Жаңалықтар

Көлік терезесін сындырып, қоқан-лоқы көрсеткен жүргізуші ұсталды

Көлік терезесін сындырып, қоқан-лоқы көрсеткен жүргізуші ұсталды
Фото: Видеодан кадр 29.06.2023 15:15 2036

Әлеуметтік желіде жол бойында екі жүргізуші арасында туындаған жанжалға қатысты видеоға полиция түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жолды бөлісе алмаған көліктердің бірінің жүргізушісі, екінші көліктің алдыңғы шынысын теуіп сындырады, кейін оң жақтағы терезені жұдырығымен шағып, жүргізушіге қоқан-лоқы көрсетеді. Видеода әйелдің көлік ішінде бала отырғанын айтып, айғайлаған дауысы естіледі.

Полиция мәліметіне сәйкес, ер адам ұсталып, тергеу басталды.

Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол Алматы қаласының 1993 жылы туған К. есімді тұрғыны болып шықты, - делінген полиция ақпаратында.

28 маусым күні Жамбыл ауданының полиция бөліміне 1992 жылы туған О. есімді азамат «Алматы-Бішкек» автожолында сағат 19:20 шамасында жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол-көлік оқиғасын жасаған, сонымен қатар бұзақылық ниетпен көлігін бүлдірген белгісіз адамға қатысты шаралар қабылдауды сұрап, арызбен жүгінді.

Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша бірден аудандық полицияда тіркелді. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдіктінің автомашинасы Ұзынағаш ауылының арнайы айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғасы фактісімен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 1-бөлігі бойынша К. есімді жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды, - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, бұзақылық фактісімен түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыздар:

Қызылорда облысында жол апатынан үш адам көз жұмды

Қарағандыда жүргізуші көлігімен бірге тірідей жанып кетті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға