Комиссия дауыс санын санап жатыр
Еліміздің барлық өңіріндегі аумақтық референдум комиссиялары ел азаматтарының дауысын санап жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық сайты ҚазАқпарат ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, астана уақытымен сағат 20.00-де еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 және 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 12 референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды. Ал сағат 21.00-де Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы 1 858 учаскеде өңір тұрғындары дауыс беріп болды. Сонымен қатар шет елдердегі 5 учаске де жұмысын тоқтатты. Қазіргі уақытта шет елдердегі 48 учаскеде ғана дауыс беру жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам дауыс берді. Бұл - дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың 67,65 пайызы. Ал шетелде жүрген 5 100 отандасымыз өз таңдауын жасады. Жалпы, еліміз бойынша референдумға қатысу мүмкіндігі және құқығы бар азаматтардың тізіміне 11 732 699 адам енгізілген болатын. Олар 10 012 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ шетелдегі отандастарымыз үшін 52 мемлекеттегі Қазақстан елшіліктерінің жанынан 65 референдум учаскесі ұйымдастырылды.