Көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу заңда жоқ болып шықты
Көлікті бес минуттан артық қыздыру үшін айыппұл қарастырылмаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында көлікті қыздыруға қатысты айыппұлды алып тастауды талап еткен болатын.
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха түсіндіргендей, жол қозғалысы туралы заңдағы "бес минут" ережесі "тоқтау" мен "тұрақ" ұғымдарын ажырату үшін енгізілген.
"Тұрақ" – бұл көліктің қозғалысын бес минуттан артық әдейі тоқтатуы. Яғни, мен бір жерге барып, көлігімді бес минуттан артық қойып қойсам, бұл тұрақ болып саналады. Ал көлікті қыздыруға қатысты ешқандай бес минуттық шектеу жоқ. Сондықтан, меніңше, бұл талап дұрыс байланыстырылмаған. Егер көлік елді мекенде қосылған күйде тұрып, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырса, яғни түнде "Газель" қосылып, балалардың ұйқысын бұзса немесе басқа адамдарға кедергі келтірсе, тұрғындар тарапынан шағым түссе ғана жауапкершілік қарастырылады, – деп түсіндірді вице-министр.
Депутат Бақытжан Базарбек "Көлікті қыздыруға қатысты айыппұл туралы дүрбелең – мемлекеттік органдардың салғырттығы" екенін атап өтті.
Сіздер, мемлекеттік органдар, бұл заңда мұндай шектеу жоқ екенін түсіндірулеріңіз керек еді. Бірақ сіздер халыққа дұрыс ақпарат бермей, бәрін бес минутпен байланыстырып қойдыңыздар. Соның салдарынан халық арасында дүрбелең туды. Бұл түсіндіру жұмыстарын Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп жүргізуі тиіс еді. Қазір біз осы түсіндіру жұмыстарының жоқтығының салдарын көріп отырмыз. Осы мәселені хайпқа айналдырып жатқандар көп, – деді халық қалаулысы.