Көкшетауда бопсалаушылар кәсіпкерден 6 млн теңге талап еткен

Көкшетауда бопсалаушылар тобы құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Ақмола облысының құқық қорғау органдары қылмыстың алдын алу бағытында тағы бір маңызды операция жүргізді.
Облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері ақпан айында Көкшетау қаласында кәсіпкерді қорқытып, ірі көлемде ақша талап еткен екі бопсалаушыны ұстады. Тергеу барысында күдіктілердің жергілікті кәсіпкерден 6 миллион теңге бопсалағаны анықталды. Олар заңсыз жолмен пайда табуды көздеп, жәбірленушіні психологиялық қысымға алған. Ақша қолдарына түспегенімен, олар жәбірленушіге тиесілі бірнеше телефон мен кеңсе техникасын иемденіп кеткен. Бұл заттар кейін тергеу барысында айғақ ретінде тәркіленді, - делінген мәліметте.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап, күдіктілерді қамауға алды. Жедел уәкілдердің мәліметінше, олардың бірі бұрын да бірнеше рет сотталған. Тіпті 2021 жылы дәл осындай қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп шыққан.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қажетті тергеу шараларын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
