Жаңалықтар

Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салатын заң тоқтатылды – депутат

Көлікті 5 минуттан артық қыздыруға айыппұл салатын заң тоқтатылды – депутат
Фото: facebook.com/nartai.sarsengaliyev 30.01.2025 19:20 235

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, 5 минут көлігі оталып тұрған адамдарды жазалау туралы шешімді қайта қарау туралы ұсынысты уәкілетті министрлік мақұлдаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бүгін «АМАНАТ» партиясының фракция отырысында осындай маңызды шешімдер қабылданғанын жеткізіп, көпшіліктен сүйінші сұрады.

Сәрсенбіде қоғамды толғандырған екі мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдадық. Міне, оң шешім шықты… Жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекеттің міндеттерін өзін-өзі реттеу ұйымына беру, жекеменшік СРО-ға тастай салу үлкен қателік! Осы шикі қадамды көздеген заң жобасы Мәжіліске келген еді. Біз бірден қарсы болдық, - деді ол.

Нартай Сәрсенбаев мұның себебін де түсіндірді.

Заң жобасы өзін-өзі реттеу ұйымдарына жолаушылар тасымалындағы тарифті белгілеу, бағаны реттеу құзыреттерін бермек. Бұл қате. Құрылуы мүмкін өзін-өзі реттеу ұйымдары азаматтарымызды аямайтыны екібастан белгілі. Бұл жерде тұтас саланы жекеменшік ұжымдарға жығып беру – монополияны қолдан жасауға бағытталған қисынсыз әрекет.

Жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы қауіпсіздік мәселелерін өзін-өзі реттеу ұйымына беру адамдардың өміріне жүрдім-бардым қараудың нақты көрінісі. Ақшаның артынан қуған жекеменшік ұйымдар қауіпсіздікке қалай болса солай қарайтыны айтпаса да түсінікті. Біздің елде де жол апаттары жыл сайын жүздеген адамның өмірін жалмайды, бұл проблеманы мемлекеттік органдар шеше алмай отырып, ақыр аяғында жолдағы қауіпсіздікті өзін-өзі реттеу ұйымына бере салу туралы шешімдері ақылды адамның әрекеті емес, - деді ол.

Осылайша, аталған заң жобасы Мәжілістің мұрағатына түскен. Таксистерді өзін-өзі реттеу ұйымына кіруге, жарна төлеуге міндеттейтін заң жобасы тоқтатылды.

Тоқетер сөзді «АМАНАТ» партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Жақанұлы Қошанов айтты. Көлік министрлігі бірнеше облыста пилоттық режимде жобаны сынап көру керек, халық дұрыс десе ғана заң қайта қаралады. Әйтпесе бұған жол жоқ! Көлік министрі келісті.

Автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу өзгерту керек деп талап қойдық кеше Мәжілісте. Бүгін ІІМ орынбасары депутаттар тарапынан бұл нормаға қатысты ұсыныс болса оны қарауға, қолдауға дайын екенін жеткізді, - деді мәжілісмен.

Айта кетейік, жуырда қозғалтқышты ұзақ уақыт жылытқандарға айыппұл салына бастады. Бірінші жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға