Жаңалықтар

Көлік полицейлері мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері жұмыс кездесуін өткізді

Көлік полицейлері мен «ҚТЖ» ҰК»  АҚ өкілдері жұмыс кездесуін өткізді
Фото: polisia.kz 14.01.2023 19:10 1138

Көлік полицейлері мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың шақыруымен жұмыс кездесуі өтті. Оған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Абай Досанов, сондай-ақ департамент аппараты қызметтері мен теміржол ұйымдарының басшылары қатысты.

Басқосуда өзара іс-қимылдың басым бағыттары, ҚР темір жолында қауіпсіздік деңгейін және мүліктің сақталуын арттыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мәселелері қаралды.

Өз сөзінде Б.Малыбаев еліміздің теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша департаментте қабылданып жатқан алдын алу шараларына жан-жақты тоқталды. Ол теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралармен полиция қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар теміржол кәсіпорындарының барлық құрылымдары да айналысулары тиіс екендігін айтты.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері Жол картасы шеңберінде жолаушылар вагондарында, вагон-мейрамханаларда және вагон-барларда бейнекамералар орнатылып жатқанын хабарлады. Тасымалданатын жүктерді сақтау үшін жекелеген теміржол станцияларында да бейнебақылау камералары орнатылған. 2023-2024 жылдары ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық локомотивтері сыртқы және ішкі бақылау бейнетіркегіштермен жабдықталмақ. Теміржол көлігіндегі жолаушылар ағыны жыл сайын артып жатыр, – деді Б.Малыбаев.

Бұл теміржол объектілерінде бейнебақылау камераларының санын көбейтуді қажет етеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жолаушыларға арналған 5000 вагонның 476-сы ғана бейнебақылау камераларымен жабдықталған, бұл жеткіліксіз. Ведомство басшысы теміржол вокзалдарының кіреберісінде азаматтардың бет-бейнесі бойынша тұлғаны сәйкестендірудің автоматтандырылған жүйесін орнатуды ұсынды. Оның айтуынша, бұл адамдар көп жиналатын жерлерде нақты уақыт режимінде бейне ағындарынан жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрі орын алған қылмыстардың «ізін суытпай» ашылуына да ықпал етеді.

Кездесу соңында тараптар көлік кешенінің барлық объектілерінде қауіпсіздікті сақтау және қылмысқа қарсы іс-қимыл шаралары жазылған Жол картасын іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға