Кітап оқу адамға қандай пайда әкеледі?!
Ағылшын философы Франсис Бэкон: «Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі» деген болатын. Ұрпақтар сабақтастығын үзбейтін құндылығымыз – кітап екені баршамызға белгілі. Ол – сізді ешқашанда жалғыз қалдырмайтын, жабықсаңыз, ақылын айтатын ең шынайы досыңыз. Іздегеніңізді кітаптан тауып, ренішіңізді кітап оқығанда ғана баса аласыз. Сізге тек жақсылық тілейтін тілекшіңіз де – кітап. Кітапты неғұрлым көп оқыған сайын, біліміңіз артып, ақылыңыз одан ары толыса түсетіні баршамызға мәлім. Десек те осыны біле тұра бүгінде кітаппен жақын дос болмауымыз көңілге реніш ұялатады. Кітап оқу – өнер. Ол, ең алдымен, төзімділікке баулиды. Одан соң қиялыңызды ұштап ой-өрісіңізді кеңейтеді, сөйлеу мәдениетіңізді дамытады. Сонымен қатар шығармашылыққа баулиды. Кітап оқуды – бос уақытты өткізу десеңіз, қателескеніңіз. Біліміңізді арттыру үшін бос уақытты күтпейтініңіз рас, ендеше кітап оқу да дәл солай. Арнайы бос уақыт күтпеңіз, тек уақытыңыздың бір бөлігін арнасаңыз болғаны.
Кітап оқымаған, я оқығысы келмейтін өзінің арғы-бергі тарихынан мүлдем бейхабар жан. Ондай адамдар еліміздің еңселі болып қалыптасуында өз зиянын тигізуі әбден мүмкін. Өйткені кітап – біздің ұлттық құндылығымыз. Ұлттық құндылығымызды қасиетіне жетпеген әрбір жан ертең ұлтымыздың жанашыры болмақ түгілі, өз ұлтын ұмытатын болады. Кітаптан алар мәліметті интернеттен қарағанда әлдеқайда жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда, компьютердің кереметтері кітаптың орнын ешқашанда баса алмайды.
«Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деп Л.Н. Толстой айтқандай, кітап – үлкен әңгіме шебері. Кейбір қиындықтарда сізге үлкен кісінің айтар ақылы қажет болады. Ал кітап сізге сол ақылды шебер әңгімемен өнеге қылып ұсынады. Кітапты әңгіменің шебері ғана деп ойламаңыз, бар ғылым-білім кітапта тұнып жатыр. Сізге қызық әлемнің кереметтерін интернеттен қарағаннан гөрі, кітаптан оқысаңыз әлдеқайда есіңізде жақсы қалады. «Мәдениетті адам болып тәрбиеленуге екі құдіретті күш әсер етеді – көркем өнер мен ғылым. Бұл екеуіне де кітап бетінен дидарласасың» – деп ой түйеді М. Горкий. Өркениетті елдер қатарына қосылуда, еліміздің әрбір перзенті сауатты болуға міндетті. Ал сауатты болу үшін кітаппен дос болуымыз үлкен септігін тигізері хақ. Жоғарыда мәдениеттіліктің кілті кітапта екенін айтқан М. Горкий минутына төрт мың сөз оқыған екен деседі. Ал атақты жазушы, кітаптанушы Н.А. Рубакин өмірінде екі жүз елу мың кітап оқып шыққан, танымал француз жазушысы Бальзак жарты сағаттың ішінде екі жүз беттік романды оқып шығатын болған деген деректер бар. Кітап оқуды жылдамдыққа салып оқудан бұрын, оны түсініп, түйсініп оқығаныңыз абзал.
Кітап адамды ізгілік пен ізеттілікке, адамгершілікке баулиды, теріс ойдан, жан баласына жат қылықтардан ада қылады. Кітапты жаныңызға серік етсеңіз, бұл өмірде ұтылғаннан гөрі ұтатын жақтарыңыз көп боларына сенімім мол.