суретте: Жетігенші Жадыра Мүсірепова)

El.kz: – Жадыра әңгімені сіздің өнерге келген уақытыңыздан бастасақ...

Жадыра Мүсірепова, жетігенші:

– Музыкаға деген қызығушылығымды байқаған ата-анам төрт жасымда мені Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына «домбыра» сыныбына оқуға берді. Бұл мектептің артықшылығы сол, мамандықтан бөлек қазақтың басқа да жетіген, адырна, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай сияқты фольклорлы аспаптарын меңгеруге мүмкіндік береді. Жетігенмен танысуым жетінші сынып оқып жүрген кезімде болды. Бұл киелі аспапты алғаш қолыма ұстатқан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, өнер зерттеушісі Жақыпбек Нұргүл Бижанқызы болатын. Жетігеннің сиқырлы үніне ғашық болып, сол кезден бері бұл аспап менің жан серігіме айналды. Мектептен кейін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына «Дәстүрлі ән» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Ардақ Исатаеваның классына оқуға түсіп, осы оқу орнын тәмамдадым. Өнер саласында білімнің артықтығы жоқ деген оймен, оның үстіне ұстаздарымның қазақ музыкасын терең зерттеп, халық өнерін насихаттайтын ғалымдар керек деген сөздері әсер етіп Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында магистрлік білім алдым. Қазіргі таңда осы аталған оқу орнында жетіген мамандығы бойынша, сонымен қатар А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында сабақ беремін.

Жетіген киелі де, көне аспап. Оның әрбір үні сиқырға, өзінше бір ғажап күшке ие. Оны ойнай бастағаннан көңілің толқып, ерекше күй кешесің. Жастайымнан жаныма серік болған жетігенді замандастарыма, бүлдіршіндерге қолдан келгенінше үйретіп келемін.

El.kz: – Жетіген басқа аспаптарды сүйемелдеуші аспап ретінде, кішігірім ансамбльдер құрамында ғана қолданылады. Бұның себебі неде?

Жадыра Мүсірепова:

– Дұрыс айтасыз, жетіген сүйемелдеуші аспап қызметін атқарып келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Көшенді қазақтың өмір салтымен бе, әлде басынан бұлт арылмаған бабаларымыздың соқпағы көп жолда жоғалтып алғандығынан ба, әйтеуір жетігеннің үні үзіліп қалады. Соның салдарынан болса керек, аспаптың репертуары сақталмай, бүгінде тек қосалқы ұлттық музыкалық құрылғы ретінде қабылданады. Жалпы, жетіген – қазақтың көне көп ішекті, шертпелі музыкалық аспабы. Жетіген тектес аспаптар түркі тілдес халықтар мен Азия елдерінде кеңінен тараған. Мысалы, Қытайда – цинь, гучжен, Кореяда – каягым, Въетнамда – данчань, Жапонда – кото, Туваларда – чадаган, Тофаларда – чаттыган, Қазан татарларында – етиген, Башқұрттарда – чанза, Моңғолдарда – ятага, Хакастарда – чатхан деп аталады. Бұл аспаптар кейбір халықтарда тұрақты дамып біздің заманымызға дейін жетсе, енді бірі түрлі себептерге байланысты ұмыт болып, қолданыстан шығып кеткен. Бір ғасырға жуық уақыт аралығында жоқ болып, ұмытыла бастаған қазақтың жетіген аспабын, өткен ғасырдың 60-шы жылдарында ғұлама ғалым, зерттеуші Б.Ш. Сарыбаев қайта жаңғыртқан болатын. Құрдымға кетіп қайта тірілген бұл аспаптың жоғарыда айтқанымдай өзіндік репертуары өкінішке қарай сақталмағандығы себебінен осындай жағдай орын алып отыр.

Десе де, жетігенді зерттеу, оның сан мыңдаған жаңалығын ашу осымен тоқтап қалады деп айту қисынсыз болар. Қазақтың небір ғалымдары бұл аспап жайында бүгінгіден де мол әрі мәнді мәлімет табатындығына үміттенеміз. Ал біздер орындаушылар қауымы оны әртүрлі жанрға лайықтап, эксперимент жасап, аспапты барынша кемелдендіре түсу үшін, насихатталуы үшін барлық білімімізді сарқа пайдаланамыз деп сеніммен айта аламын.

El.kz: – Халық аспаптарының тарихы жайында құнды деректерден халық хабарсыз. Жалпы, жетіген жайында жұртшылық нені білмейді?

Жадыра Мүсірепова:

– Расында көне аспапты сахнаға алып шығып, түрлі әнді орындап жүргендер көп. Солардың ішінде өзіміз де бармыз. Алайда оның бастауы қайда жатыр, аспаптың насихатталуына кімдер көп еңбек сіңірді деген сұраққа жауап бере алмай жатамыз. Бұл халық музыкасын зерттеуші ғалымдардың кінәсі деп айту жөнсіз болар. Күн сайын болмаса да, жыл сайын қазақ музыка аспаптары жайында көптеген ғылыми еңбек жазылады. Оны өнердің ордасы саналатын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беріп жүргендіктен жақсы білемін. Өнертану саласына бар ғұмырын арнаған ғалымдардың еңбектерімен таныса отырып түрлі аспаптың болғанын байқауға болады. Кейбір аспаптар сол ғылыми еңбектердің арқасында қайта жаңғырып, кеңінен қолданысқа еніп кеткендері де баршылық. Жалпы, ізденгендер үшін қазақ музыкасының тарихымен қашанда танысуға мүмкіндік бар. Тек өнер ордаларында ғана емес, мектептердің де кітапханаларында ұлттық аспаптар мен музыкасы жайында мәлімет табуға болады деп санаймын. Ал жетігенге келер болсақ, бұл аспап жасалуы мен ойналу жағынан күрделі аспаптар қатарында. Бағзы замандарда оның ішектерін жылқының қылынан, тиектері үшін асықтар пайдаланылған. Сол асықтардың көмегімен дыбыс шығаруға, оларды әрлі-берлі қозғау арқылы құлақ күйін келтіруге болады.

Осыдан үш ғасыр бұрын қазақ жерін аралаған И.Лепехин, И.Георги сынды саяхатшы-этнографтар халық музыкасына өздерінің таңданыстарын жасыра алмай, қазақтарда киелі домбырадан өзге көптеген ішекті аспаптардың болғанын жазып кеткен. Сонымен бірге, атақты саяхатшы Пётр Паллас 1786 жылы қазақтардың отанынан жетігеннің көне түрін кездестіріп, оған ерекше қызығушылық танытқан көрінеді. Қазір біздің ғалымдар осы этнограф-саяхатшылардың осындай жазбаларына сүйене отырып, көне аспаптың қазақ даласында XIX ғасырдың белуарына дейін сақталып, кейін жоғалып кеткен деген тұжырымды айтады. Сол кездегі саяхатшылардың естеліктері негізінде жетігеннің алғашқы нұсқасы жасалып, өнерпаздар оны сахнаға қайта алып шыға бастаған. Айта кету керек, көне аспапты 1966 жылы он саусағынан өнер тамған, танымал шебер Оразғазы Бейсенбекұлы жасаған. «Алтын қолды» ісмердің қолынан шыққан аспаптың дыбыс ауқымы 1,5 октава болып, 13 ішек тағылып, бетіне үш жерден тиектер қойылады. Ал оның ноталық жүйесін әлгінде айтып өткенімдей, атақты зерттеуші Б.Сарыбаев жасаған. Халық арасында жетігенді жеті ұлынан көз жазып қалған күйші-өнерпаз жасап, «Жетігеннің жеті күйін» шығарған деген аңыз бар.

Жалпы, аспаптық-фольклорлық музыкамызда айрықша орны бар аспаппен 1970 жылдан бастап Е.Құсайынов, Т.Сарыбаев, С.Мерекеев сынды сахна саңлақтары жаңаша сипатта ән шырқап, халыққа көне аспапты етене таныстыра бастады. Бүгінде жетігеннің диапазоны 2-2,5 октаваға дейін жетеді. Қазіргі таңда Қазақ халық музыка аспаптары музейінде аталмыш аспаптың этнографиялық сипаттамалар негізінде жасалған байырғы нұсқасы мен жетілдірілген үлгілері сақтаулы. Мұндағы аспаптарды О.Бейсенбекұлы, Н.Әбдірахманов, Д.Шоқпарұлы, С.Ділманов сияқты музыка аспаптарының шеберлері жасаған.

«Сазген», «Мұрагер», «Адырна», «Отырар сазы», «Тұран», «Хассақ» сынды белгілі өнер ұжымдары жетігенді киелі сахнамыға алып шығып, түрлі туындылар орындап жүр. Әрине, әлі де жетігенді орындаушылар қауымы көбірек насихаттауы тиіс. Сонымен бірге, аспап жасаушы шеберлер жетігенді кемелдендіре түсу керек. Әсіресе, бас, альт, тенор, прима сияқты түрлері көбірек дамыса екен деген ой да бар. Өйткені, жетіген үйрететін мектептер күн санап артып келеді. Бұл өз кезегінде жетігеннің үлгілерінің көптеп жасалуын қажет етеді.

(Суретте: Кейіпкеріміз өнер ұжымымен)

El.kz: – Сонда жетігеннің алғашқыда 22 ішекті болғаны жел сөз болып тұр ғой...

Жадыра Мүсірепова:

– (күлді) Негізі, алғашынды жeтiгeн aспaбынa 22 iшeк тaғy aрқылы дыбыс қуатын 1 oктaвaдaн 2 oктaвaғa дeйiн көтеруге болатыны анықталады. Оған дейін көпшілік жетігенде 22 ішек болған деп жорамалдап жүр. Жоғарыда айтқанымдай, жетіген ғасырлар бойы ұмыт қалып, кейіннен қайта жаңғырған. Міне, сол уақытта түрлі тәжірибелер жасалған. Сосын бұл аспаптың алғашқы орындаушылары өлең үшін басқа жетігенді, ал күй үшін басқа жетігенді пайдалануға мәжбүр болған. Осындай мәселені шешу үшін шеберлер қос жетігенді бір аспап етіп жасайды. Осы кезде ішeк сaны 22-гe дeйiн жетіп, oрындayшылaр түрді бұрayды керек eтeтiн тундыларды бiр ғана  жeтiгeнмeн oрындayға мүмкiндiк алады.  

Ол ол ма? Бұрын оқуда жүргенімізде ұстаздарымыз oркeстрлeр мeн aнсaмбльдeрдe 3-4 ішекке бір ортақ тиек пайдаланылғанын айтатын. Бұл қандай азап екенін жетігеншілер ғана түсінетін шығар? Қарапайым тілмен айтқанда, қажетті үнді шығару үшін, яғни аспаптың даусын бір немесе жарты тонға өзгерту керек болса, бір ортақ тиекті қозғасаңыз екіншісі басқа үн шығарып кетеді. Бұл ұзақ уақытты алатын дүние. Орындаушылар үшін күрделі әрі қиын жағдай. Осыдан кейін барып әрбір ішекке бір-бірден тиек тағу қолға алынған.

Орайы келгенде айта кетейін, соңғы уақытқа дейін шeбeрлeр аспаптың тиектерін берік aғaштардан жасаған. Дегенмен, бұл да кейіннен қолданыстан шығып қалады. Себебі, ағаштан жасалған құлақтар шыдамсыз әрі бұралғыш келеді. Бұл да орындаушы үшін қолайсыз дүние. Егер жалғыз орындаушы болса түсінікті, ал бiр oркeстрдiң ел алдындағы концерті аспаптың осындай кемшін тұсы үшін бұзылып жатуы, әрине ыңғайсыз. Қазіргі таңда жетігеннің құлақтарын темірден салу белең алған. Бұл әлдеқайда ыңғайлы әрі тұрақты. Өздеріңіз білетіндей, жетігеннің ішектері мал терісінен жасалып кейіннен лeскa қолданылды. Бірақ тағы бір мәселе лeскaн құлaқ бұрayын нық ұстaй алмайды. Сондықтан оның орнына сырты жiбeктен жасалған темір сым қолдану тиімді екені анықталады. Қысқасы, жетігеннің жасалуы да, қолданылуы да күрделі болғандықтан уақыт өте келе осындай өзгерістер болып отырған.

El.kz: – «Хассақ» ансамблі деп қалдыңыз. Өзің де осы өнер ұжымы арқылы халыққа таныла бастадыңыз. Ансамбль несімен ерекше?  

Жадыра Мүсірепова:

– «Хассақ» ансамбльінде біраз жылдар еңбек еттім, ансамбльдік ойында тәжірибе жинадым. Қазіргі таңда жеке шығармашылықпен айналысып жүрмін. Өнер ұжымы өз бағытынан жаңылмай, өнер өлкесіне олжа салып, талай биіктерді бағындырып та жатыр. Қазақ мәдениетін әлемге әйгілеп, халық музыкасын насихаттау бағытында қызмет етіп келеді. Өнер ұжымы қазақтың бар болмысын, өткені мен бүгінін музыка арқылы жеткізуге тырысып бағуда. Өзімізге ғана тән үнімізді сақтап, ұлтымыздың музыкалық аспаптарын, оның ішінде ұмыт болғандарын халыққа насихаттап келеді. Мұндағы әрбір өнерпаздың жүрегі қазақ деп соғады. Қазақ тыңдарманын батыстың даңғаза әуені ығына жығып, иіріп алып бара жатқан уақытта солармен қатарласып, «жан алып, жан беріспей» келе жатыр. Басты миссия да, ерекшелік те осы. Байқасаңыздар, ансамбль құрамындағылардың барлығы жастар, алайда жас болса да олар қазақ өнері үшін жандарын салып, ұлттық рухты оятуға барынша тырысып бағуда. Әрине, өнерсүйер қауымының талғамы жарқ-жұрқ еткен эстрадалық бағытқа ойысқандықтан бұл жанрды да қамтуға тырысады.   

(Суретте: Жадыра Мүсірепованың сахнада өнер көрсету сәті)

El.kz: – Демек, дәстүрлі өнер эстраданың тасасында қалды ғой?

Жадыра Мүсірепова:

– Олай деп кесіп айтуға болмайтын шығар?! Себебі, эстраданы да қабылдай алмайтын қауым бар. Үлкендер жағы түсінікті, бірақ кейбір жастар да даңғаза әнді тыңдай қоймайды. Сондықтан дәстүрлі өнер эстраданың тасасында қалды дей алмаймын. Оның үстіне, дәстүрлі өнерде халықтың тарихы, болмысы, басынан кешірген қуанышы мен қайғысы бейнеленген. Дәстүрлі әнді немесе күйді түсіну үшін оған дағдылану керек. Жеңіл желпі әуендерді тыңдап үйренген құлақ, бірден дәстүрлі музыканы түсініп тыңдайды деп те айту қисынсыз. Тыңдарман дәстүрлі ән-күйді қаншалықты көбірек тыңдаса, соншалық оған терең бойлап, сол музыкадан ләззат ала бастайды. Себебі, қазақтың төл аспаптарының үнінде бізге ғана тән, бізге ғана түсінікті «ұлттық код» бар. Концертке арнайы келген тыңдармандар дәстүрлі музыканы өте жақсы қабылдайды, шабыттанып, әсерленіп, демалып қалады. Жалпы, текті қазақтың тегінде өнерді қабылдай алатын табиғаттан берілген талғам бар. Түптеп келгенде қазақтың баласы қазақ әнін өз деңгейінде тыңдайтын, қабылдап түсінетін деңгейге жетеді.

El.kz: – Дей тұрғанмен, өзіңіз сияқты көне өнердің ізін жалғаушылар ұлттық аспаптар мен халық әншілеріне насихаттың аз екенін айтады...

