Жаңалықтар

Көмір экспорты 18,3 млн тоннаға дейін қысқартылды

Көмір экспорты 18,3 млн тоннаға дейін қысқартылды
Фото: ҚР ИИДМ 28.08.2023 18:31 946

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан темір жолы компаниясы өкілдерінің қатысуымен жылу беру маусымына дайындық тақырыбында брифинг өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

ҚР ИИДМ мәліметінше, жылу беру маусымын ұйымдастыру жұмыстары, атап айтқанда коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен алдын-ала қамтамасыз ету іс-шаралары биыл наурыз айында басталып кеткен.  Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың пайымдауынша, Шұбаркөл көмір (Қарағанды облысы), Қаражыра (Абай облысы) және Майкубен-Вест (Павлодар облысы)  халықты көмірмен қамтамасыз етіп отырған негізгі көмір кен орындары.

Осылайша, жеті айдың ішінде шамамен 61,7 млн тонна көмір өндірілген. Оның ішінде, энергетика саласына 36,8 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 3,9 млн тонна көмір жөнелтілген. Осы ретте көмір экспорты 18,3 млн тоннаға дейін қысқартылғанын айта кеткен орынды.

Халықты көмірмен алдын ала қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жол картасы әзірленген болатын. Аталған құжат өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жіберілген.

Арнайы әзірленген Жол картасына сәйкес алдағы жылу беру маусымына арналған көмір қажеттілігінің жоспары жасалды. Бүгінгі таңда бюджеттік ұйымдар мен халық үшін қатты отынды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Өз кезегінде Қазақстан темір жолы компаниясы көмір тасымалдауға арналған жылжымалы құраммен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Жоспарға сәйкес көмірді тұтынудың болжамды көлемі шамамен 9,1 млн тоннаны құрайды. Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы жүріп жатыр. Өз кезегінде өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ерекше бақылауында, - деді министрлік өкілі Тұрар Жолмағамбетов.

Өткен жылу беру маусымдарында қатты отын халықтың қажеттілігіне сәйкес жоспарлы жөнелтілгеніне қарамастан, жекелеген өңірлерде коммуналдық-тұрмыстық секторда көмір тапшылығы жағдайлары тіркелген еді. Бұл көмірдің көрші мемлекеттерге тасымалдануына байланысты орын алған жағдай болатын. Осыған байланысты халықты аталған отын түрімен қамтамасыз ету мақсатында көмірді 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған.

Өз кезегінде «ҚТЖ - Жүк тасымалы»ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Келбуғанов алдағы жылу беру маусымына дайындық кезеңінде мамыр айынан бастап ҚТЖ Қазақстан бойынша 21 млн тонна тас көмірді тасымалдағанын атап өтті.

Биыл 47 заманауи жүк локомотиві сатып алынды, жылдың соңына дейін тағы жаңа 97 локомотив түседі деп күтілуде. Тәулік сайын 700-ге жуық жүк локомотиві жұмыс істейді, бұл қазіргі кездегі нормативтік қажеттілікке сәйкес келеді, - деді Нұржан Келбуғанов.

Сонымен бірге елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында министрлік көмір экспортына лицензияны тек өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарға беруді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Бүгінде аталған құжаттың жобасы мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу үрдісінен өтіп жатыр. Қолға алынған бұл шара көмір экспортын заңнамалық деңгейде бақылауды жүзеге асыруға және халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірдің қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға