Көкшетауда немересін өлтіріп, мәйітін есік алдына көміп тастаған әже 21 жылға сотталды

Көкшетауда асырап алған баланы өлтіріп, оның мәйітін үйінің алдына көміп тастаған әйел мен оның анасы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олар баланың өлімін төрт жыл бойы жасырып, мемлекеттен жәрдемақы алып келген. Бұл оқиға былтыр көктемде бүкіл елді дүр сілкіндірді. Щучинск қаласының ауруханасына басынан ауыр жарақат алған, денесі көгерген бес жасар бала жеткізілді. Оны ертіп келген анасы мен әжесі дәрігерлерге баланың құлап қалғанын айтқан. Алайда, құжаттарын тексеру барысында баланың аты құжаттағы деректермен сәйкес келмейтіні анықталды.
Полиция әйелдің үйіне барып, тінту жүргізген кезде есік алдынан көмілген баланың мәйітін тапты. Тергеу барысында бұл отбасының төрт баланы асырап алғаны белгілі болды. Алайда, олардың бірі төрт жыл бұрын өлтірілген, ал оның құжатымен осы уақыт бойы мемлекеттен жәрдемақы алынып отырған. Сонымен қатар, қалған үш баланың үнемі зорлық-зомбылық көріп келгені анықталды.
Сот үкімі бойынша, баланы өлтірген әжесі 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмысты жасырған, 29 жастағы келіншек – баланың асырап алған анасы 4 жылға сотталды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, еліміздегі асырап алу жүйесінің бақылауын күшейту қажеттігін көрсетті.