Жадыра Мүсірепова:

– Дәстүрлі музыканы насихаттау жолында мүлдем ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ эстрадалық музыкамен салыстырғанда, әрине халық музыкасын насихаттау жағы кемшін түсіп жатады. Негізі, аудитория нені қаласа соны өздері іздеп жүріп тауып алады ғой. Сондықтан біреуге өкпе артудан, эстрада озып бара жатыр, оған мыналар кінәлі деп арыз айтудан аулақпын. Тыңдарман нені естігісі келеді соны тыңдайды. Киелі өнердің құтын қашырып жүргендерді де халық сүйіп, өнеріне тәнті болып жатады. Себебі, олар аудиторияның талап-тілегіне сай. Бірақ көңілге қаяу түсіретіні тыңдарманның деңгейін сол өнерпаздар түсіріп жатқандықтарын сезбейтіндігі. Сезбек тұрмақ, ол жайында ойланбайтындығы. Ойлана алмайтындығы қынжылтады. Ал ұлттық аспаптардың насихатталуы кейінгі жылдары қарқынды жүріп жатқан сияқты. Елбасының «Рухани  жаңғыру» атты мақаласы да дәстүрлі өнерді, қазақ музыка аспаптарының кеңінен насихатталуына мұрындық болды.

Бұрынғы «Сегіз қырлы», «Алтыбақан», «Әлем Арт» сияқты бағдарламалар қайта келсе, көбірек болса, нұр үстіне нұр болар еді. Шынымды айтсам, әнінің сөзі де музыкасы да, бейнебаяны да түсініксіз орындаушылар қаптап кеткен. Не кәріс емес, не қазақ емес. Ең қорқыныштысы, талғамы қалыптаспаған жас буын соларды тыңдап адасып өсіп келеді.

(Суретте: Кейіпкеріміздің жетігеншілермен бірге халық әндерін орындау сәті)

El.kz: – Біздің ұлттық аспаптардың артықшылығы мен кемшіліктері неде?

Жадыра Мүсірепова:

– Көптеген халықтар ұлттық аспаптарын, дәстүрлі музыкасын жоғалтып алған. Олармен салыстырғанда біздің ұлттық өнердің жағдайы әлдеқайда жоғары. Жазу-сызусыз, құйма құлақтық әдіспен, ауыз- екі тілмен жеткен мол мұрамыз бізге аманат. Дәстүрімізді дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізу біздің тікелей міндетіміз. Орындаушылардың күн санап артуы, түрлі конкурстар мен фестивальдердің ұйымдастырылуы ұлттық өнердің қанат жайып даму жолында үлкен септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда қазақтың қырықтан астам аспабы қайта жаңғырып, қолданысқа енді. Алайда, ұмыт болып тек оқулықтар бетінде кездесетін төл аспаптарымыз қаншама. Кемшілігі сол, ұмыт болған аспаптарды, сонымен қатар дамымай қарапайым күйінде қалған аспаптарымызды профессионалды тұрғыда зерттейтін мамандар аз.

El.kz: – Жетігеннің репертуары сақталмады дедік, ал қазір қандай туындыларды орындап жүрсіздер?

Жадыра Мүсірепова:

– Қазіргі таңда жетігенге деген қызығушылық басым, сұраныс бар. Қазақстан  Республикасына кеңінен таралып, музыкалық колледждерде, мамандандырылған музыкалық мектептерде, жоғары оқу орындарында қосымша аспап және мамандық ретінде оқытылады. Сонымен қатар көптеген фольклорлық ансамбльдер мен ұлттық оркестрлер құрамында қолданылып жүр. Бірақ, жетіген аспабына арналған оқулықтар жоқтың қасы. Жетігеннің репертуарын: халық және халық композиторларының әндері мен күйлері, жетігенге арнайы жазылған жас композиторлардың шығармалары, жетіген тектес аспаптардың күйсандықпен орындалатын күрделі құрылымды шығармалары, қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты аспаптарының жетігенге лайықталған шығармалары құрайды.

El.kz: – Бір сұқбатыңызда «Ұлдар жетіген үйренуге қысылады» депсіз. Неліктен?

Жадыра Мүсірепова:

– Бұл аспапқа көбінесе қыз балалар көбірек қызығады, жетіген десе, сызылып ән айтып отырған үкілі қыздар елестейді. Қыз орындаушылар басым болғандықтан шығар, бұл тек қыздардың аспабы деген стереотип қалыптасып қалған. Негізі, жетігеннің алғаш орындаушылары Болат Сарыбаев, Талғат Сарыбаев сынды ер кісілер болған. Қазіргі таңда Еділ Хұсаинов, «Роксонаки» тобының мүшесі Ғалымжан Секеев, «Тұран» ансамблінің мүшесі Ержігіт Алиев сынды өнерпаздар жетігенді әлем сахналарында насихаттап жүр. Өзімнің де тәжірибемде жетіген үйренген ұл оқушыларым болған. Ер балалардың күші көбірек қой, сондықтан дыбыстары да қомақты, толыққанды шығады.

El.kz: – Қазір ғана, шәкірттеріңіз жайында сұрағалы отыр едім. Жалпы, жетіген мектебін ашу да ойыңызда екен...

Жадыра Мүсірепова:

– Иә. Әрбір өнерпаз үшін білгенін өзінен кейінгілерге үйрету міндет деп санаймын. Оның үстіне, «жетігенді үйретші» деп қолқа салатын ата-аналар да көбейді. Сондықтан осындай ой келді. Ұзақ жылдан бері осы киелі аспапты серік еткендіктен де шәкірт тәрбиелейтін білімім бар деп білем. Бүгінде болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды шәкірттерім көп. Оқытқан әр оқушым өнерде өз орнын жетіген аспабымен тапса екен деймін. Тек орындаушы ғана болып қалмай, жетігеннің дамуына, репертуарының кеңеюіне өз үлестерін қосуды үйретуге тырысамын.

El.kz: – Жетігенді төрт жастан бастап үйретеді екенсіз. Ең алғашқы сабағыңызды неден бастайсыз?

Жадыра Мүсірепова:

– Жас ерекшелігіне қарамастан, кез келген аспапты меңгеруді дұрыс отырудан, екі қолдың қойылымынан, яғни «постановкадан» бастаймыз. Дыбыстың дұрыс шығуы үшін бастапқыда тек арнайы жаттығулар ғана ойнатамын. Оқушының қабылдауына байланысты бағдарламасын да біртіндеп күрделендіремін.

El.kz: – Елімізде жетігенді кеңінен насихаттап жүрген өнерпаздардан кімдерді айтқан болар едіңіз?

Жадыра Мүсірепова:

– Жетіген көне аспап болғанымен, қазақтың аспаптық музыкасында орнын айқындап, ептеп дамып келе жатқан жас аспап. Десе де, аз уақыт ішінде орындаушылардың техникалық мүмкіншілігі, ой-өрісі, талғамы едәуір өсті. Бұрын жетіген қарапайым әуендерді орындап қана, ансамбльдер құрамында тек сән үшін қолданылса, енді бұл аспап үлкен сахналарда өзін жеке аспап ретінде мойындатып жүр. Болашақта домбыра сияқты жетіген де әр қазақтың төрінен табылатын аспап болуына жеткізсін.

Бүгінгі күні жетігенді жақсы меңгерген орындаушылар көп, бұл өте қуантарлық жағдай. Өнерін құрметтейтін, шығармашылық байланыста жүретін жетігеншілер де аз емес. Аға буын ұстаздарымызға келер болсақ Жақыпбек Нұргүл апайымның жетігеннің даму жолында жасап жатқан еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар Қарагөз Гасимова, Еділ Хұсаинов, Қарақат Әбілдина т.б. ағай-апайларымыз жетігеннің насихатталуына септігін тигізіп келеді.

El.kz: – Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Жадыра Мүсірепова:

– Рақмет.

(Суреттер Жадыра Мүсірепованың жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға