Жаңалықтар

Қызылорда туралы сіз білмейтін 20 дерек

Қызылорданың байырғы атауы – Қамысқала
Қызылорда туралы сіз білмейтін 20 дерек
26.04.2017 10:06 56187

Қызылорда – Алаштың анасы атанған киелі мекен. Ақмешіттің топырағында қазақ зиялыларының ізі қалған. Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Асқар Тоқмағанбетовтың шығармалары Қызылордада жарық көрді.



Қызылорданың байырғы атауы – Қамысқала. Қаланың негізі 1817 жылы Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығы салған Ақмешіт бекінісі болып қаланды.

Қызылорда аумағында ертеден қалған тарихи қорғандардың орындары көп. Ордакент, Сығанақ қалалары, Жалпақасар, Жетіасар, Құмқала, Шірік-Рабат асарларын құнды жәдігерлердің бірегейі десек те болады.

1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезінің ашылуы өтті. Бес күнге созылған съездің мақсаты – «қырғыз» халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру еді. Күллі қазақтың V съезі Кеңестердің «киргиз» деп келген атауын «қазақ» деп өзгертуге қаулы қабылдатты. Сонымен бірге, «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге шешім шығарған еді.

Қазақ АКСР-інің астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қазақ радиосы өз хабарларын тұрақты түрде беріп тұрды.

Тұңғыш қазақ драма театрының шымылдығы Қызылордада түрілді. Қазақтың тұңғыш ұлттық театры Қызылордадағы орыс театрымен бір ғимаратта жұмыс істеді.

Қызылордадан атақты инженерлер, күрішшілер шыққан. Сырдың Балдырған Мұстапаева, Балапан Арзымбетова, Бексұлу Синаева, Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаева, Нәзира Сейсенова есімді күрішші қыздары да дала еңбегінің ардақтылары.

Қазақтың алғашқы ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған.

Қызылорда қаласында жерасты мешіті болған. Ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген ғибадатханада тұрғындар асыл дінімізді ұстануға қысым жасалған замандарда жасырын түрде құлшылық еткен көрінеді.

Сыр еліне қонаққа келген шетелдіктер Қорқыт ата кешеніне аялдамай қайтпайды. Әсіресе, түрік бауырлар мұнда жиі келіп тұрады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының Сыр бойына қоныс аударуы негізінде Қызылорда педагогикалық институты болып ашылған.

Қызылорданың жазы 45 °С ыстық болса, қыстағы суықтың температурасы сонша төмен болуы мүмкін. Бұл аймақтың климаты қатаң континенталды болып келеді.

Қызылорда – заманауи үлгідегі тұрғын үйлер көптеп салынып жатқан қала.

Сыр бойын күрішсіз елестету мүмкін емес. Өңіріміздің бренді – «Ақ маржан» күрішін танымал «Nestle» компаниясы өз өнімдеріне пайдалануды жоспарлап отыр екен. Жалпы күріш жинау науқаны аяқталған сәт қызылордалықтар үшін үлкен мереке. Берекелі күзде бұл шаһардан сабантой, жәрмеңкелердің түр-түрін көруге болады.

Арал балығы бүгінде Еуропа елдеріне экспортталады. Аралды тілге тиек еткенде «Аралтұз» жайлы айтпай кетуге болмас. Қызылорда аймағында орналасқан тұз өндіру зауытының 90 жылдан астам тарихы бар. Былтырғы жылдың өзінде тұз өндіру зауыты 147,4 мың тонна ас тұзын шығарды.

Қызылорда халқының 95%-ы қазақ тілінде сөйлейді. Бұл өңірді мекен еткен әрбір өзге ұлт өкілінің қарым-қатынас тілі – қазақ тілі.

Қызылордада өткен ғасырдың ортасында целлюлоза-картон зауыты жұмыс істеген.

Қызылорда аймағында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағы экватор жазығына жақын орналасқан.

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы «Жаңақорған» шипайжайы алыс-жақын шетелдерге жақсы танылған. Жаңақор­ған­ның балшығы  жер бетінде сирек кездеседі. Шипа­лы қа­сиеті өз алдына бөлек әңгіме. Шипажай аумағынан 1988 жылы табылған минералды судың құра­мы Кавказ­дағы әлемге әйгілі Железноводск қаласындағы мине­ралды судың құрамымен бірдей екені анықталған. Шипажайдың негізгі емдік қоры – Теріскен көлінің балшығы мен тұзды суы.  

Сырдария өзенінің сол жағалауына Қызылорданың екінші бөлігі салынады деп жоспарланған. Қаланың архитектурасы бойынша жаңа қала ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ғимараттардан тұратын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға