Жаңалықтар

Көлікті тіркеу үшін төленетін қаржы көлемі бекітілді

Көлікті тіркеу үшін төленетін қаржы көлемі бекітілді
Фото: Pixabay.com 07.04.2023 18:01 1057

Мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдарын заңдастыру кезінде 200 000 теңге мөлшеріндегі бастапқы тіркеу алымын қандай көлік иелері төлеуі тиіс екенін түсіндірді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі комитетке сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерін, қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №13 қаулысы (Қаулы) М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы, оң жақтағы рөлмен басқарылатын көлік құралдарына қатысты қолданылады, - делінген хабарламада.

Аталған санатқа мыналар жатады:

- жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізуші орнынан басқа, сегізден аспайтын жолаушылар отыратын орны бар көлік құралдары;

- жүргізуші орнынан басқа сегізден астам отыратын орны бар, техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын жолаушыларды тасымалдауға арналған көлік құралдары;

- техникалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тоннадан аспайтын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдары.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын көлік құралдарды тіркеген кезде көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін 200 000 теңге мөлшеріндегі алым алынады.

Қаулыда көрсетілмеген санаттарға жататын көлік құралдарын алғашқы тіркеуден өту барысында, Салық кодексінің 553-бабы
4-тармағында бекітілген көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым ставкалары бойынша алым төленеді.

Осыған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінде "Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерді кедендік тазартудан өткізу қажет пе?", - деген сұраққа жауап берді.

Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарын легализациялау үшін негізгі орындауы тиіс шарттардың бірі – осындай автокөліктердің кеден тазартудан өтуі болып табылатыны белгілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға