Жаңалықтар

Көлік жылдамдығын асырғандар 40 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді

Көлік жылдамдығын асырғандар 40 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді
Фото: 365info.kz 22.02.2023 20:36 1289

Қазақстанда көлік жылдамдығын арттыру, қауіпсіздік белбеуін тақпау, жүріп келе жатқан көліктің терезесінен дененің қандай да бір бөлігін шығару және алда кетіп бара жатқан көлікті басып озуға байланысты айыппұл мөлшері белгіленеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әділет министрлігі Ашық НҚА порталында "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жариялады. Құжатта көлік жүргізушілеріне қатысты 3 бапқа өзгерістер енгізу көзделген. 

Енді 592-бап бойынша, көлік қозғалысының белгіленген жылдамдығын 80 және одан астам шамаға арттырған жүргізушіге 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер жүргізуші аталған тәртіпті бір жыл ішінде қайта бұзса, 60 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

"Тек соңғы 2 айда Астана қаласында камералар сағатына 160 шақырым жылдамдықпен қозғалған 14 көлікті тіркеді. Ал 180 км/сағ жылдамдықпен жүрген 4 көлік анықталған. Республика бойынша сәйкесінше мұндай 607 және 72 дерек бар. Осыған байланысты рұқсат етілген жылдамдықты едәуір асыратын тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру ұсынылады. Мұндай әрекеттер абайсыз емес, әдейі жасалады", – деп жазылған баптың түсіндірмесінде.

Сонымен қатар, 593-бапта жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері айқындалған.

Жолаушыларды көлік ішіне сыймайтын затты тасымалдау, мұндай затты көліктің терезесі мен төбесінен шығарып қойып тасымалдау, көлік есігін ашып қойып жүру 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Қозғалыс кезінде жүргізуші не жолаушылар көліктің салонынан тыс жерге шығатын болса (яғни, терезеден не есіктен шығып тұру, көлік үстіне шығып алу және тағы басқа жағдайлар), бұл үшін де 10 АЕК мөлшерінде айыппұл бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға