Көкшетаулық оқушылар үшінші тоқсанды жаңа «Жайлы мектепте» бастайды
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоғам белсенділерімен, ардагерлермен және БАҚ өкілдерімен бірге Көкшетау қаласындағы 1500 орындық жаңа «Жайлы мектепті» аралады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа мектепте 60 оқу кабинеті, физика, химия және биология пәндеріне арналған арнайы зертханалар, IT кабинеттері бар. Балалардың жан-жақты дамуы үшін білім ұясында 4 кең спорт залы, кітапхана, оқу залы және 324 орындық көрермендер залы қарастырылған. Мектеп ғимараты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген, мектеп пандустармен, жеделсаылармен және түзету сабақтарына арналған кабинеттермен жабдықталған. Бірінші қабатта 375 орындық асхана орналасқан.
Педагогикалық құраммен кездесу барысында аймақ басшысы мұндай заманауи мектептердің ашылуы ел болашағына бағытталған инвестиция екенін атап өтті. Ол өз сөзінде бұл мектеп балаларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылық, спорттық және тұлғалық дамуына мол мүмкіндік ашатынын алға тартты.
Біз IT-лицейден осы мектепке жаңа білім мен тәжірибе алу үшін ауыстық. Ұлым 3сыныпта оқиды. Ата-ана ретінде біз өз тарапымыздан заманауи, білімді қазақстандықтарды тәрбиелеуде мектепке көмектесуге дайынбыз, – деді ата-аналар комитетінің өкілі Гүлжан Жақыпова.
Оқушылар мен ата-аналар үшін қолайлы болу мақсатында 9 қаңтардан бастап №6 және №10 қалалық автобус маршруттары ұзартылады. Қоғамдық көлік аялдамасы енді жаңа мектептің алдында орналасқан.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясында Ақмола облысында жалпы сыйымдылығы 12 200 орындық 9 «Жайлы мектеп» салынды. Оның жетеуі Целиноград ауданында, ал екеуі облыс орталығында орналасқан.