Көлік министрі Қытаймен сауда және логистика саласында келіссөздер жүргізді
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Көлік министрі Марат Қарабаев көлік-логистикалық кәсіпорындардың басшылығымен және елдің шығыс провинциясындағы Циндао порт қаласының әкімшілігімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Сенбі күні Марат Қарабаев Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласының халық өкілдері жиналысының жетекшісімен кездесіп, Shandong Port group портының автоматтандырылған контейнерлік терминалына барды.
SPG – кеме қатынасындағы жаһандық көшбасшылар серіктесі. 2022 жылы компаниялартобының жүк айналымы 1,62 млрд тоннадан асты. Оның 360-тан астам өндірістік айлағы және 320-дан астам контейнерлік тасымалдау маршруты бар.
Shandong port group бүгінгі таңда Құрық және Ақтау порттарымен олардың қуаттарын арттыру бөлігінде, сондай-ақ «ҚТЖ» АҚ-мен логистикалық өнімдер мен цифрлық сервистерді дамыту, қазақстандық өнімдерді экспорттау, теңіз порттарын және Қазақстанның басқа да логистикалық инфрақұрылымын дамыту саласында ынтымақтастық туралы уағдаласты.
Порттың жұмысымен танысқаннан кейін ҚР Көлік министрі мен SPG өкілдері Ақтаудағы логистикалық сауда хабы мен кеме жасау зауытының құрылысы, ТМТМ кеңейту, порт логистикалық ресурстарының интеграциясы және басқа да әлеуетті бірлескен инвестициялық жобалардың іске асырылуын талқылады.
Сондай-ақ бұл күні Марат Қарабаев GA COSCO контейнерлік терминалына барып, теңіз импорты мен экспорттық жүктерді тасымалдаумен әрі халықаралық кешенді контейнерлік логистикамен айналысатын Қытай-Сингапур бірлескен кәсіпорнының бас директорымен келіссөздер жүргізді. Компания ауқымы, қызмет көрсету функциялары және кешенді қуаты бойынша Циндаодағы жетекші логистикалық кәсіпорындардың бірі болып табылады.
Марат Қарабаев пен Лю Сяоцзюнь қазақстандық экспорттаушыларға GA COSCO инфрақұрылымы арқылы ҚХР және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін, сонымен бірге Циндао порты арқылы ТМТМ бойынша Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің Қытай және транзиттік жүктерін жеткізу алгоритмін бірлесіп пысықтау мүмкіндігін талқылады.
Сонымен қатар тараптар Қытайдан экспортқа шығатын жүктерді және Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің транзиттік жүктерін Циндао порты арқылы Орталық Азия елдеріне жеткізу бойынша жаңа сервистерді бірлесіп дамыту, сондай-ақ аталған маршруттар бойынша GA COSCO контейнерлер паркімен және қазақстандық көлік-логистикалық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырды.