Жаңалықтар

Қызылордадағы ескі ғимараттар

Тарихтан сыр шертетін ескі орындары
Қызылордадағы ескі ғимараттар
03.11.2017 18:32 20104

Әр қаланың өзіне тән ерекшеліктері, тарихтан сыр шертетін ескі орындары болады. Сырдың бас шаһарында да ғасырлар бойы сыры кетпеген ғимараттар бар. Өйткені, Қызылорда облыс орталығы ғана емес, үш мемлекеттің астанасы болған қала. VIII ғасырда бұл аймақты оғыздар мекендесе, XII ғасырда мұнда қыпшақ тайпалары бірікті. Сонымен қатар, Ақмешіт шаһары Қазақ автономиялық социалистік республикасының астанасы болды. Қазақ АКСР-інің бас қаласы ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулие ата, Семей қалаларының ішінен таңдау Ақмешітке түскен еді.

Перовск. Ақмешіт. Қызылорда

Үш ғасырда бұл шаһардың атауы үш рет өзгерді. 1820 жылы Ақмешіт бекінісіне келіп, қоқандықтардан жәбір көрген халыққа көмек қолын созған губернатор В.А.Перовскийдің құрметіне орай қаланың аты Перовск деп аталды. Перовск шаһарының ескі ғимараттарын бүгінгі Қызылордадан көре аласыз. Алыстан ат арытып келген меймандарын қарсы алатын вокзалдың өзі 1900-1905 жылдар аралығында Орынбор-Ташкент темір жолы іске қосылғаннан кейін салынған. Қызылорда облысының барлық ауданы темір жолдың бойында орналасқандықтан аудандардағы вокзал құрылысының тарихы сол жылдармен тұспа-тұс келеді. Алғаш тұрғызылған кезде темір жол вокзалы бір қабатты болды.

Кейінннен 1969 жылы үш қабатты жаңа вокзал іске қосылды. Ескі вокзалдың қайта жөндеуден өткен бүгінгі келбетіне қарасаңыз, жаңа ғимарат тәрізді. Вокзал маңындағы 1905 жылы салынған тұрғын үйлер әлі де халықтың игілігіне жарап тұр. Кезінде Перовскідегі қайнаған тіршіліктің белгісі ретінде бүгінгі қаладағы бірнеше көне орындарды айтуға болады. Мәселен, қазіргі уақытта Қызылордадағы көпестерден қалған жалғыз үйдің тарихы 1878 жылдан басталады. Бұл үй инженер әрі генерал Брюноның жобасы бойынша салыныпты. Ертеректе мұнда қыздардың шіркеу училищесі орналасқан. Одан кейін тігін-тоқыма фабрикасы мен баспахана  өз өнімдерін осы жерде шығарды. Ал, қазір бұл ескі ғимаратта заманның қажеттілігіне сай  сауда үйі жұмыс істеп тұр.

Иісі мұсылманның құлшылық жасайтын мекеніне айналған Айтбай мешітінің тарихы да ертеректе. Бұхарадан келген Айтбай Балтабаев есімді көпес 1880-1885 жылдар аралығында осы мешітті салуға бастамашы болған. Мешіт құрылысын жасаған Исқан және Қамал есімді шеберлер Әулиеатадан арнайылап келген екен. Мешітті салу үшін үш жыл уақыт жұмсалған. Кезінде медресесі, әрі кітапханасы қатар жұмыс істеген мешіттің жамағаты күн санап артып келеді. Жергілікті тұрғындар құлшылық орнын «Айтбай мешіті» деп атап кеткен. Бір өкініштісі, ескі сәулет өнерінің туындысы бүгінгі күнге баяғы қалпында жетпеген. Кеңес өкіметі кезінде мешіттің ғимараты облыстық өлкетану мұражайына берілді. Сыртқы келбеті де өзгерген. 1982 жылы Айтбай мешіті тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енді. Алайда, өзгертілген ғимараттың қасбеті ғана сақталғандықтан, мамандар оны тарихи құндылығы жойылған деп бағалады.

1867 жылы Перовск порты қала болғаннан кейін мұнда сапасы мықты 36 ғимарат салынды. Ескі Перовск екі кірпіш зауытымен, екі жел диірменімен, үш монша және төрт шәйханасымен танымал еді. 1904 жылдың өзінде қаладағы ғимараттың саны 2119-ға жетті. Алғашқы дәріханалар мен мектеп, ауруханалар да сол кездері ашылды. Бүгінде ескі орындардың біршамасының қаңқасы ғана қалған. Дегенмен, қаз-қалпында сақталғандары да бар.

Перовский кезеңінен қалған ғимараттардың бірі – Перовск Қазан Богородтық шіркеуі. 300-ге жуық адамға ыңғайлап салынған ғибадат орнына келушілерінің дені Сыр жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдері болды. Әлі де солай. Қызылордадағы ескі ғимараттардың қатарын толықтырып тұрған бұл нысан 1890-1895 жылдары желгілікті құрылысшы Есаков пен инженер Калининнің жобасы бойынша  жасалған. Кеңестік билік дәуірінде 1982 жылға дейін бұл ғимаратта тарихи-өлкетану мұражайы жұмыс істеді. Сол жылдары музей жұмысы аймақ тарихы мен табиғатын зерттеумен байланысты болды. 1989 жылғы мамырдан бастап ескі ғимарат православтық орыс шіркеуі ретінде берілді.

1953 жылы тарихи-өлкетану мұражайының қазіргі ғимараты салынды. Мұражай қорында 55 мыңнан астам мұра сақталып келеді. Сыр өңірінің өткен тарихынан және бүгінінінен хабар беретін мұражайдың жанында көркемсурет көрмесі мен «Ақмешіт» музейі бар. Қылқалам шеберлеріне арналған шығармашылық бөлмелерінде желгілікті суретшілер талантын шыңдауы үшін сурет салуға мүмкіндік жасалған.

Тарихты парақтасақ, бұл маңнан зиялылардың іздерін көреміз. Сәкен Сейфуллин Қызылорда халық ағарту институтын басқарды. Сыр топырағы тұлғаның шабытына шабыт қосқан қала болды. Әйгілі «Көкшетау» поэмасының соңғы тармақтары осы шаһарда жазылған еді. Қазақтың мұңын жоқтаған Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешуі» Қызылордадағы жұмыс үстелінде аяқталған еді. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің шығармалары да осында жарық көрді. Ақмешіт астана болған сәтте Орынбордан Сыр бойына арнайы аялдаған пойызда автономиялық республиканың көшбасшылары – С.Меңдешов, Н.Нұрмақов, С.Мұқанов, Ә.Қашаубаев сынды тұлғалар болды.  Сырдың бас шаһарының әрбір бұрышы тарих. Өйткені, мұнда қазақ ұлтының ел болып қалыптасуының бір кезеңі жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға