Жаңалықтар

Көкшетауда автосалон менеджері жұмыс орнынан 30 млн теңгеге жуық ақша жымқырған

Көкшетауда автосалон менеджері жұмыс орнынан 30 млн теңгеге жуық ақша жымқырған
Фото: © Polisia.kz 25.08.2023 04:25 939

Көкшетауда автосалон менеджері өз жұмыс орнынан 30 млн теңгеге жуық ақша ұрлаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

23 тамызда Көкшетау полициясына ірі соманы ұрлау туралы арызбен жергілікті автосалондардың бірінің директоры жүгінді. Кәсіпкердің айтуынша, белгісіз адамдар алдыңғы түні бухгалтерлік кабинетке кіріп, қолма-қол ақша мен құжаттамасы бар сейфті ұрлап кеткен.

Бұл фактіні полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеді.

Қылмысты ашу үшін криминалдық полиция мен тергеу қызметкерлері арасынан арнайы топ құрылды, бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Автосалонның қызметкерлері мен клиенттері тексерілді, үй-жайларда да, сыртқы периметрі бойынша да орнатылған бейнекамералардың деректері зерделенді.

Қабылданған жедел шаралар кезекші тәулікте күдіктінің анықталуына және ұсталуына ықпал етті, ол 26 жастағы менеджер болып шықты. Жауап алу кезінде ұсталған адам жұмыс күнінен кейін барлық бейнекамераларды өшіріп, бухгалтер кабинетінің есігін бұзып, металл сейфті ұрлап кеткенін айтты. Кейінірек ер адам сейфті кесіп, сол жерден ақша қаражатының бір бөлігін алып, оның 22,8 млн теңгесін өзінің банктік шотына аударған, ал қалған 4 млн теңгесін жасырып қойған.

Тергеу іс-шаралары барысында полиция ұрланған ақша мен сейфті тәркіледі. Жалпы алғанда, сома шамамен 30 млн теңге болған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға