Жаңалықтар

Кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға артады

Кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға артады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 14.08.2023 13:40 2841

Кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға өседі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова AMANAT партиясы өткізген брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, 2021 жылдан бері еліміздегі кітапханашылардың жалақысы 20-30 пайызға көтерілген. Бірақ жыл сайын мәдениет саласындағы кітапханашылардың айлық жалақысы көтерілген кезде білім саласындағы кітапханашылар тысқары қалып қояды екен.

Қазіргі таңда мәдениет және архив, сондай-ақ білім саласындағы кітапхана қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеру 2027 жылға дейін жоспарланған. Алдағы 3 жылда 6200-ден астам кітапханашыға тапшылық туындайтынын бізге үкімет мәлімдеген болатын. Кітапхана мамандығының алдағы уақытта тапшылығын сезіне отырып 30 пайызға дейін білім грантын көбейту мәселесін қойдық. Бұл мәселе биылғы оқу гранттарын бөлген кезде шешілді. Сондай-ақ кітапханашылардың айлық жалақысын мектептегі мұғалімдердің мәртебесіне сәйкес көтерілген айлық жалақымен теңестіру мәселесін ұсынып отырмыз, - деді депутат.  

Осы тұста депутат маман тапшылығын шешу бойынша жаңа педагог кітапханашы маманы пайда болатынын атап өтті.

ІТ мамандарын да кітапхана саласына баулу мәселесі мен жаратылыстану мұғалімдерін де кітапханашы ретінде баулу және осы негізде қосымша сағаттар беру мәселесін қарастырғымыз келеді. Мұндай тәжірибе басқа мемлекеттерде де бар. Педагог-кітапханашы деген жаңа мамандық ашу көзделіп отыр. Бұл мәселені министрлікпен бірге қарастырып жатырмыз, - деді депутат.

Кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға артады

Білім саласындағы академиялық кітапхана басшысы Әлия Шоратқызының айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарына қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 25 жыл еңбек өтілімен 130 мың теңге алады, ал қолына 110 мың теңге алады. Ең төменгі айлық – 85 мың теңге.

Бүгінгі таңда елімізде кітапхана саласында 8300 кітапханашы қызмет атқарады. Оның 5900-і жоғары білімді мамандар, ал қалғаны орта білімді. Жалақы өте төмен. 2016 жылдан бері маман тапшылығы сезіледі. Мектеп кітапханаларында көбіне зейнет жасындағы кітапханашылар жұмыс істейді. Мектеп кітапханашыларының айлығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапханашылардың айлығынан 50-60 мың теңгеге төмен, - деді Әлия Шоратқызы.

Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев қазіргі таңда республикалық деңгейде ең төменгі жалақы кітапхашылардың жалақысы екенін атап өтті. Орта есеппен 125 мың теңге, ал басшылардыкі 214 мың теңгенің айналасында.  

Кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға артады

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы елордадағы бас кітапхана қызметкерлерінің жалақысын да атап өтті.

Елордадағы басты кітапхана Ұлттық академиялық кітапханада 25 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашылардың жалақысы 172 мың теңге. Бұл басшылардың блогы. Бізде С блок бар. Ол жердегі қызметкерлердің жалақысы 94 мың теңге, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға