Жаңалықтар

Көлік саласы бойынша цифрлық жобалар таныстырылды

Көлік саласы бойынша цифрлық жобалар таныстырылды
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі 13.11.2024 01:27 334

Digital Transport Day іс-шарасы аясында Көлік министрлігі өкілдері автомобиль, теміржол, теңіз және әуе көлігі, сондай-ақ автожол саласындағы цифрлық шешімдер мен инновациялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Digital Transport Day-ға Президент кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігінің және Үкімет Аппаратының қызметкерлері, Цифрлық даму вице-министрі, министрліктердің цифрлық салаға жауапты орынбасарлары, сондай-ақ мемлекеттік және жеке ұйымдардың IT-қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында автожол саласындағы цифрлық технологиялар туралы айтылды. Мәселен, олардың қатарында:

- автожолдарды салу, жөндеу кезінде орындалған жұмыстар мен материалдарға сараптама жүргізу рәсімдерін автоматтандыру;

- бизнеске арналған жол-құрылыс материалдарының жалпыға қолжетімді дерекқоры;

- жолдың жай күйін диагностикалау мәселелерінде жасанды интеллектті қолдану;

- республикалық трассалардың ақылы учаскелерінде қолданылатын ақпараттық жүйелер бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 95 мың шақырым автожолдың барлық цифрлық аспектілерін қамтитын бірыңғай жалпыға қолжетімді жүйені іске асыру жоспарлары да көрсетілді.

​Автокөлікпен жүк тасымалдау саласындағы цифрлық мәселелерге ерекше назар аударылды:

​- электрондық тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарына көшуге мүмкіндік беретін Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу;

​- Өзбекстанмен электрондық рұқсат беру бланкілерін өзара алмасу, сондай-ақ ҚХР және Түркі мемлекеттері ұйымдарының елдерімен жобаны масштабтау жоспарлары;

​- 2024 жылы ел жолдарында 20-дан астам автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату арқылы автоматты салмақтық бақылауды күшейту туралы айтылды.

Еліміздің теңіз порттарында жобаларды енгізу бойынша жұмыстар, сондай-ақ Каспий секторы мен мультимодальды көлік дәліздерін цифрлық дамыту жоспарлары да талқыланды.

Әуежайлар мен әуе компаниялардың цифрлық жобалары көрсетілді. Әуе құралдарының ұшуын жоспарлау кезінде қолданылатын технологиялар, сондай-ақ E-freight жүйесінде жүк тасымалын электрондық рәсімдеу мәселесі атап өтілді.

Көлік вице-министрі Қалиақпаров Мақсат Қайыржанұлы іс-шараға қатысушыларға алғысын айтып, көлік саласын цифрландыру қоғам мен экономика үшін қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің транзиттік дәліздерін дамыту және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру аясында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңызы туралы айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға