Жаңалықтар

Көктемде төрт түлікке кедергі көп

Көктемде төрт түлікке кедергі көп
Фото: ©Pixabay.com 25.04.2025 17:23 139

Жасыратыны жоқ, қоғамда мал ұрлығы өршіп тұр. Бұған ет бағасының қымбаттауы да себеп секілді. Құқық қорғау және тиісті ведомствалық мекемелер тарапынан бақылау жасалып-ақ жатыр. Алайда, ұрлық азаяр емес.

Жығылғанға жұдырық дегендей, көктемде мал ауруы да етек алады. Қызылорда облысы еліміздегі ең ыстық аймақтар қатарында болған соң кененің ерте оянуы белгілі жәйт. Міне, осы мәселеге тосқауыл қоюда қандай іс-шаралар қолға алынды. Бұл іске жауапты облыстық ветеринария басқармасына байланысқа шықтық. Басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаевпен тілдесіп, жағдайдың барысын білдік.

Көктемде төрт түлікке кедергі көп

El.kz: Шахмардан Сұлтанбекұлы, бүгінгі таңдай аймақта қанша ірі қара, түйе, жылқы, уақ мал бар?

Шахмардан Қойшыбаев: Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқор жүйесінде облыс бойынша үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне 378231 бас мүйізді ірі қара, 259572 бас жылқы, 698066 бас уақ мал, 59701 бас түйе жануарлары тіркелген.

El.kz: Сіз басқаратын басқарма тарапынан сырғалау жұмыстары қалай жүзеге асуда? Өйткені мал ұрлығына араша түсер дәлел осы сырғалау деп білемін.

Шахмардан Қойшыбаев: Қызылорда облысының 2025 жылға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларының төлін бірдейлендіру, сырғалау, таңбалау, чиптеу тәсілдері арқылы тегін жүргізіледі. Осы жылы жануарларды бірдейлендіру үшін 449343 дана аспалы құлақ сырғасы сатып алынып, барлық ветеринариялық ұйымға жеткізіліп берілді.

El.kz: Көктем айларында мал ауруы өршитіні белгілі. Қазір кенеден сақтану жайы қалай?

Шахмардан Қойшыбаев: Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, мал басының амандығы мен өсімін молайту мақсатында аса қауіпті жұқпалы ауруларға тұрақты түрде алдын ала егу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Соңғы 3 жылда 20397,8 мың доза ветеринариялық препарат Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бөлініп келеді. Ал, үстіміздегі жылы аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы ауруға 6277,9 мың доза ветеринариялық препараттар бөлінеді. Қазіргі күні облысқа 3430,9 мың дозасы бөлініп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті жерлерде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалалық тексеру жұмыстарының жылда тұрақты, сапалы, уақытылы жүргізілуінің нәтижесінде 2017 жылы Париж қаласында өткен Халықаралық эпизоотиялық бюросының Бас Ассамблеясының 85-ші сессиясында 183 мүше ел дауыс беру арқылы облысымызға берілген вакцина қолданылатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесі сақталып отыр.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша 2025 жылдың эпидемиологиялық маусымдарына қолайсыз болып 111 елді мекен анықталған. Осы елді мекендерде тіркелген ауыл шаруашылығы жануарларының саны, қора, суат пен шаңлақтардың көлемі және залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттың жобалық есебі нақтыланып, басқарма тарапынан облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс басқармасына ұсынылды. Осы мекеме тарапынан жүргізілген мемлекеттік сатып алу нәтижесінде анықталған мердігер мекемелер тарапынан залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бір ескеретіні, қазіргі күні жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.

El.kz: Облыстан алыс-жақын шетелге мал шығару қалай шешіледі?

Шахмардан Қойшыбаев: Ауыл шаруашылығы жануарлары жұқпалы аурулардан таза аймақтардан тиісті министрліктің рұқсаты берілген мемлекеттерге ветеринариялық сертификатпен тасымалданады. 2024 және 2025 жыл басынан облыс аумағынан шет мемлекеттерге ауыл шаруашылығы жануарлары экспортталмаған.

El.kz: Қоғамды алаңдатқан тағы бір өткір мәселе – мал ұрлығын болдырмау мақсатында басқарма тарапынан қандай тосқауыл қойылған?

Шахмардан Қойшыбаев: Мал ұрлығын болдырмау мақсатында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментімен мал ұрлығының алдын алу тиімділігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары  бекітілген. Осы жоспарға сәйкес полиция департаменті мен аумақтық инспекциялар тарапынан ауқымды іс-шаралар атқарылу үстінде.

El.kz: Әрине, алға қойған міндеттерді дер кезінде орындау үшін техникалық база талапқа сай болуы керек. Бұл жағы қалай жүзеге асуда?

Шахмардан Қойшыбаев: Шынында, міндетті іс-шараларды уақытылы ұйымдастыру үшін ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мықты болуы қажет. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы
3 жылда облыстық бюджеттен 682,3 млн. теңге бөлініп, бірінші кезекте 163 дана компьютер және 163 дана термочемоданмен 100 пайыз қамтылса, 71 арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Яғни, автопарк 52 пайызға жаңартылды. Үстіміздегі жылы да 27 арнайы автокөлік сатып алуға 264,4 млн. теңге бөлініп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауыл шаруашылығы өнімін
2 есеге арттыру жөніндегі Жол картасы бойынша 2024 жылы 50,7 млн. теңгеге 3 бірлік блоктық-модульдік ветпункт ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы 169,0 млн. теңгеге 10 бірлік салу жоспарланған. Қазіргі күні 4 бірліктің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға