Жаңалықтар

Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға қалай әсер етеді?

Сырты ескі болғанымен, іші құндылыққа толы туындылардың мұқабаларын жаңарту қажет
Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға қалай әсер етеді?
Фото: El.kz 08.09.2022 15:17 6113

Кез келген адамның кітап оқуға деген ниеті болады. Алайда жанрлардан шатасып, өзіне жақын шығарма жинағын таба алмағандықтан қолдарын бір сілтеп жатады. Кітап оқуға деген құлшынысты ояту оңай да, бірақ көңіліңнен шығатынын табу қиын. Көрсеткіштер бойынша жастар психологиялық кітаптарды оқуға ынтызар. Алға қарай ұмтылу, дұрыс мақсат қоя білу, уақытты пайдалы өткізу сынды мотивациялық жанрдағы кітаптар сөрелерден бірінші кезекте таусылып жатады. Айта кететіні барлығы дерлік шетелдік туындалар. Бұл ретте санада: «Қазақстандық мотивациялық кітаптар дәрменсіз бе, әлде шетел авторларын оқу тренд пе?» деген сұрақтар туындайды.  

Адам психологиясына үңілсек оны баурап алу оп-оңай. Мысалға, қарапайым фильм таңдау барысында біз афишасына мән беріп, сол арқылы таңдау жасаймыз. Кітап та дәл солай. Сыртқы мұқабасы қаншалықты қызықты болса, оқырманы да соған сай болатыны анық. Киноның трейлерін алдын ала көру арқылы толық нұсқасынан сол үзінділерді асыға күтсек, кітаптың сыртынан көрген суретті ішіндегі сюжеттен іздейміз. Осы ретте қазақтың ұлы жазушылардың шығармалары мен шетелдік кітаптардың мұқабаларын салыстырып көруге болады. 

Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға қалай әсер етеді?

Жастар кітапты қажет етпейді, тек онлайн нұсқада тыңдап, қысқаша біліп қана қояды деп  тұспалдау дұрыс емес. Қазір дамыған елдердің барлығында дерлік қағаз кітаптардың жаңа «шарықтау кезеңі» басталып келеді. Бүгіннің тілімен айтқанда «эстетикаға» айналды.  Сол эстетикаға қазақ авторларының туындылары кірмейді ме? Осы сынды сұрақтарға Абай атындағы әмбебап кітапханасының дамыту бөлімінің басшысы Бахолдина Майгүл өз пікірін білдірді.

- Жасыратыны жоқ осыдан 7-8 жыл бұрын біздің елімізде  өмірде өзін жеке тұлға ретінде дамытуға, сананы өзгертуге, бизнес ашамын дегенге жол сілтер қазақ тіліндегі отандық авторлардың мотивацияға толы кітаптары болмады. Сол уақытта жастар шетелдік авторларды оқып, бүгінде бауыр қарындастарына солардың кітаптарын ұсынып жатады. Ал қазіргі уақытта қазақтың мотиваторлары жетерлік. Мысалға, Қуаныш Шоңбай, Кәмшат Бекжігітова, Елдана Ерқасым, Бақытжан Бұқарбай, Нәзила Слямқызы.  Қуантатыны бүгінде оқырмандарымыз арасында аталған авторлардың кітаптары өте жоғары сұранысқа ие. Тіпті кезекке тұрып алып жатады. Дегенмен де шетелдік психологиялық кітаптарға да сұраныс қалысар емес.

Ал қазақтың ұлы жазушыларының шығармаларының ішінде мен мотиватор ретінде Абай Құнанбайұлының қара сөздерін ұсынар едім. Иа, кейбірі ескі деген пікірде болуы мүмкін. Бірақ оның бір қара сөзі, бүгіннің авторларының бір кітабына татиды. Қысқа, нұсқа, түсінікті. Алайда жастар арасында бұл жинаққа сұраныс бар деп айта алмаймын.

- Оқырмандардың көпшілігі отандық туындыларды сырты ескінің, іші ескі деген оймен оларды алуға құлшынбайды екен. Авторларға кітаптарының сыртқы мұқабасымен әлі де жұмыс жасау керек тәрізді.

- Осы пікірге қосыламын. Өйткені Ұлы ақындар мен класиктарының кітаптарының мұқабалары бір түсті болып келеді. Көк, қоңыр және шығарманың атауы. Бұрынның ғана емес қазіргі кітаптардың да сыртқы мұқабалары асып түсіп жатқан жоқ. Өзіңіз айтқандай сюжеттен бір сурет немесе керемет бір цитатаны сыртқа шығарса қызығушлық артар еді . Міндетті түрде заман талабына сай әрлеу керек сияқты. Қызықтыратын элементтер қосу керек.

Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға қалай әсер етеді?

- Кітапханадан кітап алып оқитын жастар көбейіп барады ма әлде керісінше азаюда ма?

- Иа, телефонға үңілген жастарды көріп, қоғамда оларды кітап оқымайды деген көзқарас қалыптасқан. Оған қоса, кітапханашымын десең «қазір кітап оқитындар бар ма не, сіздерге жақсы кітап оқып отыратын шығарсыздар»  деген сұрақтар қояды. Қоғамның кітапхана мен кітапханашы туралы ойлары бұрыңғы 90 жылдармен қалып қойған. Ал қазір кітапхана дегеніміз – үлкен ақпараттық орталық. Мұнда түрлі жағдай да жасалған. Ашығына келгенде қазір кітапхананың бос тұратын күні жоқ. Келушілердің саны артпаса, кемімейді. Мұны көрген біздердің көзіміз қуанады.

- Кітап таңдағанда сыртқы мұқабасы таңдауға әсер етеді ме?

- Әрине, кітап атауының мазмұндылығы мен мұқабасы әрдайым бірінші кезекте. Егер алдымызда  атауы елең еткізер, сырты әдемі безендіріліп көмкерілген кітап тұрса 100 пайыз адамның көзі жанындағы қоңыр тартқан кітаптан қарағанда жайнаған туындыға түседі.

- Әлеуметтік желілерден шығарманың қысқаша нұсқасын көріп, тыңдау дұрыс па?

- Онлайн форматты мен де қолдаймын. Уақыттың тығыздылығын ескерсек бұл өте тиімді гаджет. Басқа жұмысыңды бітіріп отырып-ақ ой санаңды дамыта аласың. Дегенмен қазіргі жарық көріп жатқан кітаптар қалың емес жеңіл оқылады. Қолға кітап ұстап, парақтап, иісін сезіп оқығанға ештене тең келмейді.

Кітаптың сыртқы мұқабасы оқырманға қалай әсер етеді?


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға