Жаңалықтар

Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды
Фото: Көкпар федерациясы 27.04.2024 19:12 992

21-27 сәуір аралығында Қызылорда қаласының атшабарында өткен көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл дүбірлі додаға Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау облыстарының құрама командалары мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі Қарулы күштері орталық армия спорт (ЦСКА) клубы және Астана, Шымкент қаласының командалары қатысты.

Жарыстың алғашқы күні командалар топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша сынға түсті. Өзара 4 топқа бөлінген командалар әрқайсысы 3 ойыннан өткізіп, топтан бірінші болып шығу үшін барын салды.

Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Сурет: Көкпар федерациясы

Жарыстың үшінші күнінде өз тобынан топ жарып жартылай финалға шыққан Қостанай, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары болды. Жеребе тарту рәсімі өткізіліп өзара кездесу өткізетін екі жұп анықталды.

Көкпар ойындары арасындағы бір күндік үзілісте 25 сәуір күні көкпардан жекпе-жек аттары бойынша Қазақстан Республикасының алғашқы чемпионаты өткенін де айта кеткен жөн. Жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмеген Шымкент қаласының тұлпары «Жебе» болып, шабандоз Елдар Жарылқап 1 000 000 теңге жүлде иеленді.

26 сәуір күні алғашқы жартылай финалдық ойында Қостанайлықтар мен оңтүстік астана командасы арасындағы текетіресте 1:4 есебімен Алматылықтардың айы оңынан туып, Елдар Жиенқұлов кездесудің үздік ойыншысы атанды. Жартылай финалдың екінші кездесуі Жамбыл облысының «Әулие атасы» мен Түркістанның «Тұраны» арасында болды. Барлық көкпар сүйер көрерменнің назарында болған бұл ойын 9:2 есебімен жамбылдықтардың пайдасына аяқталды.

Финал күнін барлық ұлттық спорт жанкүйерлері тағатсыздана күтті. 27 сәуірге белгіленген ақтық кездесудің алдында Қостанай мен Түркістан облыстарының құрамалары 3-орын үшін таласты. Өте тартысты өткен ойында қостанайлық командаға сәл ғана сәттілік жетіспей, 1 ғана салым айырмасымен Түркістанның пайдасына 6:7 болып аяқталды. Ақтық сында Жамбыл облысының құрамасы мен Алматы облысының құрамасы кездесті. 40 минутқа созылған бұл кездесу 7:1 есебімен жамбылдық «Әулие атаның» пайдасына шешілді. Ойынның басты жұлдызы үш салым салған Құрманбек Тұрғанбек болды.

Осылайша бұл чемпионатты кезекті рет жеңген Жамбыл облысы Қазақстан Республикасының 14 дүркін чемпионы атанып 7 000 000 тг сыйақы алды. Күмісті місе тұтқан Алматы облысына 5 000 000 тг, қоланы мойнына ілген Түркістан облысына 3 000 000 тг, ал екінші үшінші орын Қостанай облысына 1 500 000 тг жүлде берілді.

Ел чемпионаты жоғары дәрежеде өтті. Төрешілер құрамы арнайы жасақталып, әділ шешімдер қабылдай алды. Бұл жарыста әділетсіз қабылданған шешімдер болды деп айта алмаймын. Себебі төреші шешіміне күмәнді болған жағдайда эпизодты бірнеше рет қайталап көру мүмкіндігі болды. Бұл ұлттық спорттың дамуында прогресс бар деген сөз, - дейді Бас төреші Ғани Ахметбаев.

Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері пікір білдірді.

Көкпардан ҚР чемпионаты жылда өтетін, ұлттық спорттың оның ішінде көкпар сүйер көрерменнің тағатсыздана күтетін жарысы. Бұл чемпионат әдеттегідей өз биігінен түспеді. Ұлттық құраманың тізімінде бар барлық ойыншыларды бақыладым. Бәрі бабында, - дейді Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Сурет: Көкпар федерациясы

Жылда өтетін, ұлттық спорттың мерекесі саналатын чепмионатымыз ойдағыдай өтті деп санаймын. Бұл жарысты ұйымдастыруда жалпы жүлде қоры 20 млн теңгені құрайтын ақшалай сыйақылар тағайындадық. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, «үздік қорғаушы», «үздік шабуылшы», «үздік ойыншы» номинацияларын да қосып, олардың әрқайсысына 200 000 тг көлемінде ақшалай жүлде де қарастырдық. Төрешілер құрамын күшейттік. Жалпы, бұл жарысқа 16 команда қатысып, жарыстың көркін қыздырды. Арасынан оза шауып, суырылып шыққан Жамбыл облысының құрамасын тағы да жеңісімен құттықтаймын, - дейді ҚР Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚР Көкпар федерациясның президенті Бауыржан Исабаев, ҚР Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов пен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев марапаттап, ақшалай сертификаттар табыстады.

Ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты нағыз шабандоз бен астындағы аты сыналған керемет жарыс болды. Көкпар арасындағы болған үзіліс кезінде де көкпардағы жекпе-жек аттарының да алғашқы ел чемпионатын ұйымдастырдық. Барлығы жоғары деңгей өтті. Жеңімпаз Жамбыл облысының құрамасын көкпардан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы болғанын да тілге тиек еткен жөн. Тағы да жеңістерімен құттықтаймын, - дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Сурет: Көкпар федерациясы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға