Жаңалықтар

Көксу қант зауытының жаңа тынысы

Қант қайда өндірілетінін білесіз бе?
Көксу қант зауытының жаңа тынысы
17.05.2017 16:56 11958

Алматы облысы, Ескелді ауданы, Балпық би ауылында орналасқан әйгілі Көксу қант зауыты өткен ғасырдың екінші ширегінде құрылған. Кеңес дәуірінде сапалы қант шығарумен танылған кәсіпорын қант қызылшасының жоқтығынан 2012 жылы жабылып қалған еді. Содан бері тоқтап тұрған өндіріс ошағы мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің арқасында 2015 жылы қайтадан іске қосылды.

–  Зауыт биыл міне, екінші жыл қатарынан жұмыс істеп тұр. Дамудың жаңа сатысына көтерілу барысында біршама шаруаларды атқардық. Инвестиция тартылып, біраз қаражат бөлінгеннен кейін, біздер жаңағы көп қондырғыларды жаңартып алдық. Бірінші кезең болып саналатын автоматтандыру, сүзу бөлімін, бәрін жаңадан жасап, қазір екінші кезеңге дайындап жатырмыз. Кең ауқымды жаңғыртудың бірінші кезеңіне мемлекет тарапынан бір жарым миллиард теңге бөлініп, ең әуелі сүзгілер мен вакуум аппараттар ауыстырылды. Бұл шикізаттың конвейер арқылы келу қарқынын тұрақтандырып, өндірісті арттырды. Технологиялық үдеріс оңтайланып, адам еңбегі жеңілдеді. Қазір біздер бұрынғы 6 сүзгіні алып тастап, 3 сүзгі қойдық. Ол үшеуі алтаудың қызметін атқара алады. Бұрынғыдай ол жерде қолмен ашып-жабатын тәсіл жоқ, бәрін автомат өзі жасайды, өзі істейді. Тек қана таблодан тексеріп отыру керек. Бұрын ол жерде 4-5 адам жұмыс жасайтын болса, қазір бір-ақ адам жұмыс істейді, - деп Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов қайта жаңғырған зауыттың артықшылықтарына тоқталды.

50 жылдан бері жаңармаған зауыттың өндіріс көлемі қазір әжептәуір артты. Бұрын тәулігіне мың жарым тонна қант өндірсе, қазір 2 мың тонна өнім өндіріледі. Әрі тәтті өнім өндіру тиісті талапқа сай жүреді. Яғни, қант қызылшасын қабылдаудан бастап, дайын өнім шығарғанға дейінгі технологиялық желі мамандардың жіті бақылауында. Зауыт директорының айтуы бойынша, 15 түрлі өңдеуден өткен қанттың сапасы нарыққа шықпай тұрып, соңғы рет зертханада тағы тексеріледі.

– Бізде шикізат тексеретін және дайын өнімді қарайтын екі зертхана бар. Яғни, оның бірі қызылшаны қабылдағанда, екіншісі қантты нарыққа шығарарда сараптама жүргізіп сапасын жіті бақылайды. Қантты біз 25 келілік қапқа салып, 361-2008 мемлекеттік стандарт бойынша шығарамыз.

Қант зауыты қазір бір тонна қант қызылшасын 17 мың теңгеден қабылдап жатыр. Ал қанттың бір келісі нарықтан әлдеқайда арзан, яғни  220 теңгеден сатылады. Автоматты қондырғылар шығынды 2-3 пайызға дейін азайтып, қант бағасының төмендеуіне әсер еткен. Бұл зауыттың 20-30% жаңарғандағы нәтижесі. Ал жаңғырудың екінші кезеңі биыл басталады.

 Әйтсе де, бір зауыттың өнімі ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр. Статистикалық дерекке сенсек, Қазақстан жылына 450 мың тонна қант тұтынады екен. Ал Көксу қант зауыты небәрі 20-25 мың тонна тәтті өнім өндіреді. Демек, талдықорғандық зауыт жаңғырудың әлі талай кезеңінен өтеді. Әрі өндіріске қажетті шикізаттың да тапшылығы бар. Себебі, бүгінде шаруалар қызылша өсірудегі жаңа технологияның арқасында гектарына 700-730 центнерден өнім алып рекорд орнатыпты. Әрі облыстық ауыл шаруашылығының өкілдері қант қызылшасы алқабын 2020 жылға дейін 14 мың  гектарға дейін жеткізбек. Бірер жыл бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірге жасаған іс-сапарында Алматы облысына «қант қызылшасының орталығы» деген  атағын қайтару керектігін атап өтіп, арнайы тапсырмалар жүктеген еді. Міне содан бері облыстағы қант өндірісінің көлемі соңғы үш жылда он есеге артқан екен. Демек, тәтті түбірдің мекені болған Жетісудың қайтадан қант қызылшасының  орталығына айналар күні алыс емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға