Жаңалықтар

Қызылжардан квеструм ашқан кәсіпкерлер

Ойын-сауық бизнесі
Қызылжардан квеструм ашқан кәсіпкерлер
02.02.2017 15:49 14503

Қазіргі таңда ойын-сауық бизнесі жаңа заманға сәйкес жаңа қарқында дамып жатыр. Бүгін біз баяндағалы отырған ойын-сауықтың түрі, яғни квеструмның құрылымы өзгеше. Ол компьютерлік ойындардың өмірдегі шынайы көрінісін ұсынады. «Әрбір ересек адамның ішінде сәби өмір сүреді» деген тәмсіл бар емес пе? Сол сияқты кейде іштей суперқаһарман немесе әккі тыңшы болуды армандайтынымыз бар. Квеструм сол арманды ойын түрінде болса да жүзеге асыруға көмектеседі. Адамдар күнделікті күйбең тірлігін бір сәтке ұмытып, милары әдеттегіден тез жұмыс істеп, «әлемді құтқаруға» кірісіп кетеді.

Өткен жылы осындай ерекше бизнес түрі Петропавлда да ашылды. Ол жергілікті тұрғын Александр Корытин мен оның жұбайы Оксанаға тиесілі. Александр М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді инженер-электрик мамандығы бойынша бітірген. Бизнеспен айналысуды ол көптен армандапты. Қызылжар қаласында түнгі клубтар, кинотеатр және т.б. ойын-сауық орындары жеткілікті болғандықтан, олардан өзгеше бизнес ашуды көздеген екен.

– Біз квестпен әуестеніп, көптеген қалалардағы, тіпті өзге мемлекеттердегі квеструмдарды араладық. Оның жаяу квеструм, энкаунтер сияқты түрлерімен танысып, қызығын көрдік. Содан кейін бұл ойынды Петропавлға әкеліп,  кәсіпке айналдыру туралы ой келді. Бірақ, бұл ойды жүзеге асыруға асықпадық. Алдымен, квеструмның құрылымын түсініп, бизнестің салаларын анықтауға тырыстық. Бизнес нені талап ететініне мән беріп, терең талдауға кірістік. Қандай да бір кәсіпті ашу үшін тек серпіліс пен дүнеиетаным ғана керек емес қой, ол үшін қыруар қаражат қажет. Біз ұсынып отырған бизнес түрінің аспектілерін қоғамның түсініп, ұғынуын күттік. Нақтылап айтқанда, тұрғындар бұл ойын-сауық түрі кәсібін қабылдауға дайын болған жоқ. Бұл бизнестің құрылымы қалыптасқан ойын-сауық бизнесіне қарағанда күрделі, сондықтан, жергілікті халық оны қабылдап, ұғынуы үлкен мәселе болды. Біз қажетті ақпаратты жинап, белгілі бір кезеңді күттік, – дейді Александр Геннадиевич.

Александр мен Оксана ашқан квеструм екі бөлмеден тұрады. Соның бірі – жергілікті халықтың жоғары бағасын алған «Мазар». Бұл бөлмені ерлі-зайыпты Корытиндер Тутанхамонның мазарына ұқсатып салуға тырысқан.

Жасырылған жұмбақтар да аса қиын емес. Сондықтан, петропавлдықтар уақытты көңілді өткізудің жаңа түрін бірден сәнге айналдырған. Екінші бөлме «Химера жобасы» деп аталады. Ол «Мазарға» қарағанда әлдеқайда күрделірек. Себебі, квеструмға келген бір топ адам қауіпті вирус тараған зертханаға тап болады. Сол жерден олар бір сағаттың көлемінде шығуы керек. Ол үшін бөлмелерді аралап жүріп, вирусқа қарсы дәріге нұсқайтын түрлі тапсырмалар мен жұмбақтарды шешуі керек. 

Аталған кәсіпті ашу үшін екі миллионнан астам қаржы жұмсалған. Корытиндер квест ойындарында басты рөл атқаратын тапсырмалар мен жұмбақтардың 80 пайызын өздері ойлап тапқан екен. Ойынға ересектер және 16 жасқа толмаған жеткіншектер ата-анасымен бірге қатыса алады.

«Қызылжар қаласында «квеструм» дами ма, әлде өз кәсібіңізді басқа Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда жетілдіруді қалайсыз ба?» деген сауалға кәсіпкер:

– Қызылжар қаласында квест ойыны дамыған.  2016 жылдың күзіне дейін біздің қалада қандай да бір кәсіпті ашу, оны дамыту қиыншылық туғызатын. Бірақ, кейінірек біздің өңірде жаңа бағытқа, аталған ойын-сауық түрлеріне деген өзгеше көзқарас пайда болды. Біз мемлекет ісіне белсене араласа бастадық, белсенді өмір сүре бастадық. Бізге «бәсекелестерден қорқасыздар ма?» деген сұрақты жиі қояды. Жоқ, керісінше, бізге бәсекелес қажет. Бірақ, бізде әзірше бәсекелес жоқ, сондықтан, бұл мәселені шешкіміз келеді. Өз достарымызды, таныстарымызды аталған ойын-сауық бизнесін дамытуға, жаңа квеструм ашуға үгіттейміз. Егерде, бұл кәсіпке қызыққан адамдар табылса, біз барлық жақтан көмектесуге әзірміз. Өзімізбен көршілес Көкшетау қаласында да квеструм жоқ. Негізінде, Солтүстік Қазақстанда осы бағыт бойынша кәсіпкерлер жоқ, әзірге тек біз ғана. Квест көбінесе халқы көп қалаларда қарқынды дамып келе жатыр, – деп жауап берді.

Петропавлда квеструмның ашылуы ойын-сауық индустриясының дамуына өзіндік серпіліс әкелді десек қателеспеспіз. Алайда, Корытиндер отбасы бұл жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес.

Олар «Мазар» мен «Химера жобасынан» әлдеқайда қызықты тағы бір бөлме ашуға ниеттеніп отыр. Қазіргі таңда сол бөлменің сценарийі жазылып жатыр. Алғашқы екі квестті бизнесмендер өз қаражаттарына жасақтап шықса, үшінші бөлмені ашу үшін олар жеңілдетілген бағдарламалар арқылы мемлекеттің көмегіне жүгініп көрмекші.  Оның үстіне «Мазар» мен «Химера жобасы» квест бөлмелерінің сценарийін франшиза ретінде сатуға да ниеттеніп отыр.

Мәдина Темірғали

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға