Жаңалықтар

Көкөніс сақтайтын қоймалар – баға тұрақтылығының кепілі

Жамбыл облысында жиын-терін науқаны аяқталып келеді
Көкөніс сақтайтын қоймалар – баға тұрақтылығының кепілі
Фото: atomiyme.com 15.10.2022 19:26 3050

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйі қаралды. Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов күн тәртібіндегі мәселе бойынша өңірдегі ахуалды жан-жақты баяндап, бірқатар мәселелерді де бүкпесіз ашық айтты.

Басқосуда келтірілген деректерге сүйенсек, облыс бойынша маусымаралық кезеңде (қаңтар-сәуір) сыйымдылығы 57,7 мың тоннаны құрайтын мұздатқышы бар қоймалар қажет екен. Мойынқұм және Талас аудандарында бірде-бір көкөніс сақтау қоймасы, ал Шу және Сарысу аудандарында мұздатқышпен жабдықталған қоймалар салынбаған.

"Облыста биыл 2,2 миллион тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көзделуде. Өнімдердің өндіріс көлемі облыстың ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Маусымаралық кезеңде 57,7 мың тонна картоп, сәбіз, қырыққабат секілді көкөніс түрлерін мұздатқышы бар қоймаларда сақтау қажеттілігі туындайды. Қазір облыс аумағындағы 81 мұздатқышы бар қоймада оның 81,8 пайызын сақтай аламыз. Әр ауданның халық санына қарай тұтыну нормасына сәйкес өндірілген өнім көлемін сақтауға сыйымдылығы 21,4 мың тоннаны құрайтын мұздатқышпен қамтылған қоймалар қажет", – деді сонда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.

Жамбыл облысында жиын-терін науқаны аяқталып келеді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, биылғы өнімділік бұрнағы жылдармен салыстырғанда өте жақсы. Жалпы биыл облыста 756,2 мың гектарға (2021 жылы 750,8 мың гектар) ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артыпты. 371,1 мың гектар масақты дәнді дақыл толығымен орылып, әр гектардан алынған орташа өнімділік 17,1 центнерді құраған және 633,4 мың тонна астық бастырылған. Одан бөлек көкөніс және бақша дақылдарынан 2,5 миллион тоннаға жуық өнім жиналған.

Қош, егістік алқабы да, өнімділік те еселеп артты. Ал жиналған өнімді қайда сақтаймыз, міне, мәселе осында. Басқарма басшысының жиында айтқан сөзіне сүйенсек, көкөніс сақтау қоймаларына байланысты мәселелер баршылық. Тіпті бірқатар аудандарда қойма атымен жоқ. Осы ретте аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларымен, шаруа қожалық төрағаларымен тілдесіп, мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп көрген едік.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақтың айтуынша, облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 247,7 мың тоннаны құрайтын 240 қойма (84 қойма мұздатқышпен жабдықталған, сыйымдылығы – 56,2 мың тонна) жұмыс істейді. Қоймалардың санын арттыру мақсатында жыл сайын кешенді жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2021 жылы сыйымдылығы 13 мың тоннаны құрайтын 3 қойма («Тараз» ОРЦ – 5 мың тонна, ЖК «Жабатаева» – 3 мың тонна, «Grand Foods» ЖШС – 5 мың тонна) іске қосылған. Биыл да көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы қарқын алған. Қазіргі таңда облысымызда сыйымдылығы 73,7 мың тоннаны құрайтын 4 қойманың құрылысы жүргізілуде. Тараз қаласы мен Меркі, Шу, Қордай аудандарында құрылысы басталған қоймалар 2022-2023 жылдары іске қосылмақ.

Шу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетбаевтан аймақтағы ахуалды сұрағанымызда, бүгінде Бірлік ауылында сыйымдылығы 20 мың тоннаны құрайтын мұздатқышпен қамтылған заманауи үлгідегі көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Ауданда барлығы 40 қойма жұмыс істеуде. Сыйымдылығы – 60 680 тонна. 7 қоймада көкөніс, ал 33 қоймада астық сақтайды. Ал заманауи 20 мың тонналық қойманың құрылысы 2022-2023 жылдарға жоспарланған болатын. Келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Негізі аймағымызда дәнді дақылдар сақтайтын қойма жеткілікті. Көкөніс сақтайтын қоймалар әлі де керек. Алайда қойма соғу ел ойлағандай оңай шаруа емес. Қыруар қаражатты қажет етеді. Сондықтан екінің бірінің қалтасы көтере алмайды. Жер емген диқандар жиын-терін кезінде өнімді бірден сатуға тырысады. Себебі сақтай алмайды. Егер қоймада сақтап, көкөніс өнімдеріне сұраныс артатын қыста немесе көктемнің алғашқы айларында сатса, екі есе пайда табады, – дейді Бақыт Аязұлы.

Бөлім басшысының ойын жамбылдық жеке кәсіпкер Әділбек Бейшекеев те растай түсті. Айтуынша, кәсіпкер осыдан 5-6 жыл бұрын сыйымдылығы 120 000 мың тонналық қойманы 3 миллионнан аса қаржыға салғанын айтады. Ал қазір баға екі есе қымбаттап кеткен көрінеді.

– Әрине, қойма соғу оңай емес. Төбесін кірпішпен қалап, шатырын жаба салатын дүние емес. Өніміңіз қыс бойы бұзылмай, көктемге дейін жақсы сақталып шығуы үшін көп тер төгіп, көп ақша салуға тура келеді. Алдағы уақытта басқа да қойма салғым-ақ келеді. Бірақ барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Негізі өзімнің егін егетін 50 сотық қана жерім бар. Сондықтан қоймада сақтайтын өнімді көбінесе сатып аламын. Сөйтіп, қараша айында қоймаға жинап, көктем айларында сатылымға шығара бастаймын, – дейді кәсіпкер Ә.Бейшекеев.

Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Дариябеков те 1 500 тонналық қойманың құрылысы басталғанын айтты.

– Жеке кәсіпкер Зарина Жұмабекқызы сыйымдылығы 1 500 тонналық көкөніс сақтайтын қойма салу үшін өтініш білдірген болатын. Тиісті құжаттарын дайындап, 2022 жылдың 21 сәуірінде аукцион арқылы тиісті жерін алды. Отбасылық жағдайына байланысты құрылыс жұмыстарын кештетіп бастады. Қойма құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі, – деген Сейілбек Шәкенбайұлы ауданда көкөніс сақтау қоймалары жеткілікті екенін, бүгінде барлығы 21 қойма (сыйымдылығы – 25 550 тонна) жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Талас ауданындағы Бостандық ауылында 1000 тонналық қойманың құрылысы басталыпты.

– Бүгінде Талас ауданында арнайы көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма жоқ. Себебі ауданда орналасқан ірі сауда орталықтарының өздеріне қажетті өнімдерді сақтайтын шағын қоймалары бар. Сонымен қатар Тараз қаласы Қаратау қаласына жақын болғандықтан жеке кәсіпкерлер тікелей «Ауыл береке» базарынан күнделікті жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін сатып алып, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуде.

Дегенмен Бостандық ауылдық округінде орналасқан «Зерхат» шаруа қожалығының басшысы Ержан Мейірбеков биылғы жылдың төртінші тоқсанында 1000 тонналық көкөніс өнімдерін сақтайтын қойманың құрылысын бастады. Жоба құны – 100 миллион теңге. Қойма арнайы талаптарға сай және мұздатқышпен салынады. Құрылысын 2023 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда.

Бұдан бөлек 2024 жылы «Тәжібай Алашбайұлы» шаруа қожалығы 200 тонналық көкөніс сақтау қоймасын салуды жоспарлап отыр, – дейді Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Ал Жамбыл ауданында 43,1 мың шаршы метрді құрайтын 112 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді екен. Мұнда 33 789 тонна өнімді сақтауға болады. Айта кетейік, қойма саны бойынша Жамбыл ауданы көш бастап тұр.

Егін шаруашылығы негізгі тіршілік көзі саналатын Т.Рысқұлов ауданында да көкөніс сақтау қоймалары сақадай сай етілген.

– Аудан бойынша 3 қойма жұмыс істеп тұр. Жекелей айтар болсақ, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің азық-түлік, көкөніс, жеміс сақтауға арналған қоймасы тазаланып, дайын тұр. Қазір қоймада сақтауда тұрған өнім жоқ. Қойманың ішінде тасымалдау жолдарынан бөлек өнім сақтайтын 4 бөлім бар. Әр бөлімнің сыйымдылығы – 1 500 тонна. Қоймаға теміржол тұйығы келіп тұрғандықтан өнімді көлікпен кіргізу мүмкіндігі де қарастырылған. Одан бөлек өнімді артуға арналған конвейер қанағаттанарлық жағдайда. Ауа тазарту құрылғылары жұмыс істейді. Қойма иесі егер өнім сақтауға ниет білдіргендер болса, қойманы іске қосуға мүмкіндігі бар екенін айтуда. «Бидайшы» шаруа қожалығының қоймасында 1 тонна картоп, 500 келі сәбіз, 1 тонна пияз, 20 тонна басқа да (сүт өнімдері, тауық еті, шекер және тағы да басқа) өнімдер сақтаулы тұр. Қойманың сыйымдылығы – 200 тонна. Екі қабатты қойма мұздату жүйесімен, жеделсатымен (лифт) қамтылған. Ал «Ұлы Дала» шаруа қожалығының қоймасы жеке кәсіпкерлерге жалға беріліп, әртүрлі өнімдер сақталуда. Сыйымдылығы – 250 тонна. Сонымен қатар аудандағы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінде шамамен 90-нан аса астық сақтау және 30-дан аса көкөніс, жеміс-жидек сақтау шағын қоймасы бар. Бірақ бұл қоймалар ресми тіркелмеген, – дейді Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев.

Өкінішке қарай, Мойынқұм ауданындағы ахуал мәз емес. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қызыр Елеусізов аймақта қойма жоқ екенін, жеке кәсіпкерлер қойма салуға қызығушылық танытпай отырғанын айтады.

– Ауданымызда егін шаруашылығына қарағанда мал шаруашылығы жақсы дамығаны баршаға мәлім. Егін шаруашылығы арқылы табыс тауып, ырзығын жерден айырып отырған диқандар болғанымен, өзге аудандармен салыстырғанда көп емес. Сондықтан әркім жинаған өнімін өзі сақтайды. Сататынын сатады, – дейді Қызыр Төлешұлы.

Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаты, Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев азық-түлік бағасының қымбаттауына көкөніс сақтайтын қоймалардың тапшылығы да үлкен әсер ететінін жеткізді.

– Бұрын әр ауданда, ауылда қоймалар болатын. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін талан-таражға түсіп, қолы ұзындар болмашы тиын-тебенге сатып алды. Қазір де қоймалардың игілігін көріп отырған бай-бағландар. Қоймасы жоқ диқандар өз-өздерін амалсыздан құрбандыққа шалып жатыр десек те болады. Себебі көктемде егін егіп, ала жаздай маңдайын күнге қақтап жүреді. Күзде егіні, жеміс-жидегі, көкөнісі пісті. Сақтайтын қоймасы жоқ. Не істейді?! Арзан бағаға сатып, ұтылады. Қоймасы бар қалталы азаматтар сатып алады. Сөйтіп, көктемге дейін сақтайды. Әрине, байшыкештерге пайда керек. Күзде арзан бағаға сатып алған өнімін көктемде екі есеге бағаға сатады. Осылайша баға да шарықтап шыға келеді. Сондықтан әр аудан орталығында міндетті түрде үлкен-үлкен қоймалар салынуы қажет. Яғни қымбатшылықтың себебін алыстан іздеудің керегі жоқ. Егер шаруаны сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен, жаңа техникамен қамтамасыз етіп, өнімін сақтайтын қойма салып берсек, азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына тұсау сала алатын едік, – дейді Мамырұлы.

Көз жеткізгеніміздей, көкөніс сақтау қоймаларына байланысты әлі де атқарылатын жұмыс аз емес. Атқарылған жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Аудандарда қоймалардың құрылысы басталып, өткен жылдармен салыстырғанда көп алға ілгерілеушілік байқалады. Енді басталған істің орта жолдан аяқсыз қалмай, соңына дейін жетуін назарда ұстау және мұнымен шектеліп қалмай алдағы уақытта да шаруалардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жұмысты әлі де ширата түскен абзал.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға