Көкшетауда белсенді ұзақ өмір сүру орталығының құрылысы аяқталуға жақын

Көкшетауда белсенді ұзақ өмір сүру орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жерде егде жастағы тұрғындар уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, жан-жақты қолдау ала алады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Орталықта компьютерлік сауаттылықты арттыру, шет тілдерін үйрену, спортпен және вокалмен айналысу секілді түрлі қызметтер ұсынылады. Сондай-ақ мұнда жасыл желекке толы оранжерея, аквариум, демалысорындары, спорт залы, кітапхана, заңгерлік және психологиялық кеңес беретін кабинеттер де қарастырылған.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында жасаған жұмыс сапары кезінде орталықтың жөндеу жұмысымен танысты.
Қарт адамдардың денсаулығын нығайтып, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау өте маңызды. Спортпен айналысып, жаңа дағдыларды меңгеру – олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Әсіресе, компьютерлік сауаттылық олардың заман ағымына ілесіп, қоғаммен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Бұл орталық тек білім мен дағды ғана емес, жан жылуы мен қамқорлық сыйлайтын орынға айналады, – деді аймақ басшысы.
Мекеме директоры Қуат Қайратовтың айтуынша, орталық күніне 150-ге тарта адамды қабылдауға орталық қауқарлы. Бүгінде құрылыс жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Орталықтың ашылуы 22–сі Наурыз мейрамына орай жоспарланған.
Бұл – Көкшетауда алғаш рет ашылатын ерекше орталық, онда қарттар жай ғана демалып қоймай, жаңа білім алып, араласар орта тауып, уақыттарын тиімді пайдалана алады.
