Жаңалықтар

Көлік салығын төлемеген қостанайлық екі тәулікке қамалды

Көлік салығын төлемеген қостанайлық екі тәулікке қамалды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.06.2023 21:24 905

Қостанай облысында көлік салығын төлемеген тұрғын екі тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, көлік салығын төлемеген азаматты қамауға алу туралы шешімді Қостанай қалалық соты шығарған.

Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер департаментінің, жеке сот орындаушыларының, полиция және прокуратура қызметкерлерінің бірлескен жұмысы шеңберінде 15 маусымда 207 мың теңге сомасында салық төлемегені үшін «LAND CRUISER 200» автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды.

Мемлекеттік кірістер департаменті көлік құралдары бойынша салық берешегін уақтылы өтемеген жағдайда сот орындаушыларымен жұмыс шеңберінде берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың мынадай шаралары қолданылатынын ескертеді:

- уәкілетті органдарда тіркеу іс-әрекеттерін шектеу;

- борышкердің елден тыс жерлерге шығуына тыйым салу;

- борышкерді қамауға алу;

- жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру;

- банктік шоттар мен өзге де мүлікке тыйым салу.

Жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа, берешек сомасының 25%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы өндіріп алады.

Еске салсақ, 2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталған болатын. 19 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын жолдау басталды.

Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар. Оның ішінде 40 АЕК-тен асатын қарыз болса, азаматқа ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға