Көмекке мұқтаж астаналықтарға мыңнан астам азық-түлік себеті таратылады
Елордада қайырымдылық мақсатында «Игі істер марафоны» жалғасып жатыр. Бұл жолы акция Қарттар күніне орай және Республика күні қарсаңында өткізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің ресми сайтынының мәліметінше, марафон аясында екі күн ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына мыңнан астам азық-түлік себеті таратылады.
Марафон халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Жоба аясында қала тұрғындарына азық-түлік себеттері табысталады.
Астана әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек атап өткендей, акцияның екі күні ішінде 1000-нан астам азық-түлік себетін тасымалдау жоспарланып отыр.
Қала әкімдігі Qazaq Oil компаниясымен бірлесіп «Игі істер марафоны» аясында ауқымды қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр. 1000-нан астам отбасы, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, қаржылай қиын жағдайдағы адамдар, көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер және толық емес отбасылар сияқты әлеуметтік осал топтар азық-түлік жиынтығын алады. Бір азық-түлік себетінің құны 35 мың теңгеден асады, ал жүктің жалпы салмағы 40 тоннадан асады. Мұқтаждар санатындағы адамдар алушылар тізіміне ену үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әкімдіктерге жүгіне алады. Еріктілер бұл себеттерді үйлеріне дейін жеткізіп береді, – деді Астана әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.
Азық-түлік себетіне қажетті тауарлар жинақталды, оның ішінде ұн, қант, қарақұмық, күріш, макарон, балаларға арналған тәттілер бар. Қораптың салмағы – шамамен 40 кг. Жыл басынан бері Qazaq Oil компаниясымен бірге үшінші акция ұйымдастырылды. Ол жыл соңына дейін жалғасады. Қала әкімдігі бизнес-қоғамдастық пен белсенді азаматтарды осындай қайырымдылық істерге қосылуға шақырады.
Қуаныш Молдабектің мәліметінше, Астанада аса мұқтаждар санатына жататын 180 мыңға жуық отбасы бар.
Статистикаға сәйкес, жыл сайын 50 мыңнан астам отбасы осындай жақсы бастамалар аясында азық-түлік жиынтығын алады.